Арғымақтар арындап, балуандар белдесті

Көкшетау қаласының 195 жылдық мерейтойы күні Красный Яр селосының іргесіндегі «Құлагер» атшабарында ұлттық және халықтық спорт түрлері бойынша облыстық ХVІІІ «Құлагер» спартакиадасы өтті.
20 шақырым қашықтықтағы Аламан бәйгеге Нұр-Сұлтан, Қостанай, Екібастұз, Көкшетау мен Степногорск қалаларының, Біржан сал, Шортанды, Аршалы, Бурабай, Бұланды, Зеренді, Жарқайың, Жақсы, Ерейментау, Целиноград аудандарының сәйгүлік ерттеген шабандоздары қатысты. Жарыс жолына 22 ат қосылды. Ауыздықпен алысқан, шапқанда тұяғынан шаң ұшқан аттар бірден алға ұмтылды. Осы жарыста жанкүйерлердің көп болғанын айта кеткен ләзім. Олардың ұлттық спортқа деген сүйіспеншілігін бірден аңғардық. Шабандоздар жарыс жолын сегіз рет айналып өтті. Аламан бәйгеде «Каро» сәйгүлігін ерттеген қостанайлық Уәлихан Мамлыга өзгелерді шаң қаптырып, мәре сызығынан бірінші болып өтті. Бурабайлық Тимур Санин өзінің «Сандрасымен» екінші орынды, «Буянды» ерттеген зеренділік Серік Кәрімжанов үшінші орынды қанағат тұтты. Жарыс жеңімпаздарына дүбірлі додаға тігілген 2 миллион теңгенің жүлдесі бөлініп берілді. Жеті шақырымдық құнан бәйгеде Құлагерді ерттеген зеренділік шабандоз Әділбек Сабыржан өзгелерді шаң қаптырды. Екінші болып көкшелік Нұрболат Беріктің «Қарақұсы», үшінші болып сандықтаулық Ілияс Қадырбаевтың «Престижі» келді. Топ бәйгеде шабандоздар 16 шақырым қашықтыққа жарысты. Бурабай ауданынан келген Артур Саниннің «Каркас» деген аты өзгелерден оза шауып, 100 мың теңгені қанжығасына байлады. Бурабайлық Ілияс Орынбасаровтың «Баяны» мәре сызығын екінші болып қиды. «Кербезді» ерттеген көкшетаулық Берік Нұрболат үшінші орынды місе тұтты. Барлық жеңімпаздарға грамота мен бағалы сыйлық салтанатты жағдайда тапсырылды. Жалпы командалық бәйгеде зеренділіктер бірінші орыннан көрінсе, екінші, үшінші орындарды Көкшетау мен Степногорск қалаларының командалары өзара бөлісті.
Бұдан кейін жанкүйерлердің назары аударыспаққа ауды. Ат ерттеген білекті жігіттер өзара сайысты. Жарыс қорытындысында жекелей біріншіліктегі бірінші орын зеренділік Айнабек Сағиденовқа бұйырды. 60 келі салмақ дәрежесінде Зеренді ауданынан келген Расул Жусубалин, 70 келі салмақ дәрежесінде ерейментаулық Совет Асхат, 80 келі салмақ дәрежесінде целиноградтық Думан Сыздықов, 90 келі салмақ дәрежесінде шортандылық Айбек Қадыров, 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қорғалжындық Мадияр Асқаров мықты болып шықты. Аударыспақтан жалпы командалық жарыста бірінші орынды Шортанды, екінші орынды Ерейментау, үшінші орынды Қорғалжын ауданы жеңіп алды. Жарыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықты облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Әсет Бүкібаев, Ұлттық спорт мектебінің директоры Марат Қойшин мен Краснояр мешітінің имамы Науан қажы Мүтәлұлы табыс етті. Осы шарада аударыспақтан Қазақстан Республикасының спорт шебері атағы Қытай Халық Республикасында өткен Азиядада екінші орыннан көрінген Хамит Мерейханға берілді.
Үш күнге созылған көкпар жарысына Көкшетау мен Степногорск қалаларының, Ерейментау, Зеренді, Аршалы, Шортанды, Біржан сал, Бұланды, Целиноград аудандарының командалары қатысып, өзара сайысты. Жарыс қорытындысында ерейментаулықтар басым түсті. Целиноград пен Бұланды аудандарының командалары екінші және үшінші орынды місе тұтты. Теңге алуда да ерейментаулықтар ерледі. Сондай-ақ, Көкшетау қаласы мен Целиноград ауданының командалары өз ептіліктерін көрсетті. Жамбы ату жарысында зеренділіктерге тең келетін ешкім болмады. Целиноград ауданы мен Степногорск қаласының командасы да мерген болып шықты.
Облыс орталығының мерейтойында 90 асықшы өзара жарысты. Асық ату жарысында Көкшетау қаласының командасы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші, үшінші орындарды Қорғалжын мен Есіл аудандарының командасы өзара бөлісті.
Тоғызқұмалақ жарысында көкшетаулық команда алға шықты. Целиноград пен Ерейментау аудандары екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Гир спортына 12 команда қатысып, сандықтаулықтар жеңімпаз атанды. Көкшеліктер мен целиноградтықтар екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Армрестлингке 18 команда қатысты. Олардың арасында көкшеліктер мықты болды. Сандықтау ауданы мен Степногорск қалаларының командалары кейінгі орындарға жайғасты. Городки ойынында көкшелік команда басым түсті. Ойынның бұл түрінде Бурабай мен Аршалы аудандары жақсы көрсеткішке қол жеткізді.
Қазақ күресінің халықаралық дәрежедегі төрешісі Марат Қойшиннің айтуынша, екі күнге созылған қазақ күресі жарысына Егіндікөл ауданынан өзге Көкшетау мен Степногорск қалаларының, он алты ауданның командалары қатысты. Әртүрлі салмақ дәрежесінде көкшетаулық Нұрыш Оралбек, ерейментаулық Ерхан Ғаббасов, ақкөлдік Нұржан Гирмеденов, сандықтаулық Рамазан Қуандықов, көкшетаулық Данияр Темірханов пен Әсет Жүнісов, аршалылық Бекзат Алтынбаев, целиноградтық Бекбол Нұрланұлы бірінші орыннан көрінді. Қазақ күресінен жалпы командалық жарыста Көкшетау қаласының командасы бірінші орынды, Астрахан ауданының командасы екінші орынды, целиноградтық команда үшінші орынды жеңіп алды. 70 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі түйе палуандар жарысында көкшетаулық Данияр Темірхановтың мерейі үстем болды.
Қалалар мен аудандар арасындағы жалпы командалық жарыс қорытындысында 297 ұпай жинаған Көкшетау қаласының командасы жеңімпаз атанып, 6 кубокты қанжығасына байлады. 249 ұпай жинаған Зеренді мен 248,5 ұпай жинаған Целинорград ауданының командалары да екінші, үшінші орыннан көрініп, грамота мен кубоктарға ие болды. Сөйтіп, үш күнге созылған облыстық спартакиада ұлттық және халықтық спорттың қандай деңгейде екенін анықтап берді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий