Астана арландары жеңіске жетті

omxzDu5xbdI

«Аstana Arlans» кәсіпкой бокс клубы ақпанның 24-і күні Бүкіләлемдік бокс сериясының сегізінші маусымының екінші жекпе-жегін Ресейдің «Patriot Boxing Team» командасымен өткізді. Жарыс алдында қос тараптың былғары қолғап шеберлерімен Көкшетаудағы «Рио» сауда үйінде кездесу өтіп, спортшылар сол жерде салмақ дәрежесі бойынша өлшенді.
Баспасөз конференциясы барысында боксшыларға сұрақтар қойылды. Астана арландары клубын қазір Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев басқарады. Жанкүйерлер өзінің кумирімен суретке түсіп, қолтаңбасын алды. Жарыс екінші күні Щучье қаласындағы «Жақсы» спорт кешенінде өтті. Ойынды жергілікті билік өкілдері де тамашалады. 49, 56, 64, 75 және 91 келі салмақта шаршы алаңға шыққан жерлестеріміз қарсыластарын қапы қалдырып, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл күні жерлес боксшылардың қолғаптары аукционға шығарылып, билеттер ойналып, сыйлықтар таратылды. Аукционнан түскен 1,4 миллион теңге Щучье қаласының кішкентай тұрғыны, өте қауіпті дерт «көбелек» ауруына шалдыққан Артур Грищукті емдетуге бағытталды. Спортшылар сайыстан кейін қаржыны науқас баланың үйіне барып, анасының қолына табыс етті.
Көкшетаудың орталық көшелеріне Бүкіләлемдік бокс сериясының жекпе-жектері Щучьеде өтеді деген хабарландырулар ілінгелі, спортсүйер қауым билет алуға асықты. Ал, «Рио» сауда үйінде өтетін кездесуге келгендердің де қарасы көп болды. Бірінші қабатқа Астана арландары: Теміртас Жүсіпов (Көкшетау), Ілияс Сүлейменов, Дилмұрат Мижитов, Әбілхан Аманқұл, Нұрбол Алтаевтардың суреттерінен макеттер қойылған екен. Астана арландары жеңіп алған үш дүркін Кубок та осы жерде. Спортшылардың өздері халық алдына шыға келгенде, жанкүйерлердің қуанышында шек болмады, әсіресе, ұл балалар мықты жігіт ағаларымен суретке түсуге асықты. Кездесуде клубтың жетекшісі, Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер Кубогының иегері Бақтияр Артаев, жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков баптап жүрген боксшыларының дайындықтары, жетістіктері жайлы баяндады.
Ресей жаттықтырушысы бұл жолғы сайысқа жас былғары қолғап шеберлерін әкелгенін айтты. Өйткені, қазақстандық бокс әлем бойынша өзін мойындатты. Өзгелер үлгі аларлық тұстары көп. Куба, Ресей және Қазақстан боксшылары рейтингісі жоғары клубтарға мүше. Сондықтан астаналық арландармен ресейлік патриоттарды жұдырықтастыру арқылы тәжірибе жинақтау да мақсат болса керек. Ал, біздің боксшылар клубының жетекшісі Бақтияр Артаев өз спортшыларының жеңіске жететініне сенімді екенін бірден айтты. Дайындықтары өте жақсы, көңіл-күйлері көтеріңкі, сергектігі жоғары. Әрі кездесу алдындағы жаттығуларын Бурабай баура-
йында, таза ауада өткізді. Осының бәрі өзіміздің былғары қолғап шеберлерінің шымырлана түсуіне ықпал етті. Щучьедегі «Жақсы» спорт кешенінде ине шаншар жер болған жоқ. Билеттер түгел таусылып, жанкүйерлердің бірқатары жарысты аяққа тік тұрып тамашалады. Алғашқы болып шаршы алаңға 56 келі салмақта Ілияс Сүлейменов ресейлік Василий Веткинмен шықты. Қарсыласына ешқандай мүмкіндік бермеген ол 3:0 есебімен (49:46, 49:46, 49:46) жеңіске жетті. 64 келі салмақтағы Дилмұрат Мижитов ресейлік Константин Богомазовтың біраз жүйкесіне салмақ түсірді. Ол қарсыласын 3:0 есебімен (50:45, 48:47, 49:46) ұтты. 75 келі салмақтағы Әбілхан Аманқұл қарсыласы Расул Алиевті, ал 91 келі салмақтағы Нұрбол Алтаев ресейлік Ровшан Ягубзадені алға шығармады. Ал, сайыстың соңғы жұбы көкшелік былғары қолғап шебері 49 келі салмақтағы Теміртас Жүсіпов болды. Біздің жерлесімізді соңынан шығарып, ұйымдастырушылар жанкүйерлеріне тарту жасағысы келгендей. Тегеурінді Теміртас нақты соққыларымен қарсыласы Борис Сидоровқа еш мүмкіндік бермей, таза жеңді. Көкшетаулық жанкүйерлердің ысқырығы мен айқайы спортзалын жаңғырықтырды. Осылайша 5:0 есебімен Астана арландары ресейлік патриоттарды жеңді.
Айта кету керек, «Аstana Arlans» биылғы жылғы алғашқы кездесулерін 10 ақпан күні Қарағанды қаласында «Indian Tigers» турнир дебютанттарымен өткізіп, 4:1 есебімен жеңіске қол жеткізді. Онда Серік Теміржанов (60 кг), Бекболат Құрамысов (69 кг), Нұрдәулет Жарманов (81 кг), Нұрсұлтан Аманжолов (91 кг) команда есебіне ұпай қосты. «Аstana Arlans» кәсіпкой бокс клубы кезекті кездесуін 9 наурызда Ресей патриоттарына қарсы Санкт-Петербург қаласында өткізеді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий