Арзан тауар – ай сайын ұсынылмақ

Өткен сенбі күні қалалық әкімшіліктің ұйымдастыруымен, жергілікті өнім өндірушілердің қатысуымен азық-түлік жәрмеңкесі болып өтті. Тұрғындар басқа сауда орындарындағыдан 15 пайызға арзанырақ тауарлар сатып алып, мұндай тиімді жәрмеңкенің алдағы уақытта ай сайын болып тұратынын естіп, қуанысып тарқасты. Жәрмеңкені қала әкімі Е.Маржықпаев арнайы барып көріп, оны жетілдіре түсу жөнінде мамандарға тапсырма берді.

Қаланың ауыл шаруашылығы институты маңында, Тәшенов көшесі 129 «Б» мекенжайында орналасқан «Восточный» базары бұл күні әдеттегіден ерте «оянып» көңілді әуен алыстан естіліп, «мен мұндалаған». Тай қазаннан таң атпай таратылған тегін палау да келушілер көңілін көтере түскен-ді. Бұл жолғы шараға 32 кәсіпорын қатынасса оның 26-сы қаладан. Қалғаны Атбасар, Бурабай, Зеренді, Біржан сал, Сандықтау аудандарынан екен. Мақсат – тұрғындардың ауқымды жәрмеңкелерді тым көп күтіп қалуын болдырмай, тұрмыс-тіршілігіне жеңілдік туғызу. Ықшам, шағын жәрмеңкелердің кәдімгідей көмек екені даусыз. Мәселен, осы жолғы сөреге қойылған тауар бағасы күнделік сатылымдағы тауарлардан 15 пайызға арзан. Тұрғындар әсіресе, етті тиімді бағамен алғандарына ризашылық білдіріп жатты. Сауда алаңы кең, таза. Сатушылар да талапқа сай киініп, сауданы мәдениетті түрде қыздырып жатты. Расында да осынау жәрмеңкенің болашақта құлашын кеңге жаярына көңіл сенгендей.
– Бұл жәрмеңкенің ерекшелігі жергілікті өнім өндірушілердің белсенділігін арттыру, сондай-ақ, тұрғындарға әрі арзан, әрі сапалы азық-түлік ұсыну. Осындай шараны ай сайын ұйымдастырып тұрсақ, сұранысты байыптаған өнім өндірушілер де ширай түспек, – дейді Көкшетау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы А. Подгурский.

С.Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий