Атқарылған да, атқаратын да іс көп

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев 19-25 қаңтар аралығында Краснояр селолық округі мен Станционный поселкесі тұрғындарымен, №1, 21, 14, 13, 19 орта мектептерде жұртшылық өкілдерімен есепті кездесу өткізіп, 2016 жылы облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жайлы толық ақпарат берді. Сондай-ақ, әлі де шешімін таппай отырған көкейтесті мәселелерге тоқталып, оны бірлесе оңтайлы шешудің жолдарын да атап көрсетті. Кездесуде қала басшысына тұрғындар тарапынан көптеген сауалдар да қойылды. Айтылған ұсыныс-пікірлерді орынды бағалаған қала әкімі бәріне толыққанды жауап беруге тырысты.

Қала әкімі Ермек Маржықпаев 24 қаңтарда Зас-танционный мөлтек ауданының тұрғындарымен есепті кездесу өткізді.
Жасыратыны жоқ, жұрт «Шанхай» деп атайтын темір жол бекетінің, тарау-тарау пойыз жолының арғы бетіндегі бұл аймақта кемшілік көп еді. Күрек тимеген жөндеусіз көшелер, қараңғылық, жол жүдеулігі, автобус қатынасындағы олқылықтар, қар суының адым аштырмауы, тағысын-тағы жетімсіздік жетіп артылатын. Өткен жылғы кездесуінде қала әкімі осы тақылеттес сауалдарды тыңдап, оларды шешуге тырысатынын айтқан-ды. Енді, міне, тұрғындар бір жыл ішінде талай істің атқарылғанына шын ықыластарын білдірді. Мектеп ғимараты қоршалып, балалардың ойын алаңы жабдықталған. Жаңа балабақша іске қосылып, орталық көше жөнделіп, жарықтандырылған. Монша кешені салынып жатыр. Қаланың Капцевич көшесінің күрделі жөндеуден өткізілуі де «Шанхай» үшін үлкен тыныс болды. Застанционныйдан көлікпен жүріп келіп осы күре жолға қосылу жол қысқартты. Уақыт үнем. Былтыр айтылған тағы бір өтініш орындалып, үлкен автобустар жүретін болды. Әкім биыл мөлтек
ауданның солтүстік бетіндегі бірқатар көшелер жөнделіп, осы сияқты күре жолға қосылатынын айтты. Биыл лайықты орындар қарастырылып, үш балалар ойын алаңдары салынып беріледі. Тек ойын алаңдарын бақылап, күтіп ұстайтын жа-уапты мекеме немесе адамдар болуы керек. Әйтпесе, қалада осындай дайын дүниені істен шығару фактілері көп. Әкім өз сөзінде облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық даму барысына кеңінен тоқталды. Құрылыстың жүруінде, әлеуметтік нысандардың ашылуында, басқа көрсеткіштерде серпінді алға басу бар. Былтыр қаншама уақыт сынып тұрған 12 лифт қалпына келтірілді. Осы қарқын жалғаса бермек. Сонымен, Застанционныйда көп жылдар қолға алынбаған жұмыстарға жан бітті, көп іс атқарылды, алға қойған жаңа жоспарлар да бар. Орталықтан сырт көшелердің ішінде жол жиегінде суағар, жасанды жылғалар жоқ. Соның салдарынан көктемде қар суы бірқатар үйлердің іргесін алып, берекені кетіруде. Құрсаған ылғал-ызғардан бала-шағасын басқа үйге әкететіндер бар. Жүріп-тұруға да қиын. Балалар мектепке су кешіп, үсті-бастарын балшықтап келеді. Жылу желісінде бар қызуын далаға жіберіп, жалаңаш тұрған жерлер бар. Пошта, дәрігерлер көмегінде де қолайсыздық орын алған.
– Біз емханаға, ауруханаға барғанда аяғымызға олар ұсынған бахилдарды сатып алып кіреміз. Ал, жедел жәрдем дәрігері үйге келгенде аяқ киімдерін шешпестен төрден бір-ақ шығады. Неге?
– Жұма күні қайтқан кісіні шығарғанда молдалар: «Жұма намазына кешігеміз» – деп жұртты асықтырып, өздері тез кетіп қалады. Қазалы болып отырған үй иелерінің көңіліне қарамайды.
– Көшелерге енсіз болса да жаяу жүргінші жолдары салынса екен.
– Шеткері зауыттарда біраз адамдар жұмыс жасайды. Солар үшін автобус бағыттары ыңғайландырылса.
Застанциондықтар тілек-ұсыныстарын тыңдай келе, қала әкімі оның аяқасты қалмайтындығын жеткізді. Сондай-ақ, жалпы көкшетаулықтарға тілегін жеткізді: тек тұрғындар ғана коммуналдық қызмет үшін 800 млн. теңге қарыз. Қаланың қары үнемі шығарылып, жағуға көмір болып тұруы үшін осындай қарыздар өтелуі керек. Орнатылған әдемі аялдамаларды сындыру, еккен гүлдерді жұлу, құтысымен көтеріп әкету, ұрлау жиі қайталануда. Осындай әрекеттерді сырттан келіп ешкім істемейді. Олар өз балаларымыз, туыстарымыз. Демек, тәрбие мәселесімен тиімді айналысуға тиіспіз. Қаламыз жақсара түсуі үшін тазалық пен тәртіпке бәріміз көңіл бөлуіміз керек.

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың «Васильковка» мөлтек ауданының тұрғындарымен есепті кездесуі №19 орта мектепте өтті. Әкім есебінде айтылғандай, экономиканың қай саласында да өндірістік көрсеткіштер өсе түсуде, жаңа өндіріс нысандары көбейіп, кәсіпорындар салаларын кеңейтуде, кәсіпкерлік және қызмет көрсету қазіргі заманға сай мамандануда. Мұның бәрі қалада әлеуметтік, тұрмыстық проблемаларды шешуге оң ықпал етуде.

Экономикалық өсім мен инвестиция, шағын және орта кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан қат-қабат шаруалар легі де айтылды. Облыс орталығының алдағы бағыт-бағдарына да басымдық беріліп, қандай мәселеге алдымен көңіл бөлу керектігі айқындалды. Соңғы жылдары қалада жаңадан саябақтар, гүлді-субұрқақты гүлзарлар орнады. Абаттандырылған, ерекше жарық шамдар қондырылған, жаңғыртып қайта асфальтталған көшелер молая түсті. Әсіресе, тазалық, көгалдандыру жұмыстары бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүргізілді. Осындай жағдайда да қаланың шаруасы түгелденді деуге болмайды. Жыл келуімен оның жұмысы көбейе береді. Жаңа міндеттер туындайды. Қаланың тірлігі – таусылмайтын, жыл он екі ай жалғаса беретін қиын тірлік. Соның ішінде шеткері аудандардағы жұмыстар әлі де күрделі.
Қала әкімі есептік баяндамасында білім беру саласына көп көңіл бөлініп келе жатқанын тілге тиек етті. Әлеуметтік мәселелердің алда да жалғасатынын айта келіп, былтыр қала аумағында «Көктем» мөлтек ауданында 280 орындық, Застанционный поселкесінде 240 орындық балабақша пайдалануға берілді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында былтыр бес жекеменшік балабақша бүлдіршіндерге есігін ашты.
Қала әкімі өткен жылы орта және шағын бизнес саласының ерекше дамығанын тілге тиек етті. Былтырғы жылы тұрғын үй құрылысының көлемі де артып, бұл саладағы жұмыстар да қарқын ала бастаған. – Қала қазынасының көлемі көбейген сайын туындаған мәселелерді шешудің мүмкіндігі де арта түсетіні белгілі, өйткені көптеген түйткілдердің шешімі қаражатқа келіп тіреледі,–деді қала басшысы.
Кездесуде тұрғындар көбіне абаттандыру, жолдардың сапасы, көшелерді қардан тазарту жайын қозғады. №19 орта мектепке барар жаяу жүргіншілер жолының жоқтығы қынжылтады екен. Бұл мәселе бақылауға алынып, жыл ішінде шешімін табатынына уәде берілді. «Бірлік» мөлтек ауданында ФАП ашу мәселесі де толғандырарлық сұрақтардың бірі болды. Бұл сұрақ бойынша да тиісті түсініктеме айтылды. Тұрғындардың бірі жаңа спорт кешеніне жедел түрде бейнебақылау орнату қажеттігін алға тартты. Айтуларынша, жастар улап-шулап, ортақ мүлікті бүлдіреді. Шамдары да ұрлана бастаған. – Бұл күнде ұсақ құқық бұзушылық қоғамда күрделі мәселеге айналып отыр. Мұнымен күресу полицияның немесе әкімнің ғана міндеті емес, бәріміз жұмыла күш біріктіретін – баршаның ісі. Көшедегі келеңсіз көріністермен бәріміз бірігіп күрессек қана құқық бұзушылықтың алдын аламыз, – деген жауап қайтарды қала әкімі. Көпшілікті алаңдатқан сауалдардың бірі баспана мәселесі болды. «Он екі жылдан бері пәтер кезегінде тұрған І топ мүгедегі қашан баспанаға қол жеткізеді?» деген сауал қойылды. Қала басшысы: «Соңғы жылдары тұрғын үйлер көптеп бой көтеруде. Биыл кезек жүз адамға жылжиды деп күтілуде. Қала бойынша 11 мыңнан аса адам пәтер кезегінде тұр. Заң бойынша бас-пана кезекке сәйкес беріледі», – деді. Кездесуде облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Баймағамбетов кеңес заманындағы «Тұрғын үй-91» бағдарламасымен тұрғын үйлер берілгеннен бастап мөлтек ауданда абаттандыру жұмыстары жүргізілмегендігін, соңғы жылдары қалалық әкімдіктің ықпалымен бұл іске қозғау салынғандығын, көптен күткен жаңарту жұмыстары жүргізіліп, аулалардың жаңа кейіпке енгенін атап өтті. – Былтыр мөлтек ауданда жол қабаты мен қақпалар жаңартылып, жиектастар мен бедертастар төселді. Жаз бойы ойын алаңдарын орнату, жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары қолға алынды. Осы орайда қалалық әкімдік, жобалаушылар мен тұрғындардың бірлесіп іс-қимыл танытып жатқандары қуантады. Ендігі жерде жасалған дүниелерді бүлдірмей сақтау міндеті тұр. Қалпына келтірілген аулалар мен алаңдарды ПИК балансына беруді ойластырған жөн, – деп ұсыныс білдірді.
Кездесу қала басшысы мен халық арасындағы ашық әңгіме, алдағы күндердегі жұмыстар жайлы бірлесе кеңесу тұрғысында, емен-жарқын жылы жүздесу жағдайында өтті. Соңғы жылдары қаламызда болып жатқан оңды өзгерістер де тұрғындар назарынан тыс қалған жоқ. Білім ордасының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Римма Баймағанбетова мектеп аумағын қоршау, шатырын бүтіндеу сияқты атқарылған игілікті істерге байланыс-ты тұрғындар атынан ризашылық білдірді. Кездесу соңында жиналған тұрғындар қала басшысына болашақта атқарар жұмыстарына жеміс тілеп тарқасты.

Қала әкімі Ермек Маржықпаев есепті кездесуін №13 орта мектепте өткізіп, сол аумақ тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Шаһар басшысы өткен жылы атқарылған істерді баяндап, жаңа жылғы жоспарлармен бөлісті.
Кездесуге келген «Юбилейный», «Боровской», «Бейбітшілік» мөлтек аудандарының тұрғындары автобус қатынасы, жол мен аулалардың жөнделуі, балалар алаңдарының салынуы, кәріз және су құбырларының қалыпқа келтірілуі, тұрғын үй құрылысының кірбің тұстары жайлы сауалдарын жолдап, нақты жауаптар алды. Ең бірінші сауал қойғандар №20 коррекциялық мектептің сыртынан баспана тұрғызғандар. Олар бұл бағытқа әлі күнге дейін автобус жүрмейтінін, балалар қысы-жазы №13, №18 орта мектептерге жаяу қатынайтынын, жолдың қардан уақытында тазартылмайтынын айтты. Қала әкімі «Бейбітшілік» мөлтек ауданының тұрғындарының осы өтінішіне орай жолдарға ағымдық жөндеу жүргізіліп, су тарту мәселесі шешілетіндігін айтты. Ал, «Юбилейный» мөлтек ауданындағы №32, 32 «а» және 30 үй тұрғындары тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасына қатысқан. Алайда, абаттандыру шаралары аяқсыз қалғанына ренжулі. Онымен қоса осы үш үйдің ауласында жаңа 9 қабатты тұрғын үйдің іргетасына қажетті свайлар қағылып жатыр. Тұрғындар оған наразы. Аумақты тарылтып қана қоймай, жаңа үй бой көтерсе, бес қабатты тұрғын үйлерге жарық аз түседі және свайлардың салмағынан ескі үйлердің қабырғалары жарыла бастапты. Осыған алаңдаулы тұрғындар құрылыс жұмыстарын тоқтатып, ол жерге үй салмауды сұрады. Әрі үйлердің жертөлелеріне жиналған суды сорғызу қажет-ақ.
Кешкі 20.00-сағат шамасында мектеп маңындағы жарық түгел сөндіріледі. Бұл – балалар үшін қауіпті. Сондықтан көше шамдарын сөндіру уақытын реттеу керек. №13 орта мектептің жанында оқушыларға арналған жаяу жүргінші жолағы жоқ, бағдаршам да орнатылмаған. Дәл осындай жағдай соңғы аялдамада орналасқан №20 орта мектеп оқушылары үшін де қиындық туғызып келеді. Қала әкімі соған орай тапсырма жүктеді.
Саин көшесіндегі 39 үйдің кәріз люктары ашық жатыр, кейбірі құлап, ішіне түсіп кеткен. Тұрғындар оларды тастармен қоршап қойыпты. Бірақ ойын баласы үшін бұл кедергі емес. Қала басшысы оны бірден назарға алуды тапсырды. «Боровской» мөлтек ауданындағы 74 үйдің жылу жүйесі дұрыс жұмыс істемейді, орталықтандырылған газ жүйесіне қосылған пәтерлерде жиі көгілдір отынның иісі шығып тұрады. Бұл денсаулыққа аса зиян, от шығу қаупі бар. 8 март көшесінің тұрғындары атынан сөз алған қария базар саудагерлерінің төңіректі қоқыспен ластайтынын айтып шағымданды. Ермек Боранбайұлы осы аптада айтылған сын-ескертпелерге қатысты тұрғындармен арнайы барып жолығып, бәрін өз көзімен көруге уәде етті. Балалар алаңдарындағы әткеншектердің сапасына қатысты да шағымданғандар болды. Қаланың қардан тазартылуына жауапты коммуналдық қызметтің және қоғамдық тәртіп сақшыларының өз ісіне жауапкершілікпен қарайтынына ризашылығын білдірген тұрғындар да болды. Шаһар басшысы сөзінің соңында көкшетаулықтардан өз қаласына сүйіспеншілікпен қарауды сұрады.

Қала әкімінің есепті кездесулерінен репортажды дайындаған арнаулы тілшілеріміз Серік Сапарұлы, Әсем Жүніс, Гәкку Асылбекқызы. 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс