«Ашық әкімдік» өзекті тақырыптарды қозғады

«Көкшетау» мәдениет сарайында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев бастаған
облыс билігі алғаш рет «ашық әкімдік» форматында азаматтарды қабылдау өткізді.

DSC_0328 - копия «Ашық әкімдік» форматына ауысудағы мақсат – халыққа қолайлы жағдай жасау. Яғни, әкімдік пен тұрғындар арасындағы байланысты барынша ашық негізде құру. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті атқарушы органдардың халықпен тығыз байланыс орнатудың жаңа форматына көшу туралы тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр.
Ашық есік күні өтетін күні «Көкшетау» мәдениет сарайына жиналған халықтың қарасы көп болды. Қабылдау басталған уақытта 200-ге жуық тұрғын өтінішпен келді. Әдетте адамдарды әуре-сарсаңға салатын – алдын-ала жазылулар, күту, кабинеттер… Мәдениет сарайының фойесінде мұның бірде-бірі болған жоқ. Осы ретте, шараның тыңғылықты ұйымдастырылғанын ерекше атап өткен жөн. Тіркеу үстелдерінде келушілерге кеңес беріліп, жағалай орындықтар қойылды. Медициналық жедел жәрдем де кезекшілік жасады.
«Халық пен биліктің арасын жақын-датуды, сондай-ақ, тұрғындардың түрлі мәселелерін жылдам әрі ұтымды шешуді мақсат еткен бұл шараның маңызы зор деп білдік. Білдік те бардық. Көкшетаудағы Н.Назарбаев даңғылы бойындағы «Жансая» тұрғын үй кешені тұрғындарын толғандырған біршама күрделі мәселелерді біз де облыс әкімінің алдына тарттық. «Бұл тұрғын үйдегі адам саны мыңнан асып жығылады. Қоныстанғанымызға 4 жылдан астам уақыт өтті. Бүгінде үйдің айналасында көлік қоятын автотұрақ жоқ. Өрт және жедел жәрдем көліктерінің еркін кіріп-шығуына мүмкіндік жоқ. Тұрғын үйді салған құрылыс компаниясы үйдің айналасындағы құрылыс қалдықтарын толық тазартпаған. Ересектердің ескертуіне қарамай балалар осы темір және бетон сынықтарының арасына кіріп ойнайды. Бұл да бүл-діршіндердің өміріне қауіп төндіреді. Тұрғын үйдің ауласына және айналасына жарық тартылмаған, абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген. Қоқыс салатын контейнерлердің қақпақтары жоқ және айналасы қоршалмаған. Көл жағасындағы тұрғын үй болған соң жиі және екпінді соғатын жел ұшырып, қоқыстар үнемі шашылып жатады. Бағдарламада жас отбасыларға басымдық берілгендіктен тұрғын үйдегі бүлдіршіндер саны өте көп. Ал, тұрғын үй ауласындағы балалар алаңы тым жұтаң әрі сапасыз жабдықталған. Әкім мырза халықтың ортасына өзі келген соң, көкейдегіні іркіп қалмай толық айттық. Ермек Боранбайұлы сөзімізді асықпай тыңдап, тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің көп уақыт оздырмай шешілетінін айтып қуантты. «Ашық әкімдік» форматында өткен шараға қатысып, билік өкілдеріне өз мәселелерін айтқан халық, ертеңгі күнге деген үлкен үмітпен тарқасып жатты, – дейді көпшілік атынан келген «Жансая» кешенінің тұрғыны Бақытбек Бекмұратұлы.
«Ашық есік» күні барлық басқарма басшыларының бір жерде тоғысқаны келушілерге мәселелерінің оңтайлы шешілетініне сенім ұялатты. Айталық, бір үстелде коммуналдық сала өкілдері жылу, сумен қамту, банк өкілдері кредит, жинақ ашу мәселесіне қатысты сауалдарға жауап беріп жатты. Бүгінгі таңда әкімдік сайтына, саll орталықтар мен әлеуметтік желілер арқылы сауал қоюға мүмкіндік мол екеніне қарамастан келушілердің біразы облыс басшысының қабылдауына баруға тырысты. Мәселен, Алина Цвисулина есімді зейнеткер облыс орталығындағы Пушкин, 7 мекен-жайындағы тұрғын үйге жылу дұрыс берілмей отырғанын баяндады. Оның айтуынша, тұрғындар ПИК төрағасына шағымданған, ал ондағылар жылудың дұрыс жетпей жатқанын жылу желілерінде орын алған ақаудан деп түсіндірген. Биылғы сәуір айында Көкшетаудағы Вернадский көшесі бойындағы жер үйлерді су басып, тұрғындар зардап шеккені белгілі. – Үйімізбен бірге, жиһазымыздың бәрі бүлінді. Өз қаражатымызға бірнеше мәрте жөндеу жүргізгенімізбен, бөлмелер сыз тартып тұрады, қабырғалар қақырап барады, – деген қала тұрғыны Асыл Бектемірованың өтінішіне сала басшылары нақты жауап қайтарды.
Ауылдықтар таза ауыз су мен жолдың жоқтығына шағымданды. Мысалы, Зеренді ауданына қарасты Викторовка селосында жағдай осындай. Су құбырлары ескірген. Жөндеуге қаражат жоқ. – Мұндай елді
мекендер облыста жетерлік, барлығының мәселесін бір мезетте шешу мүмкін емес. Алайда, бұл мәселе назарға алынады, – деді өңір басшысы.
Қабылдауға келген мүмкіндігі шектеулі жандардың да қарасы мол болды. Алайда, олардың көбі жеке мәселелерін емес, қолжетімді ортаны сақтауға қатысты ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Пандус-тар мен көтергіш құралдармен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін спорттық, оңалту орталықтары да үлкен қажеттілікке айналып отыр.

– Жер үйде тұратын І, ІІ топ мүгедектеріне отын-көмірмен көмек көрсетіледі. Менің білгім келетіні, көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын жарымжан жандарға мемлекет тарапынан қандай көмек қарастырылған? Менің анам
І топ мүгедегі. Өздігінен жүріп-тұра алмайды. Жақында оған санаторийге демалуға жолдама берілетіні хабарланды. Бірақ онда бару үшін анама әлеуметтік күтуші қарастырылмаған. Осы жағы қиындау болып тұр, – деген Әсемгүл Ілиясованың сауалына сала басшылары нақты жауап қайтарды.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысовтың айтуынша, қабылдауға жазылғандардың дені жеңілдікпен берілетін тұрғын үй мәселесін алға тартқан. «Бір-екі балалы аз қамтылған отбасыларға көмек беру күрделірек. Бұлар – көбіне-көп баланың әкесінен алимент өндіре алмайтын жалғызбасты аналар болып отыр. Олар балалары кішкентай болғандықтан, жұмыс істей алмайды. Бірақ көпбалалы аналармен салыстырғанда олардың кезегі баяу жылжуда», – дейді ол.
Облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқар-масының жетекшісі Дина Ахметжанова қабылдау барысында атаулы әлеуметтік көмекке қатысты сауал болмағанын айтады. Мұның өзі аталған ведомство мамандарының облыстың шалғай елді мекендерінде, БАҚ-та, әлеуметтік желіде жүргізген түсіндіру жұмыстарының нәтижесі деуге болар. Бұл күні Ақмола облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының жетекшісі Бахидбек Оспанбеков азаматтардың сәулет-құрылыс мәселелері бойынша сұрақтарға жауап берді. Мемлекеттік еңбек инспекция-
сы басқармасының басшысы Берік Мұстафиннің айтуынша, аймақта еңбекақысын ала алмай жүрген азаматтар бар. Ведомствоға айына
15-20 азамат шағымданатын көрінеді: «Қабылдауға келушілердің көбі еңбек дауларына қатысты проблемаларды алға тартты. Өтініш иелерінің дені заңды құқыларын білмейді. Бүгін бір қыз бала өзі жұмыс істейтін мекеме іссапар шығынын азайтып тастағанын айтты. Ол арнайы арыз жазған соң, біз ол мекемені тексеретін боламыз. Көп адамдар жұмыс берушілермен ұжымдық келісімшарт жасалмау салдарынан жалақыларын ала алмай жатады. Бұл да үлкен мәселе. Біз жұртшылыққа түсінікті болу үшін еңбек шарттары, төлем жүйесі, ұжымдық келісімшарт, еңбек қауіпсіздігі, еңбек дауларын шешу жолдарына қатысты арнайы буклеттер таратудамыз. Жалпы, біздің мекемеге тұрғындар тарапынан арыз-өтініштер көп түседі».
Өңір басшысының айтуынша, мұндай бетпе-бет кездесулердің берер нәтижесі көп. Енді ашық есік күндері әр тоқсан сайын ұйымдастырылмақ. «Осындай кездесулер барысында жылдар бойы қордаланған мәселелер шешімін та-уып жатады. Азаматтарды кеңейтілген қабылдауға 317 облыс тұрғыны келді. Қабылдаған 72 адамнан 88 сұрақ пен ұсыныс түсті. Қолданыстағы заңдарға сәйкес 14 сұрақ бойынша түсіндірме беріліп, 12 сұрақ бақылауға алынды. 44 сұрақ бойынша Көкшетау, Степногорск қалалары және аудандардың әкімдеріне, облыстық басқармалар мен департаменттерге тиісті тапсырмалар берілді. Осындай форматтағы қабылдауларды өңіріміздің әр аймағында өткізу жоспарланып отыр», – деді өңір басшысы Ермек Маржықпаев.
Үш сағатқа созылған қабылдау соңынан осы қабылдауға қатысқан Көкшетау қаласының әкімі өзінің орынбасарлары мен басқарма басшыларын жинап: «Құрметті әріптестер! Бүгінгі айтылған мәселелер, қойылған сұрақтардың бәрін міндетті түрде шешетін болайық! Тұрғындардың бірде-бір пікірі жерде қалмасын! Бүгін, осы жерде ғана барлық мәселенің 30 пайызына жауап берілді. Сұрақтарға мұқият жауап беріңіздер!» – деп түйіндеді.

Әсем ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий