Астанаға ақ тілек, ән-күй – тарту!

Кең байтақ Қазақстанның түпкір-түпкірі егемен еліміздің Елорадасы, арқа төсінен бой көтеріп, әлем назарын өзіне аударған айшықты қала Астананың 20 жылдығын үлкен тебіреніс үстінде атап өтті. Ақмола облысының орталығы көркем Көкшетау да осынау ақжарма тілек, шадыман көңілмен құттықтаудан тыс қалған жоқ. Көпшіліктің қатысуымен қызықты да тартымды шаралар алма-кезек өтіп жатты. Олардың қатарында қалалық кітапханалар өткізген «Астана менің сүйікті қалам» виртуалды көрмелер мен дөңгелек үстелдер, «Астана-Ұлы дала елорадсы» деп аталған мерекелік концерт, «Астана-жүрегімдесің» атты қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі, стритбол, армрестлинг, кір көтеру сайыстары тағы басқа шаралар бар. Шат-шадыман мерекелік шеруді түнгі аспанда шалқыған көңіл көрінісін шашу еткендей мерекелік отшашу түйіндеді.

IMG_6408…Тәуелсіз алаңына құрылған сахна төріне Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев көтеріліп, бүгінгі Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы, Елорданың еліміздің дамуындағы алар орны, атқарып отырған ролі туралы баяндама жасады. Ол  Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қысталаң күнде қиыннан қиыстырып жаңа астана салуға шешім шығарып, сол тәуекел жоспарын қалай жүзеге асырғандығы, ұлтты осыған жұмылдырғандығы жөнінде кеңінен баян етті. Қала тұрғындары мен қонақтарын Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтады. Одан әрі бірқатар қала тұрғындарына марапаттар табыс етті. Қала әкімі қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еркеш Әленов, еңбек ардагері Мұнарбек Батырханов, «Көкшетау» газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиевтердің омырауына «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалін тақты, бірнеше тұрғынға Алғыс хаттар мен гүл шоқтарын табыстады.
Қала әкімінің құттықтауынан кейін «Астана –Ұлы дала елордасы» атты концерт басталды. Әрине, орындалған әндер негізінен арайлы Астана шаһарына арналған шабытты әндер. Оған кербез Көкше сал-серілерінің айтулы әндері, мың бұралған бишілер өнері қосылып, концерт мазмұны тереңдей түсті.
Көкшетаулықтар Елорданың туған күнін атап өтуді 4 шілдеден бастап кеткен. Алдымен қаланың жастары ашық аспан астындағы спорт алаңында Street Workout-тан өзара сайыс ұйымдастырып, жеңістерін сүйікті астанасына арнаған еді. Кешкісін Абылай хан алаңына жиналған олар жеңіл көліктерімен «Бәйтеректі» сомдап, көпшілікті таңдантты. Мұндай шешімге олар бұдан бұрынғы мерекелерде де барған. Қазіргі заманға сай ойлап табылған игі іс десе де болады. Қас қарайғанда «Бәйтерек» монументіндей болып тұра қалған көліктер шамдарын жағып, айналасына сәуле шашты. Биіктен түсірілген бейнебаян әлеуметтік желілерге тарап, қызу қолдау тапты. Ал шілденің 5-і күні қаладағы кітапханаларда «Астана менің сүйікті қалам» тақырыбында виртуалды көрмелер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Оған келушілер Елбасының шешімімен бой көтеріп, бүгінде әлем мойындаған әсем шаһарға айналған еліміздің астанасының кешегісі мен бүгіні жайлы ақпарат алып, осы тақырып бойынша жарық көрген кітаптармен және газет бетіне жарияланған мақалалармен танысты.
Негізгі мерекелік шаралар шілденің 6-сы күні, яғни Астананың туған күнінде кең көлемде жалғасын тапты. Биыл Елордаға – 2IMG_63940 жыл. Бұл аз уақыт болып көрінгенімен, атқарылған істер ауқымы кең. Тәуелсіздік алаңына жиналған көкшетаулықтар мен қала қонақтары «Астана – Ұлы дала Елордасы!» атты салтанатты концерттік бағдарламаны тамашалады.
Қалалық саябақта «Астана менің жүрегімде» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі жұмыс істеді. Олар да өз туындыларын еліміздің бас қаласына арнапты.  Сонымен қатар фотоілу шарасы да ұйымдастырылды. Яғни Астана қаласын суретке түсірген кез келген адам осы жерге фотосын әкеліп, қыстырғышқа ілуге мүмкіндік алды. Көкшетаулықтарға бұл да таңсық көрінді. Астананың әдемі ғимараттарын қылқаламмен өрнектеген суретшілер, сазбен сомдаған мүсіншілер, түрлі жіппен тоқыған шеберлер, бәрі-бәрі осында. Жасыл желек жамылған саябақта серуендеген тұрғындар әдемі ән тыңдап, субұрқақтардың жанында дем алды. Қандай шараны алсаңыз да спорттық сайыстарсыз өтпейтіні белгілі. Қалалық саябақтағы алаңқайда стритбол, қол күресі, кір көтеруден жарысқан тұрғындар білектілер мен жүректілерге жанкүйер болды.
Астана күніне арналған шара барысында «Жас Ұлан» ұлттық балалар мен жасөспірімдер ұйымына бір топ оқушы қабылданды. Олар білімде озық, қоғамдық жұмыстардың белсендісі, отансүйгіш және рухы биік. «Жас ұлан» қатарына өту оларға үлкен жауапкершілік жүктейді. Елорданың туған күнінде ант қабылдаған балалар саябақта гитарамен ән салып, көпшіліктің көңілін көтерді.
Ал түс ауа Қопа көлінің жағалауында басталған «Astana – 2018 Twenty years» атты Open Air мерекелік бағдарламаны қала тұрғындары мен қонақтары көруге асықты.  Ашық аспан астында өтетін концерт көпшіліктің сүйікті шарасына айналған. Кешке дейін жалғасқан шараларды тамашалай жүріп,  жағалауда асықпай қыдырыстаған  олар мерекелік от шашудың куәсі болды. «Туған күніңмен, Астана!» – деген дауыстар  ұлы даланың төсінде орын тепкен әдемі шаһардың 20-шы мерейтойын асқақтата түсті.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий