Ауыл еңбеккерлері ардақталды

«Көкшетау» мәдениет сарайында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің қатысуымен ауылшаруашылығы қызметкерлері күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылды. Салтанатты шараға Қазақстандағы Өзбекстан Республикасының Төтенше жəне өкілетті елшісі Икром Назаров бастаған Өзбекстанның Сырдария облысынан келген делегация, өңірдегі ауылшаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары қатысты.

Ауылшаруашылық саласы мамандары бұл жолы да дәстүрге сай өз өнімдерінің көрмесін ұйымдастырды. Мұнда астықты өлкенің байлығы бидайдан бастап, нан, ет, сүт өнімдері қойылды. Бұл – егінін баптаған диқанның да, таңның атысы, күннің батысы демей мал жайған малшының да жыл бойғы төккен тері мен жасаған бейнетінің зейнетін көріп, қорытынды шығаратын шағы. Өңір басшысы аймақтың ауылшаруашылығы қызметкерлерін еңбек мерекесімен құттықтап, диқандардың қол жеткізген толағай табыс-тарына тоқталып өтті. Ауылшаруашылығы саласындағы жетістіктерді тарқатып айтып, атқарылған жұмыстар халықтың әлеуметтік әлеуетін арттыратынын жеткізді.
– Бүгінде агроөнеркәсіп кешенінде өндіріс пәрменділігі артып, халықтың әл-ауқаты да жақсарып келеді. Ауылшаруашылығының барлық жұмысы ел Президенті қойған басты стратегиялық мақсат – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталып келеді, – деді облыс әкімі. Табанды еңбек пен ғылымды ұштастыра білген өңір диқандары 5,1 миллион тонна астық жинады. Аймақ басшысы гектарына 29,2 центнерден өнім алған Зеренді ауданындағы «Викторовка», сондай-ақ, ең көп астық жинаған сандықтаулық «Свободное», Жақсы ауданындағы «Новокиенка», есілдік «Агро-Олдиви» еңбек ұжымдарын атап өтті.
Облыстың мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтары да табыстан кенде емес. Мал шаруашылығының түрлі бағыттары бойынша «Агрофирма Родина», «Камышенка», «Есіл Агро» жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. «Ижевский», «ҚазГерҚұс» сияқты серіктестіктерде мал басы мен құс саны өсіп, ет, сүт, жұмыртқа және басқа да өнімдердің өндірісі артып келеді. Ауылшаруашылығы өндірісіндегі оң өзгерістер қайта өңдеу кәсіпорындары өнімдерін арттырудың негізгі факторларының бірі болды. Биыл агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 36,3 миллиард теңге бөлінген. Соңғы төрт жылда 2500 бірлік ауылшаруашылығы техникалары сатып алынған.
Жер ананы идіріп, қырманды қызыл дәнге толтырғандар да, төрт түлікті төлдетіп, қораны малға толтырғандар да назардан тыс қалмады. Ауылшаруашылық қызметкері күнінде облыс әкімінің құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары да беріліп, еңбеккерлерді бір марқайтты. Олардың қатарында сауыншы, тракторшы, бақташы, басшы да бар. Салтанатты жиында еңбектері еленген диқандарға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің төсбелгілері, құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді. Бұл күні астықты өңірдің ауыл- шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлеріне де зор құрмет көрсетілді. Ауылшаруашылығы еңбеккерлері күніне арналған салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. Диқандарға тосын сый ретінде австриялық «Joy» тобының келуі ерекше әсер қалдырды. Дүниежүзіне танымал топ 70-80 жылдардағы «Hello», «Touch By Touch» сияқты хит әндерімен көпшіліктің көңілін серпілтті.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий