Аудармашының ауқымды қызметі

М.Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «Алтын Арқа» ақпараттық-насихаттық орталығының кезекті отырысы өтіп, онда зиялы қауым өкілдері мен студенттер, оқушылар жазушы-аудармашы, журналист, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұлұлының шығармашылығы туралы мәлімет алды. Кешті жүргізген Қазақстан Журналистер одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Серік Жетпісқалиев әріптесі Ғосман Төлеғұлға алдағы уақытта шығармашылық биіктен көріне беруге тілектестігін білдіріп, одақтың жаңа куәлігін табыстады.

Алдымен ақпараттық-библиографиялық бөлімінің меңгерушісі Махаббат Ивахина жаңа құрылып, жұмыс жасап келе жатқан орталықтың мақсаты жөнінде айтып, кітапханашы Арайлым Дауылбаева «Көп қанатты – Ғосман Төлеғұлұлы» деп аталатын автор шығармашылығына арналған кітап көрмесімен таныстырды. Отырысты «Алтын Арқа» орталығының төрағасы, журналист-жазушы Серік Жетпісқалиев жүргізіп отырды. Ол бүгін кеш қонағының тек аудармашылығы туралы әңгіме өрбитінін айтты.
– Өйткені, жанымызда жүрген Ғосман Төлеғұлұлының қанша кітап аударғаны, олардың жанры, авторлары жөнінде көп білмейміз. Сол себепті алдымен біз автордан аударған еңбектерінің тізімін сұрадық. Оның қазақ тілінен орыс тіліне аударуы талай шығарманың бағын жақты. Орыс тілінен көптеген басқа тілдерге аударылып, ұлтымыз құндылықтарының өрісі кеңейіп, таныстырылды. Кітап көрмесінен де оның аудармаларының ауқымын көріп отырсыздар. Орысшадан қазақшаға, қазақшадан орысшаға аударған кітаптарының ішінде «Нұрсұлтан Назарбаев: Бейбітшілік және қоғамдық келісім», Мұхтар Мағауиннің «Азбука казахской историй», Әлібек Асқаровтың «Родники рождаются в горах», Немат Келімбетовтің «Древние литературные памятники тюркских народов», «Скорбные думы, чуток сон…»,
Сауытбек Абдрахмановтың «Коран и Пушкин», Айқын Нұрқатовтың «Путь к себе. Поэтические традиции Абая», тағы басқа әртүрлі тақырыптағы алуан кітап тұр! Ұзын-саны 38, – деді ол. Кеш қонағы өзінің аудармаға қалай келгендігінен бастап, бүгінгі таңдағы атқарған жұмыстары туралы әңгімеледі. Жиылған жұртшылыққа оның Қанат Саудабаевтың «Елбасы» атты мақаласын «Лидер наций» деп аударуы, Мұхтар Мағауиннің, Немат Келімбетовтің шығармаларын аударғанда, олардың өз аудармаларына берген бағалары туралы айтқандары қызықты болды. «Мен негізінен ғылыми-танымдық тақырыптағы дүниелерді аударамын», – деген қаламгер талай қызықты ғылыми тұжырымдарды, еңселі пікірлерді, терең тұжырымдарды ортаға салды. Филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Есмағұлов, ақын-жыршы Жұмабай Есекеев, ел ағасы Мұрат қажы Ыдырысұлы, кітапхана директорының міндетін атқарушы Галина Савенкова Ғосман Төлеғұлдың атқарған ауқымды еңбегіне тоқталып, ой-пікірлерімен бөлісті.

Асхат Шәріпбаев.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс