Атқарылған істер көңілге қуаныш ұялатады

Сәрсенбінің сәтіндегі кезекті жұмыс сапары кезінде қала әкімі Ермек Маржықпаев отандық өндіріске жан-жақты қолдау көрсетуге және әлеуметтік мәселелердің тезірек шешім табуына айрықша көңіл бөлді. Бұл шаралар, сөз жоқ, адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп, алаңсыз тұрмыс кешуіне кепілдік береді.

Қала әкімі Ермек Маржықпаев алдымен №14 автобус жүретін тау шатқалы тұрғындарының шағымына байланысты сол аумаққа барды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, автобус жүргізушілерінің басым бөлігі Краснояр бағытына қарай өтіп кетеді. Ал, тау шатқалында тұратындар жаяулап-жалпылап Әуезов көшесіндегі аялдамаға барады. Бұл жағдай саяжайлардың жұмысы басталғаннан орын алған. Қала әкімі бұл мәселе назарға алынып, автобус қатынасын реттеу қажет деп тиісті мекеме басшыларына тапсырма берді. Сондай-ақ, бұл маңды қыста қалың қар басады. Осы жағдайға қатысты да өз өтініштерін білдірген жергілікті тұрғындар көшені жарықтандырып, жолдың жөнделгеніне алғыстарын айтты. Ағын суларға арналған науалар жоқ. Сондықтан жаңбыр суы асфальттың үстіне жиналып, оны бүлдіріп жатыр. Шаһар басшысы тұрғындардың өтініш-тілектері назарда болатынын айтты. Көкшетау қаласын жоғарыдан шолуға арналған Бұқпа тауындағы алаңда қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы аумағы 130 шаршы метр. Қазір мұнда қырланған кеспе тастар төселуде. Ермек Боранбайұлы мердігерлерге алаңды қоршап, отырғыштар қоюды тапсырды. Дәл сол жердегі тағы бір төбешіктегі алаңды келесі жылы жөндеп, абаттандыру көзделген. Ол жерге Әуелбеков көшесінен жоғарыға бірден көтерілуге болатындай баспалдақ та жасалатын болады.
«Бірлік» мөлтек ауданында қала әкімі асфальт пен тақталар төселген тротуардың жайын көзімен көріп, жасалған жұмыстардың сапасына мән берді. Бұрын сазданып жататын 1000 шақырымдық аумаққа қос қабат асфальт төселген. Бұл мақсатқа 37 миллион теңгедей қаржы жұмсалған. №22 тоғыз жылдық мектептің жанында көлік тұрағы қарастырылған. Шаһар басшысы білім ошағының спортзалына және мектеп сыртындағы спорт алаңына барды. Жасанды шөп төселген алаң тек оқушыларға ғана емес, жергілікті тұрғындар үшін жасалғанын айтты. Сондықтан денесін шынықтырып, доп қуамын дегендерге еш кедергі болмау керек. Аталған мөлтек
ауданда үй салуға қажетті учаскелер бөлінуде. Алдағы уақытта бұл аумаққа қоныс аударушылар қатары көбейеді. Қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Жүсіпов №22 тоғыз жылдық мектепке келесі жылы орта мектеп статусын беруге болатынын айтты. Қазір 287 оқушы бір ауысымда оқиды. Ал, егер орта мектеп статусы беріліп, бала саны өссе, екі ауысымға көшеді. Сүлейменов көшесіндегі жақында ашылған воркаут алаңына спорттың осы түрімен айналысушыларды көптеп тартуды тапсырды.
Ермек Боранбайұлы бұл күні сонымен қатар «Көкше» акционерлік қоғамы мен «Вольт-Көкше» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Аумағы атшаптырым ғимаратта орналасқан қос кәсіпорын қазір бірлесіп, электртехникалық құрылғылар, жабдықтар, шағын станциялар, трансформаторлар құрастырып, жылу-электр станцияларына қажетті жылытқыштар жасаумен айналысады. «Көкше-Вольт» серіктестігі басшыларының айтуынша, қазір швейцариялық әдіспен түрлі электр құрылғыларын шығарады. Қазір мұнда 39 адам жұмыс істейді. Тағы 10 адам алу жоспарда бар. Мамандардың бәрі – жергілікті жастар. Кәсіптік-техникалық колледждермен келісім жасалып, түлектерін осында шақырып, өздері үйретіп, тәжірибе жинақтатады. Аталған серіктестік Алматы қаласында тіркелген. Қала әкімі кәсіпорын Көкшетауда орналасқаннан кейін осы жерге тіркеліп, бірлесе жұмыс істеу қажеттігін айтты. Мамыр айында іске қосылған өндіріс орны 800 миллион теңгенің өнімін шығарған. Кәсіпорын басшыларымен әңгімелескен Ермек Боранбайұлы жергілікті билік инвесторлармен қоян-қолтық жұмыс істейтінін айтты. Өйткені, бірлескен іс түпкілікті нәтиже бергенде қала бюджетіне кіріс көп түсері сөзсіз.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс