Ағаштар отырғызылып, аулалар күрделі жөнделуде

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру айлығы шеңберінде облыс орталығындағы «Құлагер» ескерткіші мен Уәлиханов көшесі бойындағы «Көкшенің ерке самалы» архитектуралық композициясы жанында ағаш отырғызу шарасына қатысып, көпқабатты тұрғын үйлер маңында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Өңір басшысымен Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев та бірге болды.

Аталған ескерткіштердің маңын абаттандырып, тазарту жұмыстарына қоғамдық бірлестіктердің, оқу және емдеу мекемелерінің өкілдері, қалалық мәслихаттың депутаттары, ардагерлер, жастар бір кісідей атсалысты. Бүгінгі күнге дейін қала аумағында екі мыңға жуық жас бұта отырғызылыпты. Айлықтың соңына дейін тағы да үш мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. 5 мамырдан бастап қала аумағында гүлзарлар жасау қолға алынады. Оның жалпы көлемі 23 мың шаршы метрді құрамақшы. Ескерткіштер маңында ағаш отырғызу жұмыстары аяқталған соң өңір басшысы қаланы көгалдандырумен айналысатын «Жасыл Ел НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің питомнигінде болып, «Васильковка» және «Центральный» мөлтек аудандарындағы көпқабатты үйлердің аулаларында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Облыс әкімі тұрғындармен әңгімелесіп, атқарылған жұмыс сапасы жайлы олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жалпы алғанда, Көкшетау қаласында 2015 жылдан бері аулаларды абаттандыру, көркейту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жергілікті атқарушы орган ағымдағы жылы «Васильковка», «Центральный», «Юбилейный» мөлтек аудандарының 12 ауласын күрделі жөндеуді ұйғарыпты. Сонымен бірге аулаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары да жалғасады. Үстіміздегі жылдың өзінде ғана 16 ойын, 7 спорт алаңы қалпына келтіріліп, «Воркаут» үлгісінде үш алаң жасалады. Сапар соңында облыс басшысы Мәлік Мырзалин орталық универмаг жанындағы алаңда жасалып жатқан жөндеу жұмыстарына да назар аударды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс