Ардақтысын еске алды

22 маусым мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбековтің туған күні. Халқына қалтқысыз қызмет еткен ел ардақтысы бұл күні 91 жасқа толар еді. Осы датаға байланысты Көкшетауда ол тұрған Сәтбаев көшесіндегі 15 үй жанында митинг өтті. Оған қала әкімі Бауыржан Ғайса қатысып, сөз сөйледі.

Алдымен қайраткер тұлғаны еске алуға 1 минут үнсіздік жарияланды. Одан соң қала әкімі Б.Ғайса мен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ш.Әлиев бастап, облыстық ардагерлер кеңесі, А.Мырзахметов атындағы университет ұжымдарынан, жеке адамдардан ескерткіш тақта қадалған үй жанына гүл шоқтары қойылды. Мінберден Б.Ғайса Еркін Әуелбековтің өмір жолы, ел үшін атқарған ұлан — ғайыр істері, сіңірген еңбегіне тоқталды. – Елі барда Еркін Әуелбековтей ерлер ұмытылмақ емес! – деп аяқтады сөзін әкім.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғ.Төлеғұл халықтың оның еңбегін бағалап, құрмет тұтуының, шексіз махаббатының белгісі Көкшетауда оған қойылар ескерткіш болатынын айтты. Көкшетау қаласының құрметті азаматы А.Мусин оның іскерлігі, еңбекқорлығы, алғырлығы мен тегеурінін еске алды. Ақмола облыс-
тық ауылшаруашылығы басқармасы ардагерлер ұйымының төрағасы А.Нұрғасымов пен Кеңестік кезеңде Келлер аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Г.Лазоренколар марқұмның ұстанымы тәртіп, шындық, әділдік, адалдық болғанын тебіреніспен жеткізді.
«Еркін Әуелбеков қоры» қоғамдық қорының төрағасы О.Нұртазин қордың құрылғанына небәрі бір жыл үш ай уақыт өтсе де тез қорланып, аяғына тұрып жатқанынан хабардар етті. Қызылордалықтар сөйлесіп, Ерекеңе ескерткіш тек Көкшетаудікі емес, бүкіл Қазақстандікі, бізге де қор филиалын ашып, қолдауға рұқсат етіңіз деп, қызу кіріскенін, Алматыдан бір студенттің «Мен Әуелбеков туралы ғаламтордан оқып-білдім. Ондай азаматтың ескерткішіне стипендиямнан 5 мың жіберуіме бола ма», дегенін айта келіп, сөзін «Келесі жылы Ерекеңнің 92 жылдығын оның еңселі ескерткіші жанында еске алайық» деп аяқтады. Сөз арасында Ғ.Төлеғұл бүгін ғана торғайлықтардың да қаражат жинауға жұмылғандығы туралы мәлім еткен-ді. Кәсіпкер, ел ағаларының бірі Сағындық Кенжетаев өзінің ескерткішке бір миллион теңге атағанын, оның бес жүз мыңын аударып қойғанын, келесі бөлегін жақында қосатынын айтты. Ел ішінде осылай ортақ іске елеулі қаражат қосушылар әлі де табылар.
Елін, халқын жақсылыққа жұмылдырып, өрелі істер атқарған, талайға қол ұшын беріп, тәрбиелеп, үлкен маман, елеулі тұлға еткен, адалдық пен әділдік жолынан таймаған табанды қайраткер, біртуар қайсар азамат туралы жиналған жұрттың қай-қайсысы болмасын айтуға дайын. Ең ғажабы бәрі де еш бұрмасыз, шын жүректен, ақ ниетпен ақтарылады. Бұл Ерекеңдей асыл ердің жұлдызының жанғаны, еңбегінің қайтқаны емес пе? Халық ат үстінде өткен адал ұлдарын ешқашан ұмытпақ емес.

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий