Атқарылған жұмыстың сапасын арнайы комиссия анықтайды

Оқу жылы тәмәмдалып, балалар жазғы демалысқа шыға салысымен білім ошақтарын жаңарту жұмыстары басталады. Көкшетау қаласындағы мектептер мен балабақшаларға күрделі және ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Қалалық бюджеттен екі балабақшаны күрделі жөндеуден өткізуге 46 миллион 591 мың теңге, ал мектептердің ағымдық жөндеу жұмыстарына 143 миллион 131 мың теңге бөлінген. Сондай-ақ, жылу мен су құбырларының беріктігін тексеру және шаюға  қосымша 5 миллион теңғе берілді», – дейді қалалық білім бөлімінің техникалық бақылау бойынша кеңесші-маманы Майра Дайырова.

Жалпы, Көкшетау қаласында барлығы 24 орта мектеп  бар. Балабақшалардың саны-27. Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары мамыр айының соңын ала басталды. Бұл көбінесе электр желілерін, жылу құбырларын жаңарту, сынып бөлмелерін сылап, сырлау, есік-терезелерін ауыстыру, жуып-жинау сияқты шаруалар. Қаладағы №10 және №15 орта мектептерден басқасы орталық жылу жүйесінен жылытылады. Аталған екі білім ошағына автономды жылытқыш орнатылған. Оларға 1 миллион 800 мың теңге қатты отын сатып алуға бөлінген болатын. Бүгінде қос мектеп қысқа қажетті көмірмен жабдықталған. Ағымдық жөндеу жұмыстары жылу және су құбырларын шайып, тазалаумен қатар жүргізіледі. Қазір барлық дерлік білім ошақтары бұл шаруаны жүйелеп, бірқатары қыс маусымына дайын екендігін білдіретін актісін алып та үлгеріпті. Ал, қалған бөлігі тамыздың 1-не дейін осы құжатқа қол жеткізеді. Ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстары ары кеткенде тамыздың 10-да толық аяқталуы тиіс. Тәртіп солай. Биыл Көкшетау қаласындағы «Жұлдыз», «Гагарин» балабақшаларының есік-терезелері ауыстырылып, «Аққу» бөбекжайының шатыры жөнделуде. Мұнымен қоса мектепке дейінгі мекемелер мен білім ошақтарының маңын абаттандыру жұмыстары да үнемі назарда.
Жыл сайын кем дегенде екі оқу жиһаз жиынтығы сатып алынады. Биыл жаңа модификация кабинеттерімен, атап айтқанда лингафонды мультимедиялық, компьютерлік және химия кабинеттерімен және оған қажетті құралдармен №2 орта мектеп, Мәлік Ғабдуллин атындағы №3, № 13 «Экос» мектеп-гимназиялары және №1 Краснояр орта мектептері жабдықталды. Сонымен қатар Красный Яр селосындағы №2 және №3 орта мектептер де қосымша жарақтанды. Бір ғана химия кабинетінің құны 4 миллион теңгеден асады. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған бұл бөлмелерде осы пәнді терең оқуға, сабақ үстінде тәжірибелер жүргізуге қажеттінің бәрі бар. Баланың білімі тереңдейді, әрі таным-түсінігі кеңейеді. Өте ыңғайлы, әрі қажетті. Білім ошақтарындағы ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстарына құрылысшылармен қатар, мектеп пен балабақшаның техникалық қызметкерлері де тартылады. Жаз айларында бос отырып қалмау үшін олар қосымша жұмыстарға өздері сұранады, есесіне қаламақысын уақытында қолына алады. Көкшетау қалалық әкімдігінің қаулысы бойынша тамыздың 1-і мен 11-і аралығында барлық мектептер мен балабақшалардың жаңа оқу жылына дайындығын тексеретін арнайы комиссия өз жұмысын бастайды. Оның құрамына білім бөлімі, өрт және электр қауіпсіздігінің мамандары кіреді. Актіге қол қойылғаннан кейін білім ошақтары балаларды қабылдауға дайын  деп есептеледі.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс