Арта түскей қадірің, қасиетті Көкшетау!

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» атты бағдарламаны қолға алу қажеттігін айта келіп: «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі» ,– деген болатын. Осы жолдарды оқи отыра кеудеңді ерекше шаттық, қуаныш кернеп, өз Отаның үшін мақтаныш сезімі билейтіні рас! Әрине, ат үстінен түспеген, басын бәйгеге тігіп, әр күнін тәуекелге бел буып, елін-жерін қорғаған батыр бабаларымыз қалдырған ұлан-байтақ мекеніміздің әр пұшпағында қасиетті жерлер баршылық! Оларды әрбір азаматтың білері, ерекше құрмет, ілтипатпен атары сөзсіз! Ұлытау, Алтай, Баянауыл, Қаратау, Атырау, Маңғыстау, Тараз!..Отырар, Сайрам, Түркістан, Сарайшық, Есік!… Қайсысының аты аталмай қалды деп алабұрта асығарсың!… Бәрі тарих, бәрі шежіре, бәрі өнеге, өсиет!… Солардың қатарында Абылай ту тіккен, Қанай би сарбаз ертіп, сөз саптаған, алтынды оқасы күнге шағылысып бекзат бітімді Шоқан жүрген, күні кеше Сәкен жырлаған қасиетті Көкшетау!

Ақселеулі Арқа төсінде еліміздің көк туындай желбіреп көзге ерекше көрінген, сағынышты, аңсарлы ой түбінде үнемі жатар кербез Көкше! Біресе, Абылайдың шақыруымен атын ақ көбікке малшынтып, сауыт-сайманы сартылдап сар желген баһадүрлер, біресе әнін аспандағы аққу үніне қосқан сал-серілер келер көз алдыңа! Үш жүздің ханы алдында алқақотан отырған шешен би, айбалтасының жүзі айға шағылысқан ерек туған ерлер емініп сөз сұрасқандай! Бәрінің ойы бір-ақ сөз емес пе?! Мынау кепиетті кең даланы жауға бермеу! Келер ұрпаққа аман жеткізіп, аманаттап беру! Отан үшін жан пида! Қасық қаны қалғанша алысуға әрқайсысы дайын! Ұранды сөзден аспан қызғандай!.. Ауа тұншыққандай! Ар-намыс ұстаның көрігінен жаңа суырылған ақ алмастай! Қолға ұстатпайды, көз қариды! Көкшетауда айтылған кесімді сөз, түйілген түйін дүйім далаға  шоқтай қызу күйінде тарағандай! Әне, «Науан! Науанжан!» — деген Хан Кененің дауысы естілді саңқ етіп. Тау жаңғыртқан осы үнде ержірек інісі үшін мақтаныш, мейірім, асқақтық пен өрлік бірге өрілгендей! Оның үні бетқаратпас өктем желге айналып Бурабайдың сексен көлін лезде толқындатып, құз-жартасын дүр көтеріп барып басылғандай! Тіпті, ер азаматты былай қойып, ат жалында ойнаған дала арулары да шарт түйініп, қолға шолақ найза алып, найзағайдай жарқылдап жау келген жаққа өршелене ұмтылғандай!… Шолақ найзасымен ойрат-жоңғарды оңды-солды түйреп, ойсыратып жол салып бара жатқан, ат үстінен шірене тартқан садақтың сұр жебесін нысанасына дөп тигізіп домалатқан сол арулар!… «Аттандаған» ағаларына қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқор, шар болаттай қалқан болған қарындастар Бопай, Гауһар, Тұмарлар!…
«Әнім де сен, Ғалия,
Күнім де сен»,- деп бір шеттен желе жортып, айдарынан жел есіп айбынды Балуан Шолақ ене бергендей Бурабайға. Қозы көш жерден әуелеген Біржанның әні жеткендей құлаққа. Мына бір жүректің шерін тербеген сұлу әнге салған Ақан шығар-ақ!..Ал, мынау айдын-көлдің аққу-қазын қиқулатып әніне еліткен Үкілі Ыбырай ғой!..Жамағатын жолға салып, шәкірт ерткен, дін болашағы, ел амандығы үшін басын бәйгеге тігуге даяр Науан Хазірет!…
Бұл Көкшенің қай бөктері, қай беткейі болмасын тұнған тарих.Әріні ақтармай-ақ, бүгінгі Айдос Әбутәліпұлы, Айтқажы Қазбеков, Мәтен Бижанов, Төлеген Қажыбай, Жабал Ерғалиев, Қадыржан Әбуев, Мұсатай Ғалым, Мұрат Ыдырысұлы, т.б. кітаптарын парақтасақ, осы жердің суын ішіп, ғұмыр кешкен талай батыр-бағландардың, жер-су аттарын молынан жолықтырамыз. Мысалы , Жәпек батыр, Андығожа батыр, Аңғал батыр, Жанбатыр қажы, Қосағалы батыр тағы басқалар туралы мәліметтер бар. Абылай хан алаңы, Ханның қызыл ағашы, Абылайдың ақ үйі, Кенесары үңгірі, Ақылбай асуы, Шайтан ұршық, Үшдіңгек, тағы басқа толып жатқан жер-су, тау атауларының тарихы, тағылымды әңгімелері мен шежірелері одан әрі зерттеліп, тарқатылса, олардың маңайына белгілер, сызбалар, мәлімет жазылған тақталар, кей жерлерге сол оқиғалар елесін берер макеттер, ескеркіштер орнатылса жастар жиі еске алып, жұрттың жады жаңғырар еді. Кейде Жанайдар Мусиннің «Жер шоқтығы Көкшетау» кітабында бірінен біріне құйып, арнасын толықтырып, толқындап жататын өзен-көлдер, бұлақтар бойынша саяхат жасаса қандай ғанибет болар еді, дейсін!..Алысты қойып, іргемізде тұрған жерлердің атауларын, қадір-қасиетін ұмыта бастағанымыз рас. Кеңес заманында орысша аталып, аты мен затынан елес те қалмаған ауылдар, елді-мекендер атаулары қайтадан өз атымен аталса, оның мәнісі түсіндірілсе, оның тәрбиелік мәні қандай болар еді?! Бүгінгі таңда бірен-саран ауылдар атауы қайтарылса керек. Ал, Еленовка, Антоновка, Викторовка, Невский,  Лосевка, Кирилловка, Уголки, Лавровка, Пухальск, Дмитриевка, Николаевка деген ауылдар ызғарының мұрты сынбай сол күйі сықап тұр. Сырттан келген қонағың өңірді араласа мынадай атаулар маңдайдан ұрғандай әсер етіп, көңіл құлазытады. Бұл қызыл үкімет саясатының тырнағын батырып, халықтың ой-санасын тамырынан үзіп, мәңгүрттікке қарай әй-шәй жоқ сүйреп бара жатқандығының айқын айғағы. Ащы судан аянбай тартып, өзге тілде шүлдірлеп, әлгі деревнялардың тұрғыны боп кете берер ек. Дәл осы жерде ат үстінде елін қорғап, еңіреп ерлер, намысын таптатпаған батыр ата-бабаларымыз өткенін еске де алмас ек. Сол сандалыстың сарқыншағынан әлі айыққанымыз жоқ. Балаларымызға ауылының атын «Еленовка, Антоновка» деп жаттатып жүрміз.
Шеңгелін батырған патша үкіметінің, қырғынын салған қызыл үкіметтің ұлтымыздың санасын улап, жолынан адастыру бағытындағы шаралары аз жазылып жүрген жоқ. Қалай десек те оның бәрі өтті. Енді, егемендігіміз қолға тиген тұста еңсе тіктеуге , өткенімізді жаңғыртып, әдет-ғұрпымызды қалпына келтіріп, салтымызды саралап, санамызды серпілтуге тиіспіз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы осы бағыттағы жұмыстардың жөнін көрсетеді. Оны жүзеге асыру, өткенді екшеп, шежіре-тарихқа жан бітіру сіз бен бізге міндет.

Серік Жетпісқалиев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс