Ар тазалығын сақтай білген

Бізді күлімсірей қарсы алған аққұба өңді, жүрісі ширақ, денесі жинақы қарияны бастапқыда менің бүгінгі кейіпкерім екеніне сенбедім. Ашот атаны жасы 80-ге таяған дей алмайсың. Әдетте алпысты алқымдағанда алқынып, жетпіске жеткенде жығылып, сексеннің сеңгіріне шыққанда селкілдеп қалатын жандар көп. Оның тіп-тік жүрісі, бойындағы сырбаздығы бірден байқалды. Жас болсам да төрге оздырып, бәйек болуы жастайынан жақсы ортада, қызметте жүріп, кісі сыйлауға әдеттенгені көрініп тұр. Әкесінің ағасы 37-нің зұлматында қуғын-сүргінге ұшырағанын білгенде, зиялы ұрпақтың өкілі екеніне көзім әбден жетті. Есімін Ашот деп қоюының басты себебі, Арменияда кезінде дәл осындай бір патша өмір сүрген екен. Балам халықтың ұлы болсын деген үмітпен қойған екен. Әкесінің ойлағаны орындалды. Ұлы еліне елеулі, халқына қалаулы болды. Қандай қызметте жүрсе де адал, абыройлы бола білді. Қатардағы агрономнан совхоз және элеватор директоры, баға комитетінің жетекшісінен аудандық атқару комитетінің төрағасына дейін көтерілді. Қарапайым тұрмыс кешті. Тіпті, кеңес үкіметі тұсында совхозда директор болып жүрген кезінде толтырған үстемелерін /накладной/ әлі күнге дейін сақтап жүр екен. Бұл маған атаның өз-өзіне берген есебіндей көрінді.

DSC_6046

Ашот Мурзин 1936 жылы 22 сәуірде Семей облысы, Қатон-Қарағай ауданындағы Қатон селосында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Қазақ ауылшаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын Зеренді селосында агроном-тұқым себуші болып бастаған ол әр жылдары Зеренді, Рузаев, Володаров аудандарының Серафимовка, Новоселовка, Лавровка селоларында бас агроном қызметін атқарған. «Лавров» совхоз директоры, Рузаев аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, Ленин аудандық атқару комитетінің төрағасы, Көкшетау облыстық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі, Володар элеваторының директоры, кейін соның президенті болған. Қызметі жоғары бағаланып, Еңбек Қызыл Ту орденімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасымен марапатталған. Володар элеваторына басшылық жасаған жылдары бидайдың сапалы сақталуын қамтамасыз еткені үшін Испанияның «Платина жұлдызы» төсбелгісінің иегері атанды.

Ашот ата көзінің қарашығындай сақтап жүрген кітаптарының белгілеп қойған бетін бірден ашып, мынаны оқып шық деді. Онда: «Мұхтар Мурзин 1896 жылы Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында туған. Шымкентте тұрған. Қазақ Өлкелік Халық Ағарту институтының директоры. 1937 жылдың 30 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстанның НКВД үкімімен 58 бап бо-йынша сотталған. 1994 жылдың 29 сәуірінде Оңтүстік Қазақстан прокуратурасының шешімімен ақталған», – деп жазылыпты. Жазушы Дидахмет Әшімханов құрастырған «Бес арыс» кітабынан оқыған үзіндіде былай жазылыпты: «Мұхтар Мурзин – Қазақ өлкелік Халық Ағарту институтының директоры. Оқытушылары: Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Елдес Омаров, Телжан Шонанов. Қазір бұл үйде Орынбордың ауылшаруашылық институты орналасқан». Қазақтың арыстары осы кісінің қол астында жұмыс істеп, сабақ бергенінің өзі бұл адамның қаншалықты білімді болғанынан хабардар етеді. Үлкен ағасы Мұхтар Мурзин жазықсыз жапа шегіп, атылғаннан кейін, Ашот атаның әкесі Хамза отбасымен Қазақстанның әр аумағына көшіп-қонып, қуғыннан бой тасалапты. Кейін біздің өңірге келіп тұрақтапты. Ұлы Отан соғысына қатысып, қан майданда жаумен жағаласыпты. Ұрыс даласынан аман келіп, үрім-бұтағының қалқаны бола біліпті.
Ашот Хамзаұлы – әкесінің ізін басып, қазір өзі тамырын тереңге жіберген бәйтеректің майырылмас діңі. Қайыспас қара нары. Ақылшысы. Жұбайы Зейнеп осыдан 22 жыл бұрын көз жұмған екен. Артында қалған үш қыз бен бір ұлына Ашот әке тірек болды. Әлі күнге дейін балаларына бас-көз. Менімен еріп барған фототілші: «Үстіңіздегі үй киіміңізбен жүре бересіз бе, әлде ауыстырасыз ба?» – деп қойған сауалына ол: «Жоқ, осы киімім жарайды, қызметіме берілген марапат белгілері толып жатыр. Оны жарқыратып, мақтанып киіп отырғым келмейді. Ең бастысы, мына жүгіріп жүрген немерелерім, шөберелерім, балаларымның амандығы», – деп жауап берді.
Қарияның балаларын сөзге тартқанда, асқар таудай әкесін мақтап ала жөнелді. Әрине, мақтануға тұрарлық жан ғой. Сәуле Ашотқызы: «Әкешім – біздің өміріміздегі ең басты адам. Ол өте зиялы, тәрбиелі жан. Адами құндылықтардың негізі әкемнің отбасында қаланған. Анам екеуі бірге бақытты ғұмыр кешті. Басты кеңесшіміз, нұсқаушымыз, бағыт сілтеушіміз. Ол туралы мен әрдайым мақтанышпен айтамын», – дейді. Ұлы Рүстем болса: «Мен үшін әкем – идеал. Өте ақылды, байсалды жан. Сол кісіге қатты ұқсағым келеді. Салауатты өмір салтын ұстанады. Мені де спортқа баулыды. Әкесіз өз өмірімді көзге елестете алмаймын. Ол кісінің қолдауы маған қашанда керек», – дейді. Ал, тұңғыш немересі Мәдина: «Мен өзімнің бақытты балалық шағымды ата-әжеммен байланыстырамын. Атамды қатты жақсы көремін. Ақылын әрдайым тыңдаймын, сол кісі айтқан жолмен жүргенді дұрыс санаймын», – дейді.
Ашот Хамзаұлының мамандығы агроном. Жердің қасиетін жақсы біледі. Үйінің жанындағы 2 сотық жерді көктемнен бас-тап баптап, күтеді. Дастарқанына қажетті көкөністі өзінің бақшасынан жинайды. Тағы бір ерекшелік, салауатты өмір салтын сақтайды. Бұқпа тауының баурайында тұратындықтан, күнде жаяу жүреді. Тауға шығады, таза ауамен тыныстайды. Жазда велосипед, қыста шаңғы тебеді. Майсыз тамақ ішеді. Өзінің мерейтойына арнап тілшілер келеді дегесін балаларының басын қосып, қазіргі бәйбішесіне ас әзірлетіп қойыпты. Бір таңқалдырғаны, жылқының етін асып, қамырдың орнына қырыққабаттың жапырақтарын салғаны. Жылқының еті асқазанға салмақ салмайды, ал қамыр ауырлау болады. Сондықтан біз қырыққабат жапырақтарын саламыз. Әрі жеңіл, әрі асқазанға да ауырлық түсірмейді. Еттен кейін міндетті түрде қымыз ішу керек. Қасиетті сусыннан біз де іштік. Атаның дүкеннен нан сатып алмайтынын біліп, оның да себебін сұрадым. Біздің күнделікті жеп жүрген нанымызға ашытқы қосылады. Ол да ішектерге ауырлық әкеледі. Сондықтан апа кебектен нан пісіреді. Жұп-жұмсақ, дәмі өзгеше наннан да ауыз тидік. Жалпы, ата өзінің отбасында жеңіл, сіңімді тағамдарды пайдаланғанды жөн көреді екен. Тіпті, сарымайдың өзін қорытып, бауырсақты жылқының немесе қойдың майына пісіртеді. Ал, майлы тағамнан бітеліп қалған қан тамырларын сарымсақтың суын сығып, бал қосқан шырынмен тазартады. Күніне үш рет тамақтанар алдында ішсең, бір айдан кейін көзің шырадай жанады екен. Атаның қарттыққа бой алдырмауының басты себебі осында жатса керек. Терезесі толы медицина тақырыбындағы газеттер мен кітаптар. Содан халық медицинасына қатысты рецептерді алып, қолданады екен.

Ашот аға Мурзиннің шаңырағына келіп, айтқандарын көңілге тоқып, қонақжайлылығына тәнті болып, әкесін құрмет тұтатын балаларымен әңгімелесіп, ой түйіп қайттым. Әңгіме арасында еліне елеулі Еркін Әуелбековтей тұлғаға Көкшетаудың ортасынан ескерткіш орнату жұмыстарына өңір басшысы қолдау білдіргенін айтып қуанды. Бұл – аға ұрпақ өкілдері үшін үлкен мәртебе. Олардың жүріп өткен өмір жолында ұқсастықтар болуы мүмкін, бірақ әрбірінің өз сүрлеуі, өз соқпағы бар. Ол сонысымен құнды, сонысымен бағалы. Ашот қарияның да айшықты ғұмыры сараптай білгенге бір азық.

Гәкку Асылбекқызы

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс