Ардагерлер сахнада ән салды

Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің қатысуымен 25 қазанда «Көкшетау» мәдениет сарайында «Ардагерлер – асыл қазына» атты облыстық көркемөнерпаздар фестивалінің гала-концерті өтті. Фестивальды өткізудегі мақсат – соғыс және еңбек ардагерлерінің хор ұжымдарының өнерін насихаттау, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, халық шығармашылығын жетілдіру болып табылады. 

«Көкшетау» мәдениет сарайының сахнасында облыстағы барлық аудандардың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Жапырағын жайған бәйтеректей айналаға жүрек жылуын шашып жүрген ардагерлерден құралған хор ұжымдары зор қошеметпен сахна төріне шақырылды. Ардагерлер хорының репертуары да бай. Майдан даласындағы ерлік, Отан қорғау тақырыбындағы мазмұны терең туындылармен қатар, халық әндері де бар. Фестивальға қатысушылардың әрқайсысы табиғатынан дарынды ғана емес, сонымен бірге қайсарлықтың да символына айналғандай. Шараға жиналған көрермен қауымның олардың өнеріне тәнті болғанын жанарларына ұялаған сүйіспеншіліктен айқын аңғаруға болады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, аталмыш фестивальға қатысушылардың қатары жыл санап ұлғайып келеді. Шығармашылықтары да шыңдала түсуде. Концерт барысында ардагерлер хоры көрермен алдында сұрапыл соғыс жылдарындағы халықтың, жауынгерлердің көңіл-күйін айқын суреттейтін бояуы қанық әндер мен халық шығармашылығынан алынған туындыларды орындады. Қазақ жүрегінің жырына айналған «Атамекен» әнін барша көрермен қосыла шырқады.
Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин аға ұрпақ өкілдерінің өнерлеріне алғысын білдіріп, аталған фестиваль аға буын өкілдерінің өнерлерін шыңдап, жігерлерін қайрап келеді. Ақ шашты ата-әжелеріміздің арқасында жас ұрпақ бейбітшілікте өмір сүруде. Көпжылдық баға жетпес еңбектеріңіз бен тәжірибелеріңіз, мейірімділік пен даналықтарыңыз үшін алғысын айтты құттықтау сөзінде. Бүгінде облыста 110 мың зейнеткер, 95 Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 6 мың тыл еңбеккері өмір сүруде. Қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығында жергілікті бюджеттен 5 мыңнан аса зейнеткерге бірреттік материалдық көмек көрсетілді. Жалпы, облыс бойынша 65 мың аға ұрпақ өкілдеріне 320 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Соғыс ардагерлері мен мүгедектер коммуналдық төлемнен толық босатылды. Бүгінгі күні 5 мыңға жуық адам әлеуметтік көмекпен қамтылған. Өңірдегі 10 интернаттың 6-уы қарт адамдарға арналған. Сондай-ақ, үйде әлеуметтік көмек көрсететін 26 бөлімше жұмыс істейді. Бұл күні өңір басшысы шығармашылық ұжым жеңімпаздарына 50, 150, 200, 300 мың теңгенің сертификаттарын табыс етті. Ақшалай жүлдеге ие болғандардың қатарында көкшетаулық «Сударушка» ансамблі де бар. Бірінші орынды Бурабай ауданынан келген ардагерлер хоры олжалады. Фестиваль соңында барша ардагерлерге облыс әкімінің атынан гүлдер табыс етілді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий