Ата-баба рухына тағзым ету – парыз

Манарбек Бұрмағанов – өңір жұртшылығына есімі жақсы таныс суретші, мүсіншілердің бірі. Әсіресе, оның тарихи тақырыпқа салған картиналары тартымды. Олардың қатарында «Абылай хан батырлары», «Жекпе-жек», «Кенесары сарбаздары», «Шыңғыс хан», «Томирис патшайым» картиналары бар. Тарихи тақырыпқа сурет салу үшін, әрине, тарихты зерттеп, зерделеу керек. Осындай әуестік оны өз ата-бабасы шежіресіне үңілуге де бастағаны сөзсіз. «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деп атамыз қазақ тегін айтты деймісіз. Тегіңді білу, өткенге тағзым ету, олардың атқарған ісінен тағылым алу ұлтымыздың ұстанымы. Қысқасы, зерттей жүріп суретші жазған осы бір мақаланы оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Ата-бабаларымыз жерленген Уәлиханов ауданындағы ескі Қойтасқа баруды, ескерткіш тақта орнатуды Гагарин кеңшарында тұрып, еңбек еткен әкемнің інісі Мырзабек ағайыма айтып едім, ол қуана келісті. Бұл ұсынысты ағаларым мен апаларым да қолдай кетті. Аталарым туралы мәліметтерді үлкендерден естігенмін және қағаз бетіне сызып сақтаған Өнербек ағамның шежіресінен алдым. Сол шежіреде жетінші болып Нұры атамыз жазылған, Қойтаста жерленген. Әкемнің апасы Зурадан және Омбы қаласында тұрған Мұстақым хазіреттің баласы Қорғанбек атамыздан ата-бабаларымыз батыр, палуан, шешен, би, қажы болған деген әңгімені талай естіп едім. Нұры батыр туралы жуырда Щучье қаласында тұратын Елубай ақсақал біраз дерек айтып берді. Гагарин кеңшарында зоотехник боп қызмет еткен Елубай аға ертеден жергілікті тарихи маңызды оқиғаларды, аңыздар мен жырларды, батырлар туралы ел аузынан естігендерін, шежірелерді жинай беріпті. Сол аймақтағы ескі жұрттардың атаулары көрсетілген карта да жасаған екен, онда қай жерде қандай шайқастар болғаны көрсетіліпті. Елубай ағамыздың өз қолымен сызып берген картасының дәл ортасында көрсетілген Қойтастың жан-жағында қалың ел: Ерейментау, Ақсу, Шытырымбек, Азнабай, Айсары, Қағынғап, Қара Мырза, Қызылағаш және т.б. атаулы елді мекендер болыпты. Тағы бір тарихи дерек, сол Қойтастың маңайында 1772 жылы Бөгембай батырдың ақырғы шайқасы болғаны анық.
Нұры батыр атақты Қанжығалы Бөгенбайдың қырық ержүрек нөкерлерінің бірі болыпты. Ең сенімді қырық батырдан құрылған жасақ жаудың мыңына бой бермейтін өте жақсы қаруланған, аса айлакер болған. Абылайдың бұйрығымен Бөгенбай батыр Қытайға елшілікке барғанда әлгі жасақ ханның баласы Әділ сұлтанға қорғаушы болған. Қытайдың Богды хан патшасы қазақтарды үлкен құрметпен қабылдаған екен. Бұл сапар тарихта 1761 жылы болған деп көрсетілген. Нұры батыр сөзге шешен, білгір, ірі денелі болыпты. Ол талай шайқастарға қатысқан, ақырында жоңғарлардың қоршауына түсіп, ерлікпен қаза тапқан. Батырдың сауыттары мықты болғандықтан, оны темір шоқпармен, айбалтамен ғана жеңген екен. Нұры батыр Степногорск қаласына барар жолдың бойындағы ескі зиратта жерленіпті. Бірақ әлі күнге ескерткіш тақта орнатылмаған.
Нұрының баласы алтыншы атамыз Бостыбайдың төрт перзенті болған. Бостыбай өз жұртында, яғни ескі Қойтаста жерленген. Шежіредегі бесінші атамыз Жарылғап туралы мәліметтер бойынша ол да батыр және палуан, сөзге өте шешен, білімді болған екен. 1973 жылы Омбы қаласында тұратын Жарылғаповтар әулетінің үлкені Қорғанбек атамыздың үйінен Өнербек ағамыз осы шежірені жазып алған, кейін әкем мені 8 кластан кейін Омбыға апарып училищеге оқуға берген. Жалпы, Қорғанбек атамыз ата-бабаларымыз туралы көп айтушы еді. Жарылғап Кенесары ханның кезінде елі үшін күрескен өжет батыр болған. Төртінші атамыз Әзмұхаммед, діни сауатты, қажы, сөзге шешен. Оның бес баласы болыпты, кішісі Дәуренбек Ұлы Отан соғысында қаза тауыпты. Үлкен баласы Бірмұхаммед – біздің әз атамыз, Қазан қаласында діни оқу оқыған. Атамыз қажылыққа екі рет барған, ол заманда жол жүру оңай емес екені белгілі. Мұндай сапар бір-екі жыл уақыт алады және екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осы аталарымыз Қойтаста жерленген.
Мұстақым хазірет Омбы облысы, Шарбақкөл ауданындағы Шахман ауылында жерленген, өткен жылы ағайын-туыс жиналып басына барып белгі орнатып, ас бердік. Бірмұхаммед қажының баласы Ғалиақпар атамыз 1872 жылы туған, діни оқыған, үлкен баласы Есләмбек 1942 жылы Сталинград түбінде соғыста қаза болған, Қаділбек аман-есен елге оралған. Ғалиақпардан 1929 жылы әкем Жұмабек туған. Әкеміздің балалық шағы өте бір қиын заман – ашаршылық жылдары өткен. Ғалиақпар да, әкем Жұмабек те еліміздегі солақай саясат кезінде қажылардың ұрпағы деп қуғын-сүргінді көп көрген. Бірмұхаммедұлы демей, Ғалиақпар атамыздың балаларының тегін кезінде қазақта кездеспейтін «Бурмаганов» деп бұрып жіберген. Әкем неше түрлі қиыншылықтарға қарамай білім іздеп Семейге барып, Шәкәрімнің, ұлы Ахаттың алдынан тәлім алып мектеп бітірген, соғыс кезінде бір жыл Қарағандыда шахтада істеп, шахта опырылғанда аяғы сынып елге оралған. Көкшетау педагогикалық училищесінің алғашқы түлектерінің бірі болған ол елуінші жылдары шешеммен танысқан. Қарағанды университетін сырттай бітірген. Екеуі Еңбекшілдер ауданындағы Мәдениет, Құдықағаш, Кішкентай ауылдарында ұзақ жыл ұстаздық етті. Мен Кішкентайға көшіп келген 1962 жылы дүниеге келіппін. Осы ауылдардың үлкендері әлі күнге біздің әке-шешемізді ризашылықпен еске алып, айтып отырады. Қысқаша жеті атамның өмірбаяны және тарихы осындай.
Аталарымызды еске алып, тағзым ету үшін Омбы қаласынан Мұстақым хазіреттің немересі Алтын Қорғанбекқызы, Кәмәл Хасенқызы, ағаларым Өнербек пен Құрманбек, үлкен ағам Асылбектың ұлы Асқар мен ең үлкеніміз – Мырзабек Ғалиақпарұлы мен жұбайы Күмісжан жеңгеміз, олардың баласы Төлебек және менің ұлым Біржан бар, былтыр жазда үш машинамен Уәлиханов ауданы, бұрынғы Гагарин кеңшарындағы Қойтасқа жол тарттық. Төлеубек екеуміз «Газель» көлігіне тас плитамызды, құрылысқа қажетті заттарды артып алдық. Кезінде гүлденіп тұрған Гагарин кеңшарының көрінісі, айтуға қиын жағдайда екен. Бірде-бір үй қалмаған, бәрі көшіп кеткен. Сол жерде артта қалған екі машинаны тосып алып, уақыт тығыз болғандықтан құран оқып, ескі Қойтасқа қарай жол тарттық. Ел-жұрт болмағасын жолдарды шөп басып кеткен. Бір үлкен қалың томардың қасынан ескі зират көрінді. Мырзабек атайдың айтуынша, біздің аталарымыз осы зиратта жатыр екен. Үлкен жалпақ тастардан қаланған қоршаудың ішіне кіріп, құран оқыдық. Маңайында сулары, ағашы бар, тастары көп, қалың шөп өскен Қойтастың табиғаты нағыз мал өсіруге қолайлы. Бұл аймақ – біздің атамыз Қарауыл Жауардың жұрты. Халықта «Жауар келді – жау келді» деген сөз бар. Өйткені, олар өз жерін қорғай білетін жауынгер батыр болған.
Апарған тас плитаны, батырдың тастан құйылған қалқанын осы зираттың қасына орнаттық. Әйелдер жағы бір ағаштың саясында ет аса бастады, жастар жағы сол жердегі құдықты суы шыққанша тазалап, көзін ашты. Тас орнатылғаннан кейін құран бағыштап, дайындалған асқа отырдық. Күн өте тамаша, таза ауасымен және сұлу табиғатымен тартымды болды. Аталарымыздың есімдері жазылған, беті майдаланған қара гранит тас батып бара жатқан күннің сәулесіне тағы да жарқырап алыстан көзге түсті. Жиналып, кетуге дайын тұрғанда зираттың үстінен жап-жарық болып толық ай шықты, осы көріністер бізге бір ғажайып болып көрінді. Қойтастан жылжып шыға бергенде, бір әдемі елік жолды кесіп шауып бара жатты. Мұның бәрін жақсылыққа жорыдым. Қолдаушылар табылып жоңғар шапқыншылығынан туған жерін қорғаған Нұрыдай қазақ батырларына арнап монумент немесе ескерткіш қойылса нұр үстіне нұр болар еді деген ой келді. Қазақ-жоңғар соғысы кезінде еліміз бен жеріміз үшін қан төккен аталарымызға жетінші ұрпақтары атынан алғысымызды айтып, тағзым етсек бәрімізге де абырой болушы еді деп ойлаймын.

Манарбек Бұрмағанов,
Нұры батырдың жетінші ұрпағы,
суретші, мүсінші.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс