Ауқымды жобалар жүзеге асады

Ақмола облысында эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі. Бұл туралы аймақ басшысы Ермек Маржықпаев онлайн режимде өткен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы есеп беру кездесуінде айтты.

«Өткен жыл бәріміз үшін оңай болған жоқ, бұл ең алдымен коронавирус инфекциясына байланысты. Бүгінгі таңда облыстағы эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі. Біз «қызыл аймақтан» шықтық, дегенмен әлі де сақтық шараларын жалғастыру керек», – деді өңір басшысы. Аймақ басшысы атап өткендей, өңірде коронавирус инфекциясымен күресу үшін қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық препараттардың екі айлық қоры жедел толықтырылуда. «Инфекцияның таралуын болдырмау бағытында шектеу шаралары қабылданды. Карантин режимі күшейді. Инфекциялық стационарлардағы төсек орындар саны ұлғайтылды, реанимациялық палаталар барлық қажеттіліктермен жабдықталған. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жедел толықтырылуда. Облыста «Спутник V» вакцинасымен кезең-кезеңмен вакциналау басталды. (бүгінгі күні 690 адамға вакцина егілді). Жалпы, эпидемиологиялық жағдай бақылауда», – деді Ермек Маржықпаев. Айта кетейік, бір апта ішінде өңірде коронавирус инфекция-сына шалдыққандар саны орташа 1,1 пайызға (934 жағдай) өсіп отыр. Ал, соңғы тәулікте бұл көрсеткіш 0,8 пайызға артты немесе 95 жағдай тіркеліп отыр. Қазіргі кезде, стационарларда 611 адам ем алуда, оның ішінде 21 адам ауыр халде (1 – өкпені желдету аппаратына қосылған).
Биыл Ақмола облысында 14 елді мекенде ұзындығы 210 шақырым газ желісінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Аймақ басшысының айтуынша, елорда маңындағы елді мекендерді «Сарыарқа» магистральдық газ құбырына қосу үшін газ тарату желілерін салу бойынша жобаларды іске асыру жұмыстары жалғасуда. «Бұл жұмыстар екі кезеңмен жүргізілуде. 1-ші кезең бойынша Аршалы және Целиноград аудандарының 35 мың тұрғыны бар 20 елді мекенінде 19 миллиард теңгеге газдандырудың 13 жобасы үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. (Аршалы ауданында Аршалы кенті, Анар және Бабатай станциясы, Жалтыркөл, Донецк, Ақбұлақ, Ақтасты, Арнасай, Түрген, Берсуат, Байдала ауылдары, Целиноград ауданында Ижевское, Шөптікөл, Волгодоновка, 42 Разъезд, Қойгелді Жібек жолы, Қоянды, Шұбар, Аққайың ауылдары)», – деді Ермек Маржықпаев. Аймақ басшысы атап өткендей, сонымен бірге, 2-ші кезең бойынша Целиноград ауданының тағы 8 ауылын газдандыру бойынша құжаттама әзірленуде (бұл 95 мың тұрғыны бар Ақмол, Қосшы, Талапкер, Тайтөбе, Қараөткел, Қаражар, Қызылсуат, Алтынсарин ауылдары). «Биыл облыстың 14 елді мекенінде ұзындығы 210 шақырым газ тарату желілерінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Ал, келер 2022 жылы 6 ауылда ұзындығы 789 шақырым газ құбыры салынады», – деді Ермек Маржықпаев.
Биыл Ақмола облысында 616 мың шаршы метр баспана немесе 28 жаңа тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның 17-сі жалға берілетін, 11-і кредиттік үй. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1112 отбасы тұрғын үй алу мүмкіндігіне ие болды. Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жұмыс кезең-кезеңмен жалғасуда. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 2020 жылдың қорытындысы бойынша 282 өтінім қабылданып, оның 181-і мақұлданды. Аз қамтылған көпбалалы отбасыларға 98 пәтер жалға берілді. Өңірде тұрғын үй құрылысы биылғы жылы да жоғары қарқынмен жүргізілмекші. «Ағымдағы жылы тұрғын үй құрылысы саласында сапалы «серпіліс» жасап, шамамен 616 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосуды жоспарлап отырмыз, бұл 28 жаңа тұрғын үй (оның 17-сі жалға берілетін, 11-і несиелік үй)», – деп толықтырды Ермек Маржықпаев. Биылғы қыста Ақмола облысында жылумен қамту мәселесіне қатысты шағымдардың саны рекордтық деңгейге жетті. «Көкшетау қаласы жылдан-жылға үлкейіп келеді, ал жылу көздері сол күйінде қалып отыр. Бұл 70 Гкал үш қазандық РК-1, 100 Гкал үш қазандық РК-2. Жалпы, қала бойынша 510 Гкал. Жылумен жабдықтауды жақсарту үшін, биылғы жылдың тамыз айында біз газ-мазут қазандығын пайдалануға береміз. Бұл 100 Гкал, яғни жылу мөлшерін бестен бір есеге арттырамыз. Сонымен қатар, осыған ұқсас тағы бір қазандық сатып алынады. Жалпы, біз жылу қуатын 700 Гкал-ға жеткіземіз. Бұл біздің қаламыздың жылуын тұрақтандырады», – деп атап өтті Ермек Маржықпаев тұрғындардың сауалына. Сондай-ақ, үш көмір қазандығын жаңғыртумен бірге, қуаты 120 Гкал төртінші қазандықтың құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Жалпы алғанда, қуаты 408 Гкал болатын көмір қазандығы төртеу болады. «Тұрғындарға айтарым, қалада пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы бойынша мәселелер бар. Кейбір тұрғын үйлердің кіреберістерінің есіктері жоқ, терезелері сынған, жертөлелер ашық, үйішілік жылу желілері өз қалауы бойынша өзгертілген. Мұның барлығы, әрине, жылу беру сапасына кері әсер ететіні сөзсіз. Биылғы жазда осы мәселені бірлесіп қолға алып, бір тәртіпке келтіреміз және жаңа жылыту маусымын ойдағыдай бастаймыз», – деп толықтырды аймақ басшысы. Көкшетауда 630 орындық заманауи аурухана салынады. «Қысқа мерзім ішінде 200 орындық жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынып, жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен жарақтандырылды. Бұдан басқа, есептік жылы үш нысанның құрылысы аяқталды. Бұлар Көкшетау қаласындағы онкологиялық емхана, Целиноград ауданының Софиевка және Шортанды ауданының Степное ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар. 2021 жылы Қосшы ауылында жаңа емхананы іске қосу жоспарланған. Қараөткел ауылында дәрігерлік амбулатория мен Целиноград ауданының Қоянды елді мекенінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Көкшетау қаласындағы Сарыарқа шағын ауданында 630 орындық заманауи көпбейінді аурухананың құрылысы жүзеге асырыла бастады», – деп атап өтті аймақ басшысы. Е.Маржықпаевтың айтуынша, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде құны 1,5 миллиард теңге сомасына сегіз денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Астрахан, Сандықтау және Егіндікөл аудандық ауруханалары да толық дерлік жаңғыртылды.
Өңір басшысы онлайн есеп беру кездесуі барысында тұрғындардың түрлі сауалдарына нақты және тұшымды жауап берді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий