Аулалардың жаңғыруы – тұрғындар қуанышы

Соңғы бір-екі жылда Көкшетау қаласында көпқабатты үйлердің аулаларын жаңғыртып ретке келтіруге, жолдарды жөндеуге ерекше көңіл бөлініп, көп шаруа бітіп те қалды. Бұл аса қажетті жұмыс қала әкімі Ермек Маржықпаевтың үнемі бақылауында болды. Сондай қадағалау, талаптың арқасында күні бүгінге 225 ауланың 90-ны жөнделді. Қалғаны жоспарлы уақытымен жүзеге асуда.

DSC_1586Адалын айтсақ, көк тіреген көпқабатты үйлер аулаларының абаттандырылуы, балалар ойнайтын немесе спорт алаңдарының салынуының маңызы өте зор. Қайсыбір жылдары егілген тал-теректері семіп, жерінің құйқасы шығып, шаңы бұрқырап, сұрықсыз жататын. Қараусыз, қиранды жолға көліктерді қалай болса, солай қою да бел алған еді. Кейбір аулалар тарылып, гараждар жайғасатын. Аулаларды ретке келтіру қолға алынғалы, жағдай өзгерді. Біріншіден, компьютерге телміріп, табандап отыратын, таза ауа жұту, қимыл-қозғалыстан құр қалып, денсаулығын бүлдірер балғын бөбектер қызығып, алаңға шықты. Әртүрлі ойын қондырғы-құралдарына алаңдап, олар таза ауада асыр сап, сергиді. Спорт қондырғылары арқылы дене шынықтырып, денсаулықтарын нығайтады. Кейінгі уақытта кеңінен қолға алынып жүрген көшедегі спорт-воркаут алаңдары тек балалар емес, ересектерді де елең еткізген. Ашық аспан астында түрлі гимнастикалық қимыл-қозғалыс жасап, тренажерлерде ұршықша үйірілген үлкендерді көрген балалар да сол жаттығуларды жасауға ұмтылады.
Тағы бір, көзге көрінбесе де естіп-біліп жүрген жайтымыз – зейнеткерлердің қозғалыстың аздығынан ауру-сырқауға шалдығуы. Әсіресе, бұрын ауылда тұрып, таңертеңнен кешке дейін кіріп-шығып тыным көрмейтін қариялар қалаға көшкен соң қимылдың жоқтығынан қарап отырып ауырады екен. Үлкен кісілер орынсыз жүріп-тұруды, іс-түссіз қимылдауды әбес көреді. Енді аңғарсаңыз сол қариялар да жұрт жаппай айналысып жатқан спорт алаңдарына келіп, әртүрлі снарядтарға отырып, қимылға кіріскен. Сүлейменов көшесінің «Васильковка» мөлтек ауданындағы айналма жүгіру жолымен аяңдап, ақырын жүгіріп, тер шығарып жүретіндер жеткілікті. Жалпы, қала тұрғындары соңғы жылдары салауатты өмір салтын ұстануға бет бұрды. Бұрын таңертең тұрып жүгіретіндер саны саусақпен санарлықтай еді. Мұндай бетбұрыстың өріс алуына қаламызда жоғарыда айтылған ойын, спорт алаңдарының көптеп салынуы оң әсер етті. Дәл биылғы жылы тағы да 5 жаттығу алаңы ашылатыны үлкен қуаныш.
Көшеде елу-елуден, жүз жүзден немесе бес-алтыдан топтанып алып жаттығулар жасай беретін қытайлықтар мен жапондықтардың орта өмір сүру жасы кәдімгідей ілгері екені белгілі. Тал түсте, көшеде дене шынықтырумен айналысу осыған дейін бізде ерсі көрініп келді. Ал, шындығында оның еш әбестігі жоқ еді. Көшеде шемішке шағу, сыра ішу, шылым тарту, жол бо-йына қоқыс тастау әрі ерсі, әрі заңға қайшы. Денсаулық үшін қимыл жасаудың қандай ерсілігі болмақ? Әлгіндей арнайы алаңдар біздің мәдениетіміз бен ділімізге игі әсер етіп, тұрғындар денсаулығының жақсара түсуіне жол ашты. Бүгіндері баланы еркімен көшеге ойнауға жібере қоймайды ешкім. Аулаға шыққан әр баланың жанында оны қарап бір ересек адам жүреді. Болса, әрине, бұл шаруамен ата-әжелер айналысады. Енді, сол баланы қарай шыққан үлкендер спорт алаңдарында жаттығу жасап, уақытын текке өткізбеуде. Бала да қараулы, өзі де бос отырмайды. Сонымен, балалардың ойын алаңдары, спорт алаңдары қаламызда көптеп салынуда. Ендігісі қала тұрғындарына, біздің әрқайсымызға жүктелер міндет – сол қондырғыларды сындырмай-бүлдірмей, күтіп ұстау, бұзық-бұзақыларға
тыйым салу, бас-көз болу. Сонда, денсаулыққа сеп болған алаңдар бізге ұзақ қызмет істемек.

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс