Атқарылған әрбір іс – халық игілігіне

Облыс әкімі Сергей Кулагин жұмыс бабымен 6 қыркүйекте Көкшетау қаласындағы бірқатар кәсіпорындарда болып, онда шығарылатын отандық өнімдердің сапасына назар аударды, Қопа көліне жақын тұрған үйлердің сыртқы инженерлік желілерінің жаңарту жұмыстарына көңіл бөліп, Православ храмының құрылысын көрді. Сапар барысында өңір басшысымен Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.

Өңір басшысы алдымен шаһардың сәулеттік келбетін жақсарту, абаттандыру, көгалдандыру бойынша жүргізілген жұмыстармен танысты. Абылай хан даңғылындағы 30-шы үй ауласын барып көрді. Бұған дейін осы үй тұрғындары жолдың асфальтталмағандығын, толассыз жауған жауыннан кейін тротуарлар, кіреберіс жолдар суға толатындығын айтып шағымданғаны белгілі. Кеңес заманындағы «Тұрғын үй-91» бағдарламасы бойынша салынған бұл тұрғын үйлердің территориясында содан бері абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген-ді. Биыл қалалық әкімдіктің ықпалымен бұл іске қозғау салынып, жол қабаты мен қақпалар жаңартылып, жиектастар мен бедертастар төселген. Ретсіз гараждар алынып, аулалар ретке келтірілген, бейнебақылау орнатылған. Әуелбеков көшесі, 126 үй тұрғындарының облыс әкіміне ризашылығын қала тұрғыны Әнуарбек Жәкетов білдірді. Көрікті қаламызда айналасы гүлзар-баққа оранып, бұтасы мен ағашы жайқалған аулалар жоқ емес, бар. Бірақ, олар санаулы ғана. Әлбетте әрбір қуыс-қалтарысты барлығын тазалап шығу мүмкін емес. Егер әрбір тұрғын қалаға ыстық ықыласын өздері тұратын аулаларын күл-қоқыстан тазарту арқылы көрсететін болса, бұл да бір үлгілі істің көрінісі болар еді. Сол себепті өңір басшысы сапар барысында қалаға кіреберістегі жекеменшік нысандардың сыртқы келбетін, айналасының тазалығын ретке келтіруді тапсырды. Демалыс орындарының таза да, әдемі қалпының сақталуы үшін жұмыстар жүргізілгенімен әлі де аздық етуде. Бұл игі істен кәсіпорындар мен мекемелер де қалыс қалмай, қаланы көгалдандыруға өз үлестерін қосуға тиісті. Облыс әкімі абаттандыру, көгалдандыру және ішкі әрлеу жұмыстарына қатысты өз ойын айтып, кемшін тұстарды тез арада қалпына келтіруге нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, демалыс орындарында орындықтарды, гүл алаңдарын тәртіпке келтіру, ағаш көшеттерін отырғызу, адамдар көп жүретін жерлерге ерекше талғам қажеттігі айтылды. «Қазақстанның агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі Беларусиямен бірлесіп, осында құрастырылған коммуналдық және ауыл шаруашылығы саласының озық техникаларының жоғары сұранысқа ие болып отырғандығын айтты. Тракторлардың бағасы қолжетімді. Сапасына кепілдік бар. Сондықтан отандық шаруашылықтар өз елімізден шығатын осы техникаға көбірек таңдау жасауда. Тракторлардан бөлек жүк көліктері мен арнайы мақсаттағы машиналардың да бірнеше түрін шығаратын кәсіпорын тапсырысқа сай біртіндеп қуаттылығын арттырып келеді. Облыс әкімі аралап көрген қазақстандық-канадалық бірлескен кәсіпорын – «AgroInterTech» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл шаруашылығы техникалары мен қосалқы бөлшектер таратумен, сервистік жөндеу мен персоналдарды оқытумен айналысады. Облыс әкімі атбасын тіреген келесі нысан – индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының септігімен серпін алып келе жатқан өндіріс ошақтарының бірі – «Көкшетау минералды сулары» зауыты. Кәсіпорында өндірілетін өнім түрлері көбейген. Олардың қатарында газдалған және газдалмаған су мен тәтті сусындар бар. Қондырғылар толықтай жаңартылды. Сондықтан сапалы әрі табиғи өнім өндіруге мүмкіндік бар. Кәсіпорын өндіретін өнімдер еліміздің барлық өңірлеріне шығарылады. Сонымен қатар Ресейдің нарығында да сұранысқа ие. Таза табиғи судың сапасын жоғалтпау үшін жер қойнауы да жіті зерттеліп, жаңа шикізат қорлары ашылуда. Кәсіпорынның жұмыс қарқынын арттырып келетіндігіне көз жеткізген облыс әкімі өзімізде шығарылатын өнімнің сапасын арттыру, бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетілетіндігін айтты. Атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толған өңір басшысы алдағы уақытта қарқыннан таймай, еңбек көрігін қыздыра түсуге ерекше көңіл бөлді.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс