Арқаның ақын-сазгер Тыныштығы

  Дүние жалған

Иә… Опасыз жалған дүние кімдерден кейін қалмаған?! Өнер көгінің тағы бір жұлдызы сөнді. Әрқашан домбырасын арқалап, шәкіртін жетелеп, аңқылдап жүретін ақкөңіл азамат, арқалыақын -сазгер, әнші Тыныштық Шаменов те өмірден өтті.

«Қазір күреске түседі» десе сенердей, кескін-келбеті кескінді ердің сойындай (жасында білек сыбанып, бозкілемге де шығып жүріпті), алп-алп басқан ірі адамның тұла бойы тұнған нәзік лирика, күмбірлеген көркем әуен, әдемі жыр еді. Таңның атысы, күннің батысы ойлағаны өнер, ән жыр шығару, шәкірт тәрбиелеп, қазақтың дәстүрлі ән-күйін ертеңге жалғастыру болатын. Ленинград ауданының Айсары ауылында облыста ең алғаш «Қарлығаш» атты өнер мектебін ашуы сол мақсатының айғағы. Осы өңірде өзегі үзіліп, оты сөніп бара жатқан айтыс өнерін алғаш қолға алушылардың, алқалы топ алдында айтысқа түсушілердің бірі. Жазба поэзиядан да қол үзген емес. Оқырманына «Мөлдір сезім», «Аймағым ата мекенім», «Аңызды ауыл Айсары», «Сарыарқа самалы» сияқты жыр жинақтарын ұсынды. Ұстанған өнерінің озық бір қыры – оның сазгерлігі дер едік. Тәкеңнің «Әке толғауы» атты әні 1987 жылы Қазақстан әуесқой композиторлар фестивалінде дипломант атанған. 1988 жылы республикалық семинар-конкурста «Ертіске» деген әні бұзып-жарып бірінші орынды жеңіп алған! Тың игерудің 30 жылдығына арнап жазған «Ақмола вальсі» де жоғары бағаланған. Ел ішінде оның әдемі иірімді, жағымды жылы әуезді, тебіреністі әндері әуелете орындалып жүр. Ол 130 әннің авторы, «ҚР Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері. 1942 жылдың 13 наурызында Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы, «Прогресс» ауылында дүниеге келген Тыныштық Шаменов артына осындай әсем із қалдырып, өмірден озды. Жүректен шыққан жырлары, әуезді әндері, белгілі шәкірттері, өнер ұстанған балалары қалды.
Ақын болу оңай ма, ойлашы елім,
Сырласайық тарқатып іштің шерін.
Әнім-дағы, сәнім де, тірегім де,
Сенсің менің туған жер асқар белім! – деп ақтарылған ақын ұлын, оның істеген ісі, атқарған еңбегін ел ұмытпас.
Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, Арқаның ақын-сазгер
Тыныштығы!..

«Көкшетау» газетінің ұжымы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс