Ата Заң – тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен 30 тамызда Тәуелсіздік алаңында Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған салтанатты шара өткізілді. Қала басшысы жиналған көпшілік қауымды айтулы мерекемен құттықтап, белсенді қоғамдық қызметі және өндірістік жоғары көрсеткіштері үшін жиырма екі адамды қала әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ, «Атамекен» кәсіпкерлер ұлттық палатасының өңірлік филиалы өткізген «Қазақстанның үздік тауары» конкурсының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарға құрмет көрсетілді.

23 ақмолалық компания қала тұрғындарының назарына түрлі тауарларды ұсынды. Кәсіпорындар үш аталым бойынша сынға түскен еді. Олардың жетістіктерімен алдымен танысқан қала әкімі Ермек Маржықпаев пен облыстық кәсіпкерлер Палатасының директоры Еркебұлан Баяхметов болды. Еске сала кетейік, «Алтын сапа» Президент сыйақысын алуға жол ашатын байқаудың өңірлік кезеңін өткізу «Атамекен» КҰП жүктелген болатын. Шара екі кезеңнен тұрады. Алдымен облыс деңгейінде, одан жеңгендер ұлттық біріншілікте бағын сынайды. Оған қатысудың басты шарттары- өндіретін өнімі бойынша немесе көрсететін қызметіне қарай белгілі бір нәтижеге жету, бәсекеге қабілетті болу, халықаралық стандарттарды енгізу. Көрмеге қойылған отандық тауарлар бірінен бірі өтеді. Олардың қатарында азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, өңдеуші және құрылыс саласы, сондай-ақ мамандандырылған қондырғылар бар. Облыс орталығының кәсіпорындары да көштен қалып жатқан жоқ. Мысалы, «Үздік азық-түлік тауары» аталымы бойынша «Шығыс тәттілері» брендімен жеке кәсіпкер Рафик Касумов ұн және кондитер өнімдерін алға тартты. «Үздік кәсіпорын» аталымына үш көкшетаулық фирма қатысты. Олар: «Енки» кірпіш зауыты, арболит шығаратын «Ерназаров и К» және «Вектор» комбайн зауыты. «Халыққа арналған тауарлар» аталымы бойынша «Арман» тоқыма кәсіпорны мен жиһаз жасайтын Әмір Сақтағановтың жеке кәсіпорны өзара бәсекелесті. Көрмені аралап шыққан қала әкімі тауарлардың сапасына және халық арасындағы сұранысына қатысты ой-пікірімен бөлісті. «Мұның бәрі Ата Заңның аясында жасалып жатқан шаралар. Конституциялық құқығын пайдалана алатын әрбір адамға бүгінде жеке кәсіпкерлігін ашып, оның жемісін татуға мүмкіндік берілген»- деді өзінің құттықтауында қала әкімі Ермек Маржықпаев. Бүгінде экономикамыз қарыштап дамып, әлеуметтік салада тың өзгерістер болып жатыр. Әрбір қазақстандық Ата Заңды тек мемлекет егемендігінің белгісі ретінде емес, өзі үшін де маңызды құжат екенін түсінгені абзал. Бірлік бар жерде байлық бар»- деді өз сөзінде қала басшысы. Салтанатты шара қаланы көркейтуге үлесін қосып жатқан азаматтарды марапаттаумен жалғасты. «Көкшетау Жылу» мекемесінің темір ұстасы Александр Легкоступов, «Достар» мәдениет сарайының әдіскері Жанар Құсайынова, «Көкше Жәрдем» мекемесінің абаттандыру бойынша шебері Қайрат Мәмбеталиновтар қала әкімінің алғыс хатын алды. Ал «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауының жеңімпаздарын сарапшылар тобы анықтады. Щучьелік жеке кәсіпкер Жуков, «Астана Агропродукт» серіктестігі мен көкшетаулық «Вектор» комбайн зауыты үшінші орынға тұрақтады. Екінші орынға целиноградтық «Capital Projects LTD», көкшетаулық  «ENKI» кірпіш зауыты мен «Арман» тоқыма фабрикасы көтерілді. Ал бас жүлделер «Көкше-мебель» кәсіпорнына,    астрахандық «AZAM- KC» серіктестігіне және Жақсы ауданының «ТНК Агрофирмасына» берілді.

«Кәсіпорында 80 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Өнімімізді Көкшетау, Степногорск, Ақкөл, Атбасар және Щучьеге өткіземіз. «Қазақстанның үздік тауары» байқауына бірінші рет қатысып отырмыз. Соның өзінде жеңімпаз атануымыз біз үшін үлкен олжа»-дейді «Көкше-мебель» кәсіпорнының иесі Әмір Сақтағанов. — Бірақ біз ел ішінде бір-бірімізге бәсекелес емеспіз. Біздің басты қарсыластарымыз шетелдік тауар өндірушілер. Ал біз өз еліміз үшін қызмет етіп, өз жерлестерімізді жұмыспен қамтып жатырмыз. Енді жеңіс тұғырынан көрінгеннен кейін ары қарай да көкшетаулық бренд атауына лайық болуға тырысамыз. Мерекенің ресми бөлімі «Тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы- Ата заң» концерттік бағдарламасына ұласты. Қалалықтар спорттық сайыстарға, жастарға арналған акциялар мен автошеруге қатысты. Конституция күнінің мерекелік іс-шаралары кешке дейін жалғасты.

Тәуелсіздік алаңынан мерекелік репортажды жүргізген арнаулы тілшіміз Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс