Аталы сөз, өрелі ой, кесек қимыл!

Рүстем Әбдірәшевтің еліміз тарихына терең бойлап, тарихи мәлімет-деректерге сүйенген, танымдық маңызы зор, талғамды фильмдер – тарихи сериалдар ұсынуы тек бүгін емес. Ол бұған дейін де осы қырымен ерекшеленген. Бұл – сол іргелі жұмысының жалғасы. Талантты режиссер Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы бойынша тағы бір тамаша дүниесін алға тартты.
Екі сағаттық көркем фильм әуелі құнарлы, қанық ұлттық боя-уы, кең құлашты ауқымы, тыныс тарылтпас кең құлашымен баурайды-ақ. Дамыған, экономикасы нық, болашағы зор, кемел елдің дүниесі екенін аңғартады. Ішімізден, әлемнің қай түкпірінің көрермені болмасын осыны анық сезетін шығар деп түйдік. Ең алдымен фильм, әрине, әрідегі тарихи оқиғаларды көз алдымызға келтіріп, түсінікті баяндауымен қымбат. Осы оқиғалар тізбегі қым-қиғаш тартыс, сенімді әрекеттермен, серпінді сахналар, көз тоймас көріністермен ұсынылады. Еліміздің Досхан Жолжақсынов сияқты майталман өнер иелерімен жап-жас өрендердің тізе қоса жұмыс жасап, ертегінің батырларындай күн санап жетіліп, өсуі таң қалдырмай қоймайды. Шетелдік жұлдыздарға жармасатын ештеңе жоқ. Өзіміздің әр актеріміз алдына қойылған қандай міндетті болмасын жеріне жеткізе орындап шығар шеберлікке ие болыпты. Бәлкім, ұлт, тарих алдындағы жауапкершілік, жігіттік намыс та оларды алаулатқан шығар. Оны Бұрындық сұлтан, Қасым сұлтан рөлдеріндегі жігіттер ойыны дәлелдейді. Фильм тарихи оқиғалар өрбуін небір саяси шиеленістер, жекпе-жектер, ішкі ой тартыстары, психологиялық тебіріністер арқылы баурайды. Сол оқиға дамулары қым-қиғаш көріністермен алма-кезек ауысып, ынтықтыра түседі.
Ал, қазақ батырларының қару-жарағы, сауыт-сайманы, ат әбзелдері өз алдына бір әңгіме. Ол қыруар еңбек, ізденіс жемісі екені тағы даусыз. Фильмді әркім әртүрлі қабылдар. Өзімізге аса ұнағаны –оның кейіпкерлерінің кесек, ұтымды уәждері, қанатты сөздері, орамды ойлары. Аз сөзді, терең ойлы, текті қазақ! Өйтпеске амал да жоқтай-ау. Ел басына күн туған, ауа көшуге, жасанған жауға сәт сайын дайын тұруға, кеудені оққа тоссаң да ел мұратын ойлауға бас тіккізген заман. Сол қысталаңнан жол тапқан мәрт тұлғалар. Біздің кешегіміз, біздің ата-бабамыз. Еліміз осылай байрағын көтерген, осылай жерімізді сақтаған, бізге аманаттаған. Оңайлықпен келген олжа емес – тәуелсіздік! Осыны біл, зерделе, босаңсыма, текті жұрттың ұрпағы! Фильм осылай ой кештіреді. Әсіресе, жас ұрпақтың мұндай мазмұнды туындыны мұқият қарап, тебірене талқылағаны абзал. Рүстем Әбдірәшев бастаған шығармашылық ұжымның алға қарай да қазақ киносының өресін өсіріп, деңгейін тасыған судай көтеріп, мерейін үстем қыларына сенім мол.

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий