Ата – арым, ана – дәрім

Конкурс қорытындысы бойынша Гран-при жүлдесі Докаевтар мен Макинка қаласынан Әкімбаевтардың отбасына берілді. Отбасының отағасы Серік Құрмашұлы бірінші топтағы мүгедек, зағиптар мен мүгедектердің ерікті қоғамының төрағасы. Зайыбы Жаңылған Абдолқызы екеуі 17 баланы бауырына басып, асырап өсірді. Бұл балалар әртүрлі ұлттың өкілдері: араларында украиндар, татарлар, орыстар, поляктар, молдовандар және өзіміздің қазақтың қаракөздері де бар. Бір тамашасы бұл жеткіншектердің бәрі де спортқа құмар, сабақтарын үздік оқиды және мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Сандықтау ауданындағы Докаевтар отбасына келетін болсақ, шаңырақтың темірқазығы Атлана Алиевич ауданның құрметті азаматы, еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, кейін ауылшаруашылығы саласы бойынша кәсіпкерлікпен айналысқан. Қажырлы еңбегі үшін ол Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» медалімен марапатталған. Сыйластықтары жарасқан ерлі-зайыпты Таита Васильевна екеуі жақында шаңырақ көтергендеріне 40 жыл толуын атап өтті. Құрсақтарынан шыққан 4 баладан 10 немере сүйіп отыр. Олардың өмірлік ұстанымы – отбасының ынтымақ-бірлігі тамырының тереңдігінде. Конкурс нәтижесі бойынша Гран-приді екі отбасы иемденгенімен, республикалық байқауға біреуі ғана барады.
Зеренді ауданынан келген Сайран мен Гүлнұр Ыбыраевтардың отбасы үш бала тәрбиелеп, олардан екі немере сүйді. Сонымен бірге олар үш орыс баласын бауырына басып, асырап отыр. Бұл отбасы ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, жерлестері арасында үлкен бедел мен құрметке лайықты. Ел игілігі жолындағы қажырлы еңбектері үшін сан мәрте Құрмет грамоталарымен марапатталды. Жарқайың ауданындағы Сұлтановтар отбасы екінші жүлдегер атанды. Рахима апай 49 жасында жесір қалғанымен, тағдырдың тауқыметіне мойымады. Бүгінгі күні аяулы ана, ардақты әже 28 немере, 8 шөбере сүйіп отыр. Оның омырауында «Батыр ана» медалі жарқырайды. Үшінші орынды иеленген Көкшетау қаласындағы Айтқожиндер отбасы. Тыл еңбеккері, еңбек ардагері, көптеген наградалардың иегері Қажығали Айтқожин ақсақал мен оның зайыбы, «Алтын алқа» төсбелгісінің иегері Қазкен апа 11 бала тәрбиелеп өсірді. Кеше туған күнін атап өткен Қазкен анамыз сахнаға бүкіл ұрпақтарын бірге алып шықты. Шара соңында Мейрамбек пен Зере Қиықовтар «Тұсау кесу» рәсімін өткізді. Өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс