Асқақ рух, ұлы тарих белгiсi

Халықты таңбасына қарап таниды. Бүгінде өзінің айрықша белгісі жоқ елді Жер жүзін шарлап таппайсыз. Біздің де қастер тұтатын, жігерімізді жанып, рухымызды көтеретін – Көк байрағымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз бар. Осыдан 25 жыл бұрын Алтай мен Атырау арасындағы Ұлы Далада өшкен отын қайта жағып, тәуелсіздігін тұғырына қондырған Қазақстан 1992 жылдың 4 маусымы күні Мемлекеттік рәміздерін бекітті. Осынау тарихи сәт жыл са-йын Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтіп жүр. Тәуелсіздікпен бірге қайта түлеген ұлттық рухымыз, мызғымас бірлігіміз, асқақ арманымыз – бәрі де осы ұлттық нышандарда көрініс тапқан. Қазақстан байрақты бәсекелер мен алқалы жиындарда күн астында қыраны қалықтаған көк Туымен, ерекше Елтаңбасымен, жан тебірентер Әнұранымен танылып келеді.

Жаңа Мемлекеттік рәміздерді қабылдау жөніндегі ұсыныстар тәуелсіздік жарияланбай тұрып айтыла бастағанын көпшілік біле бермейді. Тоқсаныншы жылдардың басындағы өзгерістерден соң Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы құрылған Президенттік кеңес елдің жаңа болмысын қалыптастыруға байланысты ұсыныстар қабылдай бастаған. Соның ішінде рәміздерді өзгерту жөніндегі пікірлер де бар. Жоғарғы Кеңес 1992 жылдың қаңтар айынан алғашқы эскиздік нұсқаларды талқылай бас-тады. Жаңа рәміздерге конкурс жарияланған соң ұсыныстар өте көп түскен. Тудың – 1200, елтаңбаның – 245, әнұранның 750 нұсқасы ұсынылады. Мемлекеттік рәміздерді қабылдау жөніндегі кеңестің күні-түні жұмыс істеуіне тура келген. Жұртшылық азаттық айғақтарын қабылдауға өте белсенді қатысты. Қазақстан байрағы қазір әлемнің басқа да тәуелсіз мемлекеттерімен бірге БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб пәтерінде желбіреп тұр. Ел Әнұраны Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары жеңісінің құрметіне шырқалып жүр. Елтаңбамыз ұлттық теңгенің басып шығарылған банкнотында бейнеленген. Мемлекеттік рәміздеріміз алғашқы қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышта да болып қайтты. Осының бәрі – тарих, біздің егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі. Олар ел тәуелсіздігінің қасиетті, біріктіруші бейнесін танытады.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті жетекшісінің міндетін атқарушы Нұрлан Сейдалиннің айтуынша, мемлекеттік Елтаңбаны пайдаланудың жаңа стандарттары 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Осы уақыт аралығында өндіріс орындары өз өнімдерін өзгертіп, барлық мекемелер Елтаңбаны пайдаланудың жаңа стандарттарына көшуге тиіс. Мемлекеттік рәміздерді басып шығаратын лицензиясы бар мекемелер ұлт нышандарының бастапқы нұсқасының бұзылуына жол берген. Осының салдарынан елімізде Тудың, Елтаңбаның бастапқы стандарттан ауытқыған нұсқалары пайда болды. Сондықтан аталған мәселе жоғары құзырлы органдар тарапынан қаралып, түсіндіріліп, жаңа стандарт бекітілді. Өңірде Мемлекеттік рәміздерді дайындаумен айналысатын кәсіпорындар жоқ болғандықтан, Астана, Қарағанды қалаларынан арнайы тапсырыспен әкелінеді екен. Айта кетейік, бүгінде республикада 16 кәсіпорын мемлекеттік нышандарды шығарумен айналысады. «Бүгінде өңірде мемлекеттік елтаңбаларды ауыстыру жұмыстары аяқталуға жақын. Негізінен Целиноград, Сандықтау, Бұланды, Еңбекшілдер аудандарындағы мемлекеттік құрылымдар мен мекемелерде елтаңбалар толығымен ауыстырылды. Бұл үдеріске білім беру салалары да белсенді атсалысып келеді. Қазіргі уақытта Елтаңбаны ауыстыруға қатысты жұмыстың 90 пайызы аяқталды», – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім жетекшісі Оксана Салахова.
Арнайы ұйымдастырылған тексеру барысында мекемелерде Мемлекеттік рәміздерді қолдануда ірілі-ұсақты көптеген кемшіліктерге жол берілген. Мәселен, Мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабында қылмыстық жаза көрсетіліп, яғни бұл әрекеттерге бір мыңнан екі мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не нақ сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазасы белгіленген. Жиырма метр биіктікке жуықтайтын көпқабатты ғимараттарда Мемлекеттік Елтаңба соңғы қабаттың жабу деңгейінде диаметрі 1 метрден 1,5 метр аумаққа орналастырылады. Тексеру барысында бірқатар мекемелерде Мемлекеттік Елтаңба стандартқа сәйкес келмейтін болып шыққан. Мемлекеттік Тулардың да тозығы жетіп, жұлым-жұлымы шығыпты. Аудандардағы жағдай бұдан да көңілсіз. Мемлекеттік Ту мен Елтаңба кей басшылардың кабинеттерінде мүлдем орнатылмапты. Мемлекеттік рәміздер бейнеленген стендтер талапқа сай емес, яғни орналасу реттілігі сақталынбаған. Облыс аумағында өткізілген тексеру шараларының нәтижесі таныстырылып, анықталған кемшіліктерді жою бойынша ескертулер берілген. Аталған бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру көзделуде. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет бір облыстың емес, еліміздің, Қазақстанда тұратын барлық азаматтың мәселесі болуы тиіс. Бүгінгі таңда шын патриоттар аз деп айтып жатамыз. Шын мәнінде жастарымыз патриоттық рухта тәрбиеленіп келеді. Ел намысын қорғауға дайын тәуелсіз елдің өжет ұрпақтары өсіп келеді. Дегенмен, әлі де халыққа Мемлекеттік рәміздеріміздің қастерлілігін, оған үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін насихаттай беруіміз қажет.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс