АҒЫМДАР АРБАУЫНА ТҮСКЕН АДАМ

  Мешітте бір сәждеде қауышып, ерекше ыждаһат сезімге бөлейтін әсерлі шақтың бірінде бейтаныс жігітпен бір сапта тұрып намаз оқыған едік. Алғашқы тілдесуіміз намаз үстіндегі оқыс оқиғадан бастау алған-ды. Жұма намазының парызынан соң сүннет амалдарын орындамаққа кіріскеміз. Алдымды кес-кестеп өте шыққан жас жігіттің мешіт әдебін білмегені  қатты қынжылтты. Сабыр сақтап, сүннет амалымызды орындап көшеге шыққанымда жаңағы жігіт тағы да алдымды орады.

Басқалар намаздарын оқып болғанша сабыр сақтамаған әлгі жігіт өрескел қылығына, тіпті кешірім де сұрамастан «менікі дұрыс» деген кейіпте кете барды. Мен де әркімнің өз ақылы өзінде деген оймен өз жайыммен кеттім. Осы оқиғадан бері біраз жыл өтіпті. Сол бейтаныс жігітті жуырда бір бауырымның жанында кездестіріп, әңгімелесудің сәті түсті. Ол өзін «Дулатпын» деп таныстырды. Осылай екеуара әңгімеміз жарасып кете барды. Баяғы оқиға есіне түсті ме, сәл жымиды да, қолын өзі ұсынды маған. Бір байқағаным, алғаш көрген кезде шолақ шалбар киіп, сақалын да көбірек өсіріп, басқалардан көп ерекшеленіп тұратын-ды. Енді сақал-мұртын күзеп, шалбарының балағын да түзеп, басқа адамның кейпінде көрінеді. Шыны керек, Дулатқа мен таңдана да қарадым. Ол осынша неге өзгерді, кім оны өзгертті екен деп ойладым. Емен-жарқын әңгіме барысында да ішіме бүгілген ойды ортаға салуға тырыс-тым. Журналист болғасын мұндай жайлар оның астарына тереңірек үңілуге жетелей түседі ғой.
– Дулат, бауырым, екеуміздің алғаш кездескеніміз есіңде болар, егер айып болмаса, сол кездегі сенімің жайлы айтып бере аласың ба? – дедім. Сәл ойланып, өзінің басынан өткен оқиғаларды былайша тізбелеген еді: «Менің намаз оқып, сәждеге жығылуым кездейсоқ жағдайда өтті. Аңда-санда мешітке келіп, құран оқытып жүретін едім. Бірде мешіттің сыртқы алаңында екі жас жігіт мені тоқтатып, танысқылары келетінін айтты. Осылай тез шүйіркелесіп кеттік. Олар менің қайда оқитынымды, сабағым қалай екенін де сұрады. Кәдуілгі күнделікті жастардың өмірлік әңгімелері ғой. Таныса келе олардың да мешітке келіп, намаз оқуға үйреніп жүргендеріне қанықтым. Бір Аллаға құлшылық жасау бір ғанибет парыз екенін де жеткізді олар. Алғашында намаз оқу жайлы менде басқаша ой болған еді. Әлі ертерек деп түсінетін едім. Өзім қатарлы замандастарымның бұл істеріне шынымен қызықтым. Ақыры оларды мешітте жиі кездестіретін болдым. Мені намаз оқуға үйреткендер де солар. Оған ризашылығымды әлі күнге дейін айтамын. Бірақ, уақыт өте келе олар менің сенімімді түбегейлі өзгертуге тырысты. Мешіттегі имамдардың оқып жүрген намаздары дұрыс емес деген пікірді де санама құйды. Бірде намаздан шығысымен бір пәтерге барып, уағыз тыңдауды ұсынды. Бардым, ұстаздың уағызы ерекше әсер етті. Ұнады. Осыдан кейін өзімнің дінді дұрыс ұстап жүргеніме күдік туындады.
Намаз оқымайтын ата-анама деген көзқарасым күн санап өзгеріп бара жатты. Маңайымдағыларға да басқаша қарайтын болдым. Олардың барлығы адасып жүрген пенделердей көрінді маған. Сондай күндердің бірінде үйдегі барлық фото суреттердің көзін құрттым. Ата-анам маған қатты ренжіді. Мен өз ұстаздарым құлағыма құйған «кәпір» сөзді өзімді дүниеге әкелген анама айтып қалдым. Енді олармен бір үстелдің басында тамақ ішпейтін болдым. Олар жатқасын барып, өзіме тамақ істеп, жеке отырып ас ішу әдетіме айналды. Ақыры ұстазым айтқан әдебиеттерді де таратуға кірістім. Ондағы ойым адамдар шынайы исламды ұстаса екен деген ой еді. Қайдан білейін, бұл мені түптің түбінде орға жығатынын. Көп ұзамай Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері мені осындай заңсыздық үстінде ұстап, қылмыстық іс қозғады. Одан әрі темір торға жабылдым. Өмірден түңіліп те кеттім…».
…Абақтыдағы торыққан күндері көп еді, Дулаттың. Жап-жас өмірі енді қысастықта өтпек. Осы жолға түсемін деп оқып жүрген оқуынан да қол үзді. Таза діни нанымға құлшына кірісті. Бірақ, оның діни білімі де сондай көп емес еді. Тек, өз тәлімгерлерінің айтуымен діни сенім жайлы әдебиеттерді оқып, аудио таспаларды тыңдады. Соңғы кездері ата-анасын ренжітіп, олардан өзінің қол үзіп бара жатқанын сезіп, жаңағы ұстаздарынан да алшақ кетуге белін бекем байлап көрген. Бірақ, олар оны оңайлықпен уыстарынан шығарғысы жоқ екенін де білді. Осылай темір торға қамалып, отбасынан да, өмірдің еркін күндерінен де айрылды. Абақтының қатал тәртібіне үйрене алмай қатты қиналды. Бірақ, Аллаға жалбарынып, өзіне сабыр беруді тіледі. Өзінің қателескен жерлерін еске түсіруге тырысты. Баяғы алғаш кездескен екі бейтаныс жігіттің өз «қармақтарына» түсіріп, мешіттегі имамдарға жолатпаған ақыл-кеңесі де ойына оралды. Адам адасайын десе, оп-оңай екен-ау. Неге имамға барып, ақыл сұрамадым деп те налиды ол. Бір кездері Сирияға баруға да үгіттегендер табылып еді. Қару алуға көндірмекші болған «ұстазының» алдындағы дәрменсіз кейпі көз алдына келді.
Бәлкім, теріс әдебиеттермен ұстамаса, сол Сирияда жүрер ме еді. Ол жақтағы жағдайды да естіп, біліп, өзінің абақтыға қамалып аман қалғанына да тәубе етті ол. Бәсен осында алғаш танысқан адамы. Ол да өзі сияқты деструктивті ағымға түскені үшін сотталған екен. Бес-алты жылдан бері түрменің төсегін тоздырып келе жатқанын жасырмады ол. Басында ол да осы Дулат сияқты қатал өмірдің тезіне шыдай алмастай күй кешіпті. Адам деген қандай қиындық болса да, төзеді ғой. Келе-келе осындағы басқа айыбын өтеуші намазхандармен діннің дұрыс жолын таңдап, беттерін бері бұрған екен. Дулат Бәсеннің әңгімесіне онша ден қоймаса да, өзінің осында не үшін түскенін ой елегінен өткізуге тырысты. Жергілікті мешіттен келіп, кездесу өткізіп, уағыз айтатын имамның да ықпалы болмай қалмады. Бәсеннің әңгімесіне ден қойып, Әбу Ханифа мазһабы мен Матуриди қағидасы жайлы тереңірек білуге жанын салды. Өзінің ата-бабалары ұстанатын бұл жолдың теріс болуы мүмкін емес. Бірақ, бұған Бәсен мен жаңағы имамның бір-екі ауыз сөзінен кейін бірден бет бұрмағанын да мо-йындайды ол. Өзінің осындай ақылшыларына қарсы дау айтып, қасарысып, баққанын да жоққа шығармайды.
…Дулат маған өткен өміріндегі қиралаңға толы күндерін осылай әңгімелеп берді. Қазір өзін қарапайым мұсылман санайды. Енді ешкіммен шаруасы жоқ мүмін екенін де айтты. «Дінді ұстансам өзім үшін ұстанамын. Алланың алдындағы бес парызымды орындап, саяси ағымдарға да енді адасып бармаймын», – деп сөзін аяқтады ол. Сөзінің соңында алғаш кездескен сәтте сәждедегі мені аттап кеткен ағат ісі үшін кешірім сұрауды да ұмытқан жоқ. Мен оған риза болдым. Ең бастысы, оның өз ортасына оралғаны қатты қуантты мені. Алдағы өмірің, ақ жол болсын деген тілегімді де жолдадым оған. Өмірде жолың, оң болсын, Дулат!

Бақыт ҚАЙЫРЖАНҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс