Аулалар абаттандырылып, гараждар көшіріледі

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығын көркейту және санитарлық тазалығы жөніндегі екпінді айлық барысында көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру, көгалдандыру және жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, Чернобыль апатын жоюға қатысушыларға арналған ескерткіштің құрылысын көрді.

Қала бойынша аулаларды жөндеп, абаттандыру үшін биыл жергілікті бюджеттен 7 миллион теңге қаржы бөлінді. Көпқабатты тұрғын үйлер маңындағы ұлықсатсыз орнатылған жекеменшік темір гараждар басқа жерге көшіріледі. №21 орта мектеп аумағында футбол алаңы жасалады.

Қала әкімі Е.Маржықпаев Сәдуақасов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарын да қарап, тұрғындардың пікірін тыңдады. Қаланың құрметті азаматы Қайролла Ескендіров өзі тұрып жатқан үйдің орталықта болғанымен жолының асфальтталмағанын, газгольдерлердің жұмыс істемейтіндігін, балаларға арналған ойын алаңдарының жоқтығын қынжыла баяндады. Ескі гараждар да ауланың көркін кетіріп тұр. 2016 жылы тұрғын үй аулаларын жөндеуге 7 миллион теңге қаражат бөлінген. Осы ретте, қала әкімі сала басшыларына жұмысты барынша ширатып, ең алдымен жолдар мен қоршауларды ретке келтіруді тапсырды. Сәулет, құрылыс, жер қатынастар бөлімдері, жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге көшелерді аралау барысында қала әкімі облыс орталығының сәулеттік келбетіне нұқсан келтіретін кемшіліктерге, жер учаскелерін пайдалануға байланысты берекесіздіктерге назар аударды. Мәселен, Привокзальная көшесінің бойындағы дүкендер, дүңгіршектер, жұмыс істемей тұрған ғимараттар келбеті онша көз тартарлық емес. Құрылыс алаңдары қауіпті нысан болып табылады. Сондықтан, бұл жерде жұмыс басталмай тұрып-ақ, айналасы қоршалуы тиіс.
– Тазалық пен тартымдылықты үйлестіре отырып қана тұтынушылар көңілінен шығуға болатындығын көбісі түсінбейді. Ал, бұл әрекеттердің қаланың сәнін бұзатынын қаперлеріне де алмайды. Бұдан былай мұндай заңсыз қадамдарға жол берілмейді. Ал, орын алған кемшіліктер тез арада жойылуға тиіс, – дей келе қала әкімі құзырлы басқармаға екі апта ішінде барлық құрылыс нысандарының қоршауын қалпына келтіруді тапсырды. Өз кезегінде кәсіпкерлер ғимараттардың маңайын абаттандырып, айналасын таза ұстауға уәде етті. Қаланың сәнін бұзатын жарамсыз құрылыстар, көріксіз ғимараттарды тәртіпке келтіру ісімен қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы шұғылданатын болады. Ал, өз мақсатында пайдаланбай отырған жер телімдері мемлекетке қайтарылатын болады. Қала басшысы Вернадский көшесі, №29 мекенжайындағы аулаларға да бас сұқты. Мұндағы кіреберіс жолдарға күрделі жөндеу жасап, балалар алаңқайын орнату, кәріздік жүйені қалыпқа келтіру, тұрғын үйлер маңайын абаттандыру қажет. Көзге шалынатын аңғал-саңғал сұрықсыз ғимаратқа қатысты да көп сын айтылды. Сонымен бірге сапар барысында «Васильковка» мөлтек ауданындағы ретсіз орнатылған ескі гараждарды алып тастау жөнінде тапсырма берілді. Қаланың шеткері аумақтарында да кемшіліктер жоқ емес. Мәселен, Кенесары көшесі бойында былтыр егілген ағаш көшеттері эстетикалық талғамсыздығына байланысты сынға ілікті. Жалпы, жаңадан отырғызылған жас көшеттерді күтіп-баптау мамандардың міндеті екендігі айтылды. Жұмыс сапары барысында қала басшысы №21 орта мектеп аумағына жазғы футбол алаңын салу жөнінде ұсыныс білдірді. Мектептен аялдамаға дейін жаяу жүргіншілер жолын салуға 8 миллиондай қаражат қажет екен. Әкім назарынан жол мәселесі де тыс қалмады. Ол Капцевич көшесі бойындағы жол құрылысын бақылап, айналаны ретке келтіруді, абаттандыруды тапсырды. Сала басшыларына жұмыстың барынша сапалы жүргізілуін және белгіленген мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Әсем ЖҮНІС.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс