Армия генералы Мұхтар Алтынбаев

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылғы 7 мамырдағы Жарлығымен Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Егемен мемлекетіміздің тарихындағы айтулы осы оқиғаға биыл 25 жыл толады. Бүгінгі таңда Қарулы Күштеріміз осызаманғы қару-жарақтың барлық түрімен жарақтандырылған. Әскери мамандардың толық көлемде білім алуына да қамқорлық жасалған. Кең-байтақ республикамыздың барлық өңірлерінде де жастарды аға ұрпақтың жауынгерлік, ерлік және еңбек дәстүрлеріне тәрбиелеу, олардың бойына отаншылдық патриотизм сенімін қалыптастыру жұмыстары да пәрменділікпен жүргізілуде. Отанымыздың қуатты қалқаны саналатын өз әскеріміздің құрылуына ширек ғасыр толуына орай «Қарулы Күштерге – 25 жыл» айдарын ашып отырмыз.

Жас мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен қорғанысы кезек күттірмейтін міндеттердің бірі болып, оны жүзеге асыратын білікті мамандар қажеттігіне де Елбасы айрықша маңыз беріп, өткен ғасырдың 90-шы жылдардың бірінші жартысында елімізден тысқары жерде әртүрлі лауазымда жүрген біздің азаматтарымыздың елге келуіне тиянақты қамқорлық жасады. Туған халқыма туған жерімде қызмет етсем деп Қазақстанға бет түзеген азаматтардың алғашқы тобында әскери-ұшқыш, генерал Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев та болды. Ол әскери ұшқыш, тәжірибелі басшы, ұйымдастырушы ретінде кемеліне келіп, толысқан шағында өз туған жеріне, еліне келіп, Елбасының үлкен сенімінен шығып, әуе шабуылына қарсы қорғаныс корпусының командирінен мемлекетіміздің Қорғаныс министріне дейінгі лауазымды қызметтерді атқарды. Елбасы Мұхтар Қапашұлына зор сенім көрсетумен қатар оған айрықша қамқорлық жасап, патриоттық еңбегін жоғары бағалап, еліміздің ең жоғарғы Халық қаһарманы атағын берді.

Мұхтар Алтынбаев Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі ретінде Кеңес Одағының Батыры, Сағадат Нұрмағамбетовтың жақсы дәстүрін жалғастырып, жас мемлекетіміздің Қарулы Күштерін реформалап, жаңа талаптарға сай ұйымдастыру шараларын жүзеге асырды. Әсіресе, маман офицерлер құрамын ұлттық кадрлармен жасақтау жұмысын қолға алды. Елімізде жаңа буындағы реактивті самолеттерде ұшатын әскери ұшқыштар даярлауға маңыз берілді. Бір жылда таңдаулы деген он алты қазақ жігіті Ресейдің әскери ұшқыштар әзірлейтін жоғары оқу орындарына жіберілді. Сол дәстүр бүгін де жалғастырылып келеді. Еліміздің бейбіт тіршілігін, әуе қауіпсіздігін күзетіп, мерекелік шерулерде алмас қанаттарын жарқылдатып, көк аспанда ғажайып өнер көрсетіп жүрген шебер ұшқыштар солар екенін қалайша мақтан етпеске. «Кеңес Одағын да, оның Қарулы Күштерін де түсініп болмайтын бей-берекетшілік жайлай бастаған тұста Түркіменстанда қызметте едім, – деп бастады Мұхтар Алтынбаев. – Тарихтың шыр айналып тұрған тасына ел тағдыры түсті. Кеңес Одағының құрамында болған он бес республиканың абдырап та, аңтарылып қалған өліара тұсы еді бұл. Прибалтика мемлекеттері бәрінен де іргелерін бірден аулақ салып шыға келсе, Грузия мен Әзербайжанда бейбіт шеруге шыққандардың қаны төгілді. Таулы Қарабақ жанжалы басталды. Осы сәтте ертеңгі күніміз қалай болар екен деген ой мазалағаны рас еді».
Генерал Мұхтар Алтынбаев артқа шегініс жасап, Қазақстан тәуелсіздігін енді ғана алған жылдарды былайша еске алады: «Өткенге көз жіберсек, 1992 жылғы 7 мамырда Елбасымыз «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Дәл сол кезеңде әскери салада тез арада шешілуі тиіс түйткілді мәселелер жетіп артылатын. Әскерлерімізді ыдыраған КСРО құрамынан алып, Қазақстанның заңды құзыретіне көшіру жағдайында қару-жарақтың, әскери техниканың, материалдық құралдар мен базалардың сақталуын қамтамасыз ету міндеті өткір мәселе күйінде тұрды. Бұл ретте әскерлердің жауынгерлік деңгейін төмендетуге де жол бермеу керек болды. Дербес әскери құрылыс тәжірибеміздің болмауына, өтпелі кезеңнің қиындықтарына қарамастан, Жоғарғы Бас қолбасшының тікелей басшылығымен біз қысқа мерзім ішінде Қарулы Күштерімізді құра алдық. Ол тәуелсіздік жылнамасына жазылған тарихи ақиқат». Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сырт мемлекеттермен, әсіресе, Ресеймен әскери мәселелер жайлы келіссөздер жүргізу оңай болған жоқ. Оның бірнеше себептері болды. Біріншіден, бұрынғы Кеңес Одағының қорғаныс саласы ресейліктер басымдығымен болғаны белгілі. Екіншіден, Қазақстан жеріндегі барлық әскерилер тек Мәскеуге бағынатын. Үшіншіден, басқарушы командирлердің басым көпшілігі – басқа ұлттар өкілі. Осы, тағы басқа қиындықтарды еңсеру оңайға түспегені белгілі. Сондай-ақ, бұрын түгелдей Мәскеудің бағыныштылығында болған әскери бөлімшелер, құрылымдар, оқу орындары, қару-жарақ, басқа да техникалық жабдықтарды, әскери-саяси тәртіп, тәрбие мәселелерін өз ұлтымыз бен мемлекетіміздің талап-тілектеріне сай қалыптастыру оңай жұмыс болмағаны белгілі. «Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің алғашқы Жарлықтарының бірімен Семей ядролық сынақ полигонын жауып, еліміз жойқын күші бар ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Семей полигонының жабылуымен ядролық қарусыз әлем құру жолындағы жаһандық процестің жаңа кезеңі басталды. Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Елбасының және Қазақстанның осы саладағы күш-жігері мен табанды бастамаларын құрмет тұтады», – дейді Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Алтынбаев. 1994-1996 жылдары Қазақстанның әскери-әуе күштерінің бас қолбасшысы бола жүріп Мұхтар Алтынбаев өз бойына біткен қайсарлығы мен табандылығының арқасында талай бір өткір мәселені шешуде батыл қимыл танытқан сәттері де аз болған жоқ. Бойына біткен өжеттілігінің де пайдасы тиді. Кешегі Кеңес Одағының әскери дүние-мүлкі мен қару-жарағын бөлуге келгенде өздерін бар дүниенің басты мұрагері санаған Ресей әскерилері сараңдық таныта бастаған шақта Қазақстанның әуе-күштерін қалыптастыруға қажетті алғашқы әскери ұшақтардың біразын Мұхтар Қапашұлы Ресей жеріндегі әскери бөлімдерден дауласа жүріп, алғашқыларын өзі әуеге көтеріп, алып келуіне де тура келді. Қорғаныс қызметі қазақ тілінде сөйлеп, бұйрықтар мемлекеттік тілде жүргізілді. Өзінің орыс тіліндегі оқу орындарында білім алып, жиырма жылдан астам Қазақстаннан тыс жерде қызмет еткеніне қарамастан, Мұхтар Алтынбаев Парламентте, ресми жиналыстарда өзінің ана тілінде сөйлеп, баяндама жасағаны елдің есінде ризалықпен қалды.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс