Арыс балалары – Бурабайда

Арыс қаласында орын алған оқыс оқиғадан зардап шеккен балалардың алғашқы легі Ақмолаға жетті. 145 бала Бурабайдағы демалыс лагерьлерінде тынығып қайтады. Щучинск теміржол вокзалында балаларды қала әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, облыстық білім басқармасының өкілдері қарсы алды.
Арыстан жеткен 145 бала Бурабайдағы «Звездный» балаларды сауықтыру орталығы мен «Самұрық» лагеріне орналастырылды. Ɵз сɵзiнде А.Мысырәлімова балғындарды Бурабайдың көрікті жерлеріне кɵңiлдi экскурсиялар, концерттік және цирк бағдарламалары, танымал адамдармен қызықты кездесулер күтіп тұрғанын атап өтті. Арыстық балаларды демалысқа жіберудегі басты мақсат – орын алған төтенше жағдайдан кейін мектеп оқушыларына психологиялық көмек көрсету. Олардың қауіпсіздігіне тәлімгерлер жауап беретін болады. 145 бала бірнеше топқа бөлініп, Бурабайдағы «Звездный» балаларды сауықтыру орталығы мен «Самұрық» лагеріне орналастырылды. Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенованың айтуынша, бұдан бөлек «Чайка», «Сокол», «Парус» лагерьлері мен «Аврора Гарден» демалыс аймағы балаларды қарсы алуға дайын. Жалпы, 500-ден астам баланы Ақмола облысындағы демалыс лагері мен сауықтыру орталықтарында демалдыру жоспарланса, жақын күндері тағы 100 бала келеді деп күтілуде. «Шілденің 12-де Арыс қаласынан тағы 100 жеткіншек келеді. Олар Шалқардағы Ақмола облысының білім басқармасына қарайтын «Чайка» және «Сокол» балаларды сауықтыру орталықтарында демалатын болады. Бұдан бөлек, тамыз айында Зеренді ауданындағы демалыс лагерьлерінде 145 бала және «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында 150 баланы қабылдайтын боламыз», – деді Ботакөз Дүйсенова. Сонымен қатар, арыстық балалар үшін Ақмола облысының киелі жерлері мен Бурабайға
саяхат ұйымдастырылады. Оған қоса, түрлі мәдени, спорттық шаралар қарастырылып отыр. – Бурабайға келгеніме өте қуаныштымын. Жасыл қарағайы мен қайыңы, мөлдір көлдері көз тартады. Табиғаты өте әсем. Бурабайдың сұлу табиғатын көру – арманым еді, – деп өзінің алғашқы күнгі әсерімен бөлісті Арыс қаласындағы Әліби Жангелдин атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Бекболат Орынбай. Арыстағы қару-жарақ қоймасында болған алапат жарылыс бүтін бір қаланың тұрғындарына үрей туғызғанымен, ел болып көрсетілген көмек пен қолдаудың арқасында қорқыныш артта қалғанын аңғаруға болады.
«Жарылыс болған күні барлығымыз үйде болдық. Гүрс еткен дыбысты біз жай ғана жарылыс деп ойладық. Кейін снарядтар дауысы үдей түскен соң істің насырға шапқанын сездік. Сол кезде ата-анамыз әпкем және інім үшеуімізді ертіп Монтайдағы таныстарының үйіне алып барды. Кешкісін Шымкентке жетіп, сондағы туыстарымыздың үйін паналадық. Бастапқыда әрине, қорқыныш болды. Жедел көрсетілген көмек, қолдаудың арқасында қорқыныштың барлығы артта қалды», – дейді Арыс қаласындағы №1 орта мектептің 10-сынып оқушысы Әсел Ескермес. Бұл күні балаларға Ақмола облысының іскер әйелдер ассоциациясы мен «Зекет» қорының атынан киім-кешек пен сөмкелер үлестірілді.
Арыс қаласында 40 мектеп бар, мұнда 19 916 бала білім алса, мектепке дейінгі ұйымдарда 5071 бала тәрбиеленіп жатыр. Жалпы, бүгінгі күнге дейін арыстық 570 бала жазғы саяхатқа жіберілді. 27 маусым, кешкі уақыттағы жағдай бойынша, Арыста өрт ошақтары толығымен сөндірілді. Бұл туралы журналистерге арналған брифингте мәлім етілді. 28 маусым, таңертеңгі сағат алтыдан бастап Шымкенттегі 53 эвакуациялық пункт-тен Арыс тұрғындары өз үйлеріне орала бастады. Осы күні кешкі сағат 18:00-дегі жағдай бойынша, 14 мың арыстық үйлеріне жетті. Арыс теміржол станциясының бас жолдарында қозғалыс қалпына келтірілді.

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий