Ауылдың даңқын асырған Ақтанау

Көкшетау тасжолының оңтүстік бағытына шығаберісте төрт түліктің төресі, мың жылда бір туатын тұлпар, әйгілі Ақан серінің дүлдүлі Атығай-Қарауылға олжа салған Құлагердің ескерткіші тұр. Жылқы малында Құлагерге дейін де аузымен құс тістеген, шашасына шаң жұқпас жүйріктер болғанымен, ел санасына жатталып қалғаны некен-саяқ.
Құлагердің мыстан соғылған мүсіні ұрпақтарға ой тастап, өткен ғасырдың өшпес тарихынан сыр шертіп тұрғандай. Сонау Ұлы Отан соғысынан кейінгі ұрпақтар ретінде, Тың игеру жылдарынан бастап кеңестік дәуірді көзбен көріп, бастан кешсек те сонау ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін, жора-жолдарын берік ұстана білдік.

Билік заманы қанша тырысқанмен негізгі ұлтымыздың дәстүріне сызат түсіре алмады, себебі қазақ халқы қарапайым болғанмен өте саналы да ұлтжанды, көрегенді ағалар баршылық еді. Олар ата-бабаларымыздың сарқыншағы ретінде қиыннан жол тауып, кейінгі ұрпақтарға халық дәстүрін аманаттай білді. Соның бірі ат баптау, бәйгеге қосу, жылқы тұқымын асылдандыру үрдісі әсте толастаған емес. Әйгілі Құлагердің туған топырағынан неше алуан тұлпарлар туып, дүниеден өтті, бұл сәйгүліктер әр елдің, әр рудың мақтанышы болатын. Біздің Қарауыл атадан тараған Сәберлі өңірде ел білетін Ақшабайдың «Көк аты», Ыбырай бидің «Күрең аты» кезінде бәйгенің алдын бермепті. Бала кезімізде Қарлыкөл ауылының тумасы, жүз жасаған Ыбытай ата шын есімі Әбіш, он үш жасында Ыбырай бидің асында сол Күреңмен бас бәйгені қанжығасына байлағанын айтып отыратын.

Бүгінгі әңгіменің негізгі арқауы, кешегі кеңестік ауылдастыру замандағы ат бәйгесі болмақ. Сонау алпысыншы жылдары үкіметтің солақай саясатында халық үлкен тоқырауды бастан кешкенін, артық мал деп ауыл жылқыларына бықпырттай тигенін бала болсақ та көз көрді. Үйір-үйірімен ет комбинатына тоғытқанда қарапайым адамдар жүген ұстап қалып еді. Артынша заман өзгеріп жылқы асылдандыру қайта жанданды, жылқы заводтары жұмыс істей бастады. Қарлыкөл ауылы, Куйбышев колхозының бөлімшесі еді. Негізгі шаруашылық ұсақ мал өсіретін. Үш мыңнан астам қой бағылатын. Үйір-үйір жылқы болды.
Жылдағы облыс көлемінде өткізілетін ауылшаруашылық тойда әр аудан жүйріктерін бәйгеге қосатын, бұл үрдіс Елікті, Бұқпа баурайында өтетін. Киіз үйлер бой көтеріп, облыстың әр түкпірінен келген халық жазыққа толып, жаз белгісін тамашалап, ұлттық аламан бәйгені асыға күтетін.

Келбет

Осы жиынға біздің ауыл да төрт көзі түгел барынша даярланды. Жылқыларды іріктеп Баян көлі тұсындағы Қараобадан сынамақ болды, аттар шабатын көмбеге аттанып кетісімен жиналған жұрт тағатсыз күтті. Бәйге десе атам қазақ «ішкен асын жерге қояды» – демекші, алыстан қарауытып шаң білінді, жарысқа қосқан сәйгүліктерден қара үзіп бір ат келе жатты, жақындаған сайын бұл қайсы болды екен деп жиналған жұрт елеңдеулі. Ол кезде бәйге аттары жазық далада тура шабатын, аттар жақындаған сайын айқындала түсті, оқ бойы ұзап күзенше бүктетіліп жерде қалықтап, бейне бір тұяғы тимей сырғыған жылқыны көрдік. Тағатсыз күтіп тұрғандар арасында, үкілеп қосқан жылқысынан үміткерлер де алаңдаулы еді.
Аттың шабысына сүйсінген жұрт анталап көмбеге ұмтылды, даяшының басқаруымен әрең тоқтаған жұрттың тұсынан жалғыз сәйгүлік суырылып өте берді. Бұл сол жылы бестіден шыққан сәйгүлік Ақтанау еді.

Шабандозы ауылдың тумасы, бала кезінен атқұмар жас жылқышы Оспан атаның ұлы Қажыбай болатын. Орта бойлы, табиғатында салмақты, өз ісіне мығым, қысы-жазы кәнігі жылқышылармен тізе қосып елдің жылқысын бағатын. Ақтанауды жаратқан атбегі сол өңірге әйгілі еңселі бойлы аңшы ақсақал Құсайын ата. Талай түз тағысын олжалап ауылға тірідей әкелгенінде көрдік. Осы жарыстан соң Ақтанауды шаруашылықтың ауыр жұмысынан босатып, жарыстарға даярлайтын болды. Көп жылдар бойы бөлімшені басқарған Жанайдар аға атты өз қарауына алды. Ақтанау өзге жылқылардай емес тұрқы ірі, шоқтығы биік, үркуді білмейтін. Алғашқы Ақтанаудың ерекшелігін байқаған осы жас жылқышы Қажыбай болатын. Бірде асау байтал ұстамақ болып, мықты деген аттармен қанша қуса да бедеу желдей есіп маңайлатпады. Бұрын белгісіз Ақтанауды жайдақ міне сап асаудың адымын аштырмай, лезде жетіп бұғалықтайды. Келесі күні Құсайын атаға сәйгүліктің ерекшілігін жеткізеді. Оңашада сынап, бәйгеге қоспақшы болады.
Ақтанаудың алдынан ешқандай асау құтыла алмайтын, қыс айлары Құсайын ата қансонарда бәйге атын ширату үшін өзі мінетін, қасынан Ақкүшік атты талай бөріні жастандырған қазақы төбет, бір қызығы тұз тағысын қақпайлағанда Ақтанау лезде жетіп, тағыдан тайсалмай тарпып өткен кездерін аңыз етіп айтатын.

Ақтанау осыдан соң аудан атынан жарысқа қосатын аттардың қатарына ілікті. Бірде Елікті баурайында облыс аймағынан келген небір сәйгүліктер аламан бәйгеге сап түзеді. Ақтанаудың өзіне үйреншікті шабандозы Қажыбай. Құсайын ата соңғы нұсқауларда аттың басы қатты екенін естен шығармауға, бірнеше айналымға дейін тізгінді босатпауға, әбден еті қызғанда ғана ерік беруді әбден тапсырды. Жылқының сырын ұққан шабандоз өзіне де, атына да сенімді. Қатарлас тұрған сәйгүліктерде осал емес жылдағы жарыстарда жүлдеге ие болғандар.

Жарыс басталды. Кең шеңберді айналып шабу Ақтанауға таңсық. Белгі берісімен, аттар орнынан қозғалғанда аспанға көтерілген шаңның арасынан сытылып Ақтанауда көсіле шауып, жүздеген сәйгүліктің алдыңғы қатарына ілеге берді. Денесі бусанып шабысы үдеген сайын кең тыныстап, бірнеше айналымнан кейін тізгіннің тежеуімен келе жатқан сәйгүлік еркіндік тиісімен жарыстың алдында күзенше ширатылып салады. Соңғы айналымда басқа жылқылардан ұзай түсіп, көмбенің сызығын бірінші болып өтті.
Бұл Ақтанаудың алғашқы жеңісі еді деп, Қажыбай ата өткен шақтың бақытты сәтін көз алдына елестете отырып, сүйіспеншілікпен жеткізді. 1959 жылы астанамыз Алматыда өткізілетін аламан бәйгеге қатысатын аттардың қатарында Ақтанау да баратын болды. Ереже бойынша қатысатын атқа құжат болу шарт. Бұрын-соңды қазақтың жылқысында құжатты кім көріпті. Тамыз айының басында арнайы поезд вагонына жылқылар тиелді. Сол кездегі жылқы заводынан рысактар, қыз қууға қатысатын, басқа да қашықтыққа шабатын сәйгүліктер бар. Қолымызда

Ақтанаудың құжаты, аты өзгерген «Дончак» есімі беріліпті. Басқарушылардың ұйғарымына қарсылық айтқанмен, ешнәрсе шықпады. Поезбен тербетіліп жеткізген жылқыларды ыстық өлкенің ауа райына көндіктіру оңайға түспеді. Алматының ипподромы лық толы адамдар, бұндай нөпірді көрмеген шабандоздар да, жылқылар да алаңдаулы. Аламан бәйге барлық жарыстардың соңына қалдырылды. Көмбеге шығар алдында Құсайын ата, ат басындағы Қажыбайға бар кеңесін аямауда. Даяшы белгі берісімен жүздеген бәйге аттары алға лап қойды. Шулаған халықтың үні құлақ тұндырады. Ақтанауда бұл жарыстың өзгешілігін білгендей нөпір арасымен ағындай жөнелді.
Алғашқы айналымда орталай шауып алдыңғы лекке жанасып үлгерді, жарыстың соңғы айналымына өткенде әбден бусанып, адымы қарыштап, тізгінді босаңсытқасын жануар екпіндей түсті. Қалың жұрт жүйріктің 30 шақырымдық ұлы аламанның соңында бауырын жаңа жазып, еркін шауып келе жатқанын көріп қайран қалысты. Көмбеге қатарласа екі ат келді. Мәреге келгесін де арнайы барып таңданғандар болды.

Қазылар Көкше өңірінен келген Ақтанауды екінші орын деп хабарлап, артынша марапаттады. Жергілікті жылқы заводының басшылары Ақтанауды сат деп қолқа салды, орнына бірнеше ат бермекші болды. Құсайын ата сәйгүлік сатылмайтын кесімін айтты. Топ ішінен Алматыда институттың соңғы курсында оқып жүрген Қажыбайдың ағасы Нарбай Сапиянұлы келіп, шын қуанышын білдіріп, артынша қонақ қылып, Алматыны аралатады.

Қазанат – жылқылардың төресі екендігін Ақтанау халық алдында тағы бір дәлелдеді. «Қазанат» сөзі – жергілікті қолтума, жеңімпаз, мықты жауынгердің жылқысы деген ұғымды білдіреді. Бұндай жетістікке қол жеткізген бізден барғандар шаттануда. Елге абыроймен оралды. Ауылда Оспан атаның, Жанайдар ағаның үйінде ұлан-асыр той. Облыстан, ауданнан келген қонақтармен ауыл тұрғындары Ақтанаудың бәйгесі барлығының жеңісіндей қуанысты. Арасында бізде бармыз. Соғыстан кейінгі тұралап қалған елге осылайша Ақтанау сәйгүлік көптен ұмытылған жарық сәуледей шаттық сыйлап еді-ау. Заман тұрмады. Шағын ауылдар жойылып, жаппай халық орталықтарға көше бастаған кез. Ақтанау талай жарыстарға қатысып, жүлдеден бос қайтпады. Ол да қартайды. Жылқы қартайса тулақ демекші, шарғайған тұлпар Шоңғал қыратына беттеп, құлын кезіндегі Құла биенің бауырында ойнақтағаны елестеп, ен жайлауды бетке алып сағым болып бара жатты. Ел ардақтысынан айрылғандай күй кешті. Аяулы арғымақпен бір дәуір өткендей болды. Ақтанау кешегі Құлагердің соңғы тұяғының бірі еді.

Алыстағы Алматыға барып, Қарлыкөл ауылының даңқын шығарып, атағын асырған атақты Ақтанауды ауыздықтап, жеңіс мәресіне жеткізген шабандоз бала қазыналы қарт атанды. Сол кезеңдегі талай тамаша сәттердің куәсі болған, бүгінде жасы сексенді алқымдаған Қажыбай ақсақал бәйбішесі Бағила екеуі ұл-қыздарын өсіріп, немере-жиендерінің қызығын көріп отыр. Жылқы түлігі қазақтың ырысы екенін қарт атамыз айтудан, сол бір бақытты шақтарын еске алудан шаршаған емес. Ұрпағына үлгідей, аңыз етіп келеді.

Сайлау Кәрібайұлы Ыбыраев,
Қарлыкөл ауылының тумасы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий