Ағалық пейілін жиі сезінуші едім

Дәмнің жазуымен 1968-1972 жылдар арасында Ақмола облысының орталығы – Целиноград қаласына Көкшетаудан қоныс аударып келгенім бар. Бар жұмысым жазу, қаруым қалам болғандықтан салып ұрып облыстық қазақ тілді басылым-«Коммунизм нұрына» (бүгінгі «Арқа ажары») келдім. Бас редактор Әнуар Ипмағамбетовтың қабылдау бөлмесінде отырмын. Кіріп-шығып сапырылысып жатқан журналист ағайындар. Жастарынан жасамыстары көптеу көрінді. Кейіннен бағамдасам, ол солай да екен. Мені үсті-басы мұнтаздай, көмірдей қара костюм-шалбар, галстукті ақ көйлек киінген сыптығырдай арғымақ егде адам қарсы алды. Ақ басқан шашын да ұқыптап жатқызып қойыпты. Шашау шыққан ештеңесі көрінбейді. Тіпті, столының үстінде де басы артық қобырап жатқан ештеңе байқалмайды. Көрмеге қойғандай көрікті адам «Коммунизм нұры» газетінің бас редакторы Әнуар Ипмағамбетов аға осы кісі екен.

Аз-мұз танысып болған соң, сөмкеге сықай салып алған біраз жыл бойғы жарық көрген газет қиындыларын жиыстырған папканы алдына қойдым. Редактордың бидай өңіне жылылық сәулесі жаңа бір ажар бергендей жылынып сала берді. Мен де өзді-өзіме разы болғандай қуанып отырмын. Столдың оң қапталындағы түймені басып, хатшы қызды шақырып алды да: «Редколлегия мүшелерін жина» – деді. Әлгіндей болмай бір топ адам сау етіп кіріп келді. Редактор:
– Мына жігіт Көкшетаудан келген Төлеген Қажыбаев екен. Бізге қызметке сұранып отыр, – деді. Көбі мені танымаса керек, бір-біріне қарасты. Толықша келген маңғаз жігіт орнынан тұрып:
– Төлегенді сырттай көптен білемін. Жаңылмасам студент кезінен жазып жүр. Республикалық басылымдарда жарияланатын өлең, әңгіме, мақалаларымен таныспын. Мен алайын деген ұсыныс айтамын, – деп барып орнына отырды. Редактор:
– Мәди інісін жақсы біледі екен. Ендеше, мен де оның ұсынысын қолдаймын. Қызметке алайық, – деп кесімді шешімін ортаға тастады. Сөзбұйдаға салмай қызметке қабылданғаныма шын қуанышты едім.
Мәди ағаның соңынан еріп кабинетіне ендім. Ағаның мейірімді жүзіне сүйсіне қарап:
– Аға, сізге рахмет, – деп қолын алдым.
– Жарайды інім. Жаңа ортаны жатсынбай абыройлы жұмыс істе, – деп арқамнан қақты.
Сөйтіп, жаңа ортада еркін жүріп, ерінбей еңбек етуге ұмтылдық. Болат Бабақов, Жомарт Әбдіхалықов, Амантай Кәкенов тәрізді тұрғыластармен жақынырақ танысып, келе-келе бауыр басып кеттік. Мәди аға болса бірге жүріп, бір ұжымда еңбек еткен соң қайда тұрып жатқанымды, келіні Ярапияның оқуын да сұрап қалды. Орайы келгенде ақыл-кеңесін де аямады. Қалай десем де ағалық ықылас пейілін жиі сезінетін едім. Бір жылдан соң біздің томашаның ұясындай ғана отбасымызға қуаныш келді. Өмірге сәбиіміз келіп, бізді ата-ана атандырды. Әркімнің босағасында жүргендіктен Мәди бастаған бір топ әріптестерімізді Қарағаш ауылының тумасы Кенжебай Байшығыровтың үйіне шақырып, кішігірім той жасадық. Осы отырыста Мәдиге бөбегімізге ат қойып беруді өтіндім. Аға да тартынған жоқ, Алуа болсын деді. Отырған жұрт Алуа ғажап есім екен, сол үшін тост алайық десіп дуылдасып кеткені әлі күнге көз алдымда. Қырықтан асқан сол қызымыз бізге Меруерт, Медет деген немерелер сыйлады. Иә, өтіп бара жатқан уақыт. Мәди көз жанарының ақаулығына қарамастан журналистік қызметпен қатар жазушылықпен де айналысты. Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды. «Алғашқы ән» әңгімелер жинағынан бастап, «Тұлпардың дүбірі», «Тайталас» повестері, «Нартәуекел» романына дейінгі көркем дүниелерді өмірге әкелді. Журналист ретінде «Менің замандастарым» атауымен очерктер жинағын ұсынды. Мұнда Ақмола өңірінің әйгілі Наталья Геллерт, Нұрғабыл Мәлғаждаров, Сұлтанхамит Балғожин тәрізді еңбеккерлерінің еңселі тұлғаларын суреттеді, майталман еңбектерін толғана жазды. Әрине, Мәди ағаның өмір жолы соқтықпасы көп, аса қиын жағдайда өтті. Сүйікті жары өмірден озды, ал ұлы қайғылы қазаға ұшырады. Осының бәрі ардақты азаматқа оңайға тиген жоқ. Санасына салмақ салды. Мәди Хасенов іргедегі Қошқарбай ауылында туса да ерте шет жайлап кеткендіктен қарымды қаламгер есімі көпшілікке жете таныс емес. Сондықтан да абзал азаматтың кім екендігін біліп, тану үшін оның мұраларын мансұқтамай зерделеп оқу керек болады. Ардақты аға да 80-нің сеңгіріне қол созды. Өкініші өзі жоқ. Бірақ біз бармыз, есімін жоқтатпайтын ұрпағы бар. Соған да шүкіршілік.

Мәди ағамыз өмірдің тауқыметін көп көрсе де өзінің жігерлігі арқасында қиындықты жеңе білді. Сүйікті жары Ақлима Көпешқызы екеуі ұрпақтарына жақсы тәрбие беруге тырысты. Соның айғағы болар бүгінгі таңда Алмас «Есіл Су» республикалық мемлекеттік кәсіпорны басшысының экономика жөніндегі орынбасары, Айнаш банк мекемесінің қызметкері, ал Қайсар болса «Қазақтелекомның» Астана филиалы заң бөлімінің жетекшісі болып абыройлы қызмет істеп жүр. 

Төлеген ҚАЖЫБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық
филиалының директоры

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс