Атқарылып жатқан істер көңілге қонымды

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс бабындағы іссапармен облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралады. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан тұрғын үйлер, бизнес орталықтар мен балаларға арналған спорттық алаңдар шаһар басшысының ерекше бақылауында. Олқы тұстарға қатысты сын айтып, жұмысты ширата түсуді тапсырған Ермек Боранбайұлы әр нысанды өз мерзімінде пайдалануға беру қажеттігін тағы еске салды. Нысандарды қала басшысымен бірге қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса және жауапты мекеме жетекшілері бірге аралады.

«Көктем» мөлтек ауданындағы 45 пәтерлік 9 қабатты үйдің құрылысына тамыз айында қаржы бөлінген. Алайда, құрылыс жұмыстары тым кеш басталған. Оған жауын-шашынның да кедергісі көп болса керек. Мердігерлердің бұл сылтауы қала әкімін қанағаттандырмады. Өйткені, алда қаһарлы қыс келе жатыр. Ондай мезгілде құрылыс жұмыстарын жүргізу әжептәуір қиындықтар туғызады. Қазір ғана іргетасы құйылып жатқан тұрғын үйдің мерзімінен кеш пайдалануға берілуі мүмкін. Сондықтан шаһар басшысы «Строй Теx IC» серіктестігінің басшылығына сын айтты. «Центральный» мөлтек ауданындағы 55 «Б» мекенжайында бой көтеріп жатқан 45 пәтерлік 9 қабатты үйдің де құрылыс жұмыстарында ақаулар бар. «Эксперт Арсенал» серіктестігі басшыларының айтуынша, бұл жердің топырағы сазды, әрі ылғал көп, ол өз кезегінде шаруаны тежеп тұр. Жер асты суларының кедергісі тағы бар. Қажетті техниканың істен шығуы да сондықтан. Дегенмен қала әкімі жұмысты ширатуды тапсырды. Балабақша мен мектепке баратын жол сын көтермейді. Оқушыларға үнемі белуардан саз кешуге тура келеді. Сала басшыларына осы ауланың ішкі жолдарын аз уақыттың ішінде қалыпқа келтіру тапсырылды.
Қала әкімі Ермек Маржықпаевты «AGRIMER ASTYK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ашылған спорт залы қызықтырды. Кәсіпорын қызметкерлері үшін жабдықталған ғимаратта заманауи қондырғылар қойылған. Қызметкерлер тренажер залдарында шынығып, йогамен айналысып, аэробикамен шұғылдана алады. Түрлі спорттық ойындарға арналған зал сапалы жасалған. Ғимаратты аралап шыққан қала әкімі бұл бастамаға жақсы бағасын берді. Әуезов көшесіндегі 236 үйдің ауласында балаларға арналып футбол алаңы жасақталыпты. Жасанды шөп төселген. Қақпалары сырланып, балалар игілігіне қызмет етпек. Қала басшысы футбол алаңына тиесілі белгілерін салып, шамдармен жарықтандыруды тапсырды. Осы маңдағы тұрғындармен әңгіме барысында балалардың спорт алаңын күтіп ұстау қажеттігін еске салды. Жақсы бастамалар қолдау табуы тиіс. Дегенмен сын-ескертпелерін айтқан тұрғындар да болды. Футбол алаңы салынғанымен, кішкентай балдырғандардың ойын алаңы ескерусіз қалыпты. Оған қала басшысы тұрғындардың өздері де қызығушылық танытып, балаларына қажетті алаңқайды жөнге келтіруді ескертті. Яғни, жанашырлық танытқан жөн. Қол қусырып қарап отыратын уақыт емес. Үй құрылысы комбинаты пилоттық жобаны қолға алыпты. Бұл мекеме «Автоқалашық» аумағында панельден 90 пәтерлік 9 қабатты тұрғын үй салып жатыр. Қазір екі қабаты көтерілген. Материалдары – отандық өнім. Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан Ермек Боранбайұлы жаңа бастамаға көңілі толатынын жеткізді. «Регион строй» серіктестігінің директоры Александр Дворцевойдың айтуынша, алдағы уақытта дәл осындай тағы екі үйдің құрылысы қолға алынбақ. Пәтерлер жалға беріледі. Сапар барысында қала әкімі «Престиж Кокше» серіктестігінің қазіргі ахуалымен танысып, Әуелбеков көшесінде бой көтеріп жатқан қонақ үйдің ішкі әрлеу жұмыстарына назар аударды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс