Атбасарда қорғаныс бөгеті салынды

Облыс әкімі Сергей Кулагин 24 қаңтарда Атбасар ауданында болған кезінде Покровка орта мектебінде болды. Бұл білім ошағында өткен жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Покровка-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің есебінен 90 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді.

– Біз шатырды, кіреберісті, есік, терезелерді, едендік төсемелер мен плиткаларды жаңарттық. Толық ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп, қабырғаларды создық, мектеп алдындағы жолды жөндеп, қоршаулар орнаттық. Сондай-ақ, мектептің ескі жиһазы да толық жаңартылды, – деді облыс әкіміне аталмыш кәсіпорын басшысы Уәлихан Арипов. Атап өту керек, бұл осы ауылдағы жеке сала тарапынан жасалып жатқан жалғыз игілікті көрсеткіш емес. Өткен жылы «Әріп-Агро» ЖШС осы Покровка ауылының жергілікті фельдшерлік-акушерлік орталығын жөндеп берген-ді. Атап айтқанда, жеке серіктестік дәрігерлік мекемеге жөндеуден басқа дәрігерлік жиһаз, қондырғылар мен жедел жәрдем көлігін сатып алып берген. Жалпы, ФАП-тың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 11 млн. теңге қаражат жұмсалған екен.

Жылда Атбасар ауданындағы Жабай өзенін жағалай қоныстанған елді өзен және қар суы әбігерге салады. Бұл қауіп, әсіресе, қыс айларының соңында, көктем мезгілінің басында күшейе түседі. Сондықтан аймақта қауіптің алдын алу шаралары жыл бойы жүйелі түрде жүргізілуде. Кеше Атбасар ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Сергей Кулагин осы бағыттағы жұмыстардың барысын пысықтады. «Ағымдағы жылы қалың жауған қар суы қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты көктемгі су тасқынын болдырмас үшін, осы бағыттағы жұмысты бір сәтке де бәсеңдетпеу керек», – деді облыс әкімі. Еске сала кетейік, өткен 2016 жылы Атбасар ауданында тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қауіптің алдын алу мақсатында Жабай өзенінің бойына ұзындығы 9,5 км болатын қорғаныс бөгеті салынған болатын.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс