Астана декларациясы қабылданды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты. Отырыстың күн тәртібіне сәйкес тараптар Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі жағдайына және оны дамыту перспективасына қатысты мәселелерді талқылап, ұйым аясында ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі бірлескен қадам жасау жайы, сондай-ақ, халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Мемлекет басшысы басқосудың төрағасы ретінде отырысты ашып, Үндістан мен Пәкістанды Шанхай ынтымақтастық ұйымының толық құқылы мүшесі етіп қабылдау рәсімінің аяқталғанына назар аударып, саммиттің тарихи маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшысы қол қоюға ұсынылған Экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі Шанхай ынтымақтастық ұйымының конвенциясының өзектілігіне де тоқталды. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті «Бейбіт миссия» атауымен өткізілген бірлескен антитеррорлық жаттығулардың ұйымға мүше мемлекеттердің тәжірибе жүзіндегі ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесін атап өтіп, биылғы сәуір айында Астана қаласында ұйымдастырылған «Есірткісіз әлем үшін» атты халықаралық акцияға қатысқаны үшін барлық тарапқа ризашылығын білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде ШЫҰ-ның халықаралық ұйымдармен және бірлестіктермен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жұмысына жеке тоқталып, ұйым аясында экономикалық кооперацияны ілгерілету мәселесіне назар аударып, осы саладағы жаңа институционалдық мүмкіндіктерді атап өтті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2017-2018 жылдардағы туризм саласындағы ынтымақтастығы бағдарламасын іске асыру жөніндегі бірлескен жұмыс жоспары аясындағы өзара іс-қимылдың белсенді болатынына назар аударды. Қазақстан Президенті еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өңірлік және жаһандық қақтығыстарды шешуге бар күш-жігерін салуға ұмтылатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның ядролық қарусыздану мен таратпау идеясын берік қолдайтынын атап өтіп, еліміз Солтүстік Кореядағы ядролық қаруға қатысты проблеманы реттеу жөніндегі келіссөздерді тезірек қайта бастауды құптайтынын айтты. Қазақстан Президенті «жасыл энергетиканы» дамыту бағытында елімізде атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
Соңында Мемлекет басшысы ұйымды дамытудың барлық басты бағыттары бойынша өзара іс-қимылдың жоғары деңгейіне мемлекеттер ортақ күш-жігер жұмсағанда ғана қол жеткізуге болатынын атап өтті. Отырыста, сондай-ақ, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев,
Үндістан Республикасының Премьер-Министрі Нарендра Моди, Пәкістан Ислам
Республикасының Премьер-Министрі Наваз Шариф, Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Ашраф Ғани, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Рашид Алимов, ШЫҰ Өңірлік антитеррорлық құрылымының атқарушы комитетінің директоры Евгений Сысоев, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – атқарушы хатшы Сергей Лебедев, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің Азиядағы атқарушы директоры Гун Цзяньвэй, Оңтүстік Шығыс Азия елдері қауымдастығының Бас хатшысы Ле Лыонг Минь, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Бас хатшысының орынбасары Аманжол Жанқұлиев сөз сөйледі. Іс-шара регламентіне сәйкес, отырыс соңында Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалық Қытай Халық Республикасына өтті.
***
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары отырысының қорытындысы бойынша мынадай құжаттар қабылданды:
1. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының Астана декларациясы;
2. Экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ШЫҰ конвенциясы;
3. Үндістан Республикасын ШЫҰ мүшесі ретінде қабылдау рәсімін аяқтау және оған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін беру жөніндегі ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
4. Пәкістан Ислам Республикасын ШЫҰ мүшесі ретінде қабылдау рәсімін аяқтау және оған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін беру жөніндегі ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
5. Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасына ШЫҰ-ның мүше мемлекеті мәртебесінің берілуіне байланысты ШЫҰ мүше мемлекеттерінің үлестік жарналары туралы ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
6. Шанхай ынтымақтастық ұйымының өткен жылдағы қызметі жөніндегі ұйымның Бас хатшысының баяндамасын бекіту туралы ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
7. Өңірлік антитеррорлық құрылымының 2016 жылғы қызметі жөніндегі ШЫҰ Өңірлік антитеррорлық құрылым кеңесінің баяндамасын бекіту туралы ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
8. ШЫҰ мүше мемлекеттерінің ШЫҰ Өңірлік антитеррорлық құрылым жанындағы тұрақты өкілі жөніндегі ережені бекіту туралы ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
9. ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесі шешімдерінің күшін жою туралы ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
10. ШЫҰ мүше мемлекеттер басшыларының халықаралық терроризмге қарсы бірлес-
кен іс-қимылы туралы мәлімдеме (қол қоюсыз қабылданады);
11. ШЫҰ мүше мемлекеттер кеңесі отырысының қорытындысы бойынша ақпараттық хабарлама (қол қоюсыз қабылданады).

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс