Ауылшаруашылық кооперативтерін құру – уақыт талабы

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес 1-18 ақпан аралығында ауылшаруашылығы кооперативтерін құру және кооперацияларды мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмдері бойынша БАҚ өкілдерімен брифинг өтті. Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржылық қамсыздандыру департаментінің сарапшысы Асқар Шайкин мен облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов қатысты. 

Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне жер-жерде ауылшаруашылығы кооперацияларын кең ауқымда құруға ынталандыру және тұрғындарды жұмыспен қамтуда 500 мың жеке қосалқы шаруашылық әлеуетін пайдалану бойынша міндеттер жүктеген болатын. Осы жұмыстарды түсіндіру бойынша министрлік қызметкерлері мен ғылыми ұйымдар өкілдерінен сарапшылар тобы құрылды. Өңірде 77 мың жеке қосалқы шаруашылығы бар адамдар тіркелген. Облыстағы ет өндірісінің 60 пайызы мен сүт өндірісінің 80 пайызы солардың үлесінде. Алайда, сүт өңдейтін кәсіпорындар аздық етуде. Басты гәп – оларды бір жерге шоғырландырып, орталықтандырмаудан болып отыр. Егер елді-мекендерде кооперациялар құрылса, жергілікті халық өзінің өнімін сонда өткізіп, тұрақты жалақысын алып тұрар еді. Арнайы есепшоты болады. Бұл – өте тиімді, әрі сапалы шикізат көзі. Басты мақсат – халықтың жауапкершілігін арттыру. Кооперацияға енген адам өз өнімін өткізіп қана қоймай, қажетті тұқым қорымен, жемазықпен, жайылыммен қамтылады. Жаңа технологияларды игереді. Ауыл тұрғыны мен кооперация арасында келісім-шарт жасалады. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсовтың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде 16 мың жеке қосалқы шаруашылығы бар 185 өндірістік кооперативтер жұмыс істеуде. Олар көбінесе асыл тұқымды мал өсіруге бағытталған. Жоғарыда аталған шаруашылықтар мемлекеттен 800 миллион теңге субсидия алған. 2016 жылы пилоттық режимде сүт қабылдайтын 3 стационарлық пункт құрылған. Оның біреуі Аршалы ауданындағы «Натурпродукт Капитал», екеуі Астрахан ауданындағы «Максимовка сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде. Қазір ауылшаруашылығы басқармасы сүтті өңдеу бағытында кооперативтер құруды жоспарлап отыр. Олар Атбасар, Зеренді, Бурабай, Ерейментау және Еңбекшілдер аудандарында болады. Биыл облыс бойынша 18 ауылшаруашылығы кооперативі, 180 мал бордақылау алаңы, 18 сүт қабылдау пункті ашылмақ. Бұл жұмыстарды жүргізуге «Ауыл- шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамы несие бермек. Қазірдің өзінде ауыл тұрғындарын 6 пайыздық жеңілдікпен несиелендіретін «Ынтымақ», «Игілік», «Бірлік», «Береке» атты жобалар жұмыс істеуде. Кооперативке мүше болу, болмау – ауыл адамдарының өз еркі. Бұл тиімді шарадан әзірге бас тартып жатқандар жоқ. Егер кооперативтер өз жұмысын жүйелендірсе, базарлардағы стихиялық сауда нүктелері өзінен өзі жойылары сөзсіз.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс