Арқаның әндері әуеледі

Ақмола облыстық филармониясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Арқа әншілік мектебінің ізін қалыптастырушы, дарабоз әнші, ақын Үкілі Ыбырай шығармашылығына арналған «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау!» атты II өңіраралық фестивалі өтті.

Қазақтың ән өнерін асқақтатқан аталмыш шараға Астана, Семей, Тараз, Қарағанды, Көкшетау қалаларының жезтаңдай әншілері қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Салтанатты Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен ашты. Арқа әндерін тұмардай қастерлейтін еліміздің түкпір-түкпірінен келген талантты өнер иелері ұсынған концерттік бағдарлама көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кеш барысында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева, жезтаңдай әншілер Бисара Мәкенова, Ғазиза Жұмекенова, Арқа ән мектебі мұрасының түпнұсқаларын нақышына жеткізе орындап жүрген Сәрсенбай Хасенов сынды ізденімпаз дарын иелері өнер көрсетті. Кенжебай Мұқышев, Абсалық Салық бастаған дәстүрлі әншілер дауыс ырғағы ерекше, кең диа-
пазонымен ерекшеленетін Үкілі Ыбырайдың әндерін шырқап, көрермендердің үлкен қошеметіне ие болды. Шалқар әнге сусап қалған жұртшылық бұл кеште Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асық», «Дүние», «Қарақат көз», «Гәкку», «Желдірме», «Шалқыма» әндерін белгілі әншілер Перизат Тұрарова, Рахат Бекасылов, Нәзира Бейсенова, Азат Әбдіғалымның орындауында тамашалады. Халық жүрегінен орын алған «Қалдырған», «Он саусақ» әндеріндегі іңкәр сезім иірімдері қандай жағдай болмасын адами құндылықтарды сақтап қалуға жетелейтіні сөзсіз. Халықтың бай рухани мұрасын әлемдік деңгейде насихаттап жүрген танымал өнер майталмандары мен олардың шәкірттерінің репертуарында Арқа ән мектебінің таңдаулы туындылары орындалды.
Ән – адамның көңіл-күйі, тебіренісі мен толғанысы, қуанышы мен жұбанышы. Ән – халықтың өмір айнасы. Қазақ елінің тұрмысы мен тарихының келбеті. Түгін тартса түбі көрінетін таяздыққа тақау емес, қазақ халқы әнге өте бай. Болашақта сол байлықты жоғалтып алмауды, дәстүрлі әннің келешегі үшін алаңдаған Біржан сал: «Қорқамын, ауруымның түрі жаман, Біржанның кім ұстар деп домбырасын», – деген еді. Алайда, сан ғасырлық тарихы бар ән өнері сұрапыл уақыт ағымының небір қатал сындарынан өтсе де, ұмыт болмады. Оның бірден-бір себебі, кезінде тәмам жұртты таң қалдырып, әсем даусымен дәстүрлі әндерді шырқаған Ақан, Біржандардан қалған мұраны насихаттап, тыңдарман қауымның құлақ құрышын қандырып, сақтап қалуға талпынып жүрген дәстүрлі әннің жанашыр азаматтарының арқасы. Бүгінде, қазақтың дәстүрлі әнін насихаттап, ән өнеріне теңізге құйған тамшыдай болса да үлесін тигізіп, айналасына ән сәулесін шашып жүрген азаматтардың бірі – Ақмола облыстық филармониясының әншісі Сәрсенбай Хасенов былай дейді: «Дәстүрлі өнердің қаймағы саналатын қазақтың ән өнері – халқымыздың мерей тұтып, мақтаныш етер асыл мұрасы. Бүгінде рухани жәдігерлердің ішінде замана сүзгісінен өтіп, халқымыздың ежелгі рухын, тарихын, жан дүние сұлулығын, мейірімін, ізденісі мен махаббатын, іңкәр ықыласын, ән өнерін бүгінгі ұрпағымызға жеткізу – біздің мақсатымыз».
Қазақ елі дарындар мен таланттарға бай. Небір дүлдүл күйшілер, күміс көмей әншілер кең даланы ән мен күйге бөлеп, халықтың ықыласы мен жоғары бағасына ие болды. Кешегі өткен Ақан сері, Біржан сал, Мұхит, Жаяу Мұса, Әсет пен Мәди, ұлы күйші Құрманғазы, Диналардың дәстүрлі мектептері саф алтындай таза өнердің ғажайып үлгісі емес пе еді? Қазіргі жаңарған әлемде, жаңаша мазмұнға ие болған қоғамда сол бір ұлы тұлғалардың өнерін насихаттап, ертеңгі келетін ұрпаққа аманат етіп қалдыру тәрбиелік мәні терең, өнегелі істердің бірі болса керек. Өнер кешінде халық әндері мен күйлері де ұмыт қалмады. Концертте көрермен Үкілі Ыбырайдың өмірі мен шығармашылығы туралы біраз жайларға қанық болды. Тыңдарман қауым ара-арасында әншілерге қосылып, кештің қызықты өтуіне атсалысты. Бұл күні Сәкенге ән салдырған сексен көл сән мен салтанатқа кенелді. Көркіне көз сүріндірер кербез Көкшенің маңдайын Күн сүйіп тұрды сол күні. Күмбірлей төгілген күй кең даланы кернеп, әдемі ән Көкше көгінде әуелеп тұрды.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс