Ақан ауылындағы дүбірлі той

«Алаштың алтын шаңырағы» этно-мәдени фестивалінен репортаж

Осы топырақта ата-бабасының кіндігі тамып, ит көйлегі жуылды деген азаматтар Ақан батырдың есімі берілген ауылға асыға жетіп, жақындары жүректері дүрсілдеп, қуаныштары қойнына сыймай, шетте жүргендері туған-туыс, бауырларымен қайта қауышып, арқа-жарқа сәттің куәсі болғаныма өзім де шын қуандым. Менің әкем де осы елдің тумасы. Мәңгілік сапарына топырақ та осы жерден бұйырған. Қызмет бабымен көрші Жылымды ауылына көшіп кеткеннен кейін де ат ізін суытпай, апта сайын ағайындарына барып, бізді де араластырып тұратыны туыстарымен тамыры үзілмесін деген ниет екенін енді түсініп жатырмын. Оған себеп болған Ақан ауылында өткен дүбірлі той. Қарауылдың Шұңғыршасынан тараған ұрпақта есеп жоқ. Еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін осында жүр. Үлкендері көзіне жас алып «шүкір» дессе, балақандар кең жазықта асыр салып ойнады. Сол күні жаңа мешіт ашылып, елдестерін имандылық жолға ұйытамын деген азаматтардың ақ тілегі қабыл болды. Ақмола облыстық мәдени басқармасының қолдауымен осы елдің тумасы, айтыскер ақын, талай мәдени шаралардың бел ортасында жүретін Құдайберлі Мырзабек тағы да азаматтығын танытты. Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында «Алаштың алтын шаңырағы» атты этно-мәдени фестиваль ұйымдастырып, ауылдастарының алғысына бөленді. Дәл мұндай қарақұрым халықтың басының қосылуы көптен бері болмаған құбылыс еді. Бәрінің жүзі жарқын, амандасып, қауқылдасқан жұрт. Танысып, білісіп жатқан ағайын-тума. Аттар жарысып, асау үйретіліп, көкпар тартылып, күресте балуандар белдесіп, асық ойналып, ақындар айтысқа шықты. Ақ шаңқан киіз үйлер құрылып, табақ-табақ ет тартылды. Әртістер ән шырқады. Жастар мен балалар алтыбақанда тербелді. Жарыс жеңімпаздары марапатталды. «Ақ түйенің қарны жарылды» деп атам қазақ осындайда айтса керек.

Ақан ауылына кіргеннен-ақ бұл жерде дүбірлі дүрмек басталғанының куәсі боласың. Шойын жолды басып өтер жердің бергі бетінде «Алаштың алтын шаңырағы», арғы бетінде «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін?» деген сөздер қарсы алады. Ары қарай өткенде ауылдың оң жақ қапталындағы кең жазықта қаз-қатар тізілген киіз үйлер «мен мұндалап» өзіне тарта жөнеледі. Тойға ағылып келіп жатқан халықта қисап жоқ. Көліктерін қоя-қоя салып, күмбезі күнге шағылысқан ақ мешітке қарай асыға басып келеді. Негізі бұл той Алланың жердегі үйін ашумен байланысты ұйымдастырылды. Ал мешітке Мұқыш Қадырұлының есімі берілді. Тарихи деректерде 1870 жылы Мезгіл волосты, Шұңғырша ауылында туған деген жазбалар бар. Мұқыш молда Науан Хазіретпен бірге осы өңірде дінді насихаттап, нәрін сепкен жандардың бірі. Сол үшін қудалау көріп, абақтыға жабылған. Мұқыш Қадырұлының ұрпағы да патша өкіметінің жаналғыштары тарапынан талай теперіш көрген. Сондықтан бұл азаматты Алаштың бір арысы деуге әбден болады. Ауыл адамдары да бұл шешімді мақұл көріп, Алланың жердегі үйіне осы азаматтың есімін беруге келісімін берген.
Қазақстан діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы, Науан Хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш имам мен осы мешіт құрылысында басынан аяғына дейін жүрген ауыл тұрғыны Жанарбек Айтышұлы лентасын қиды. Осы аумақтағы 8 зираттарға зиярат етіліп, бақилық болған ақандықтарға құран бағышталды. Талайлы тағдырды басынан өткерген, бөлініп кеткен, алыс жүргендер атынан Амангелді Садырбеков сөз алды. Алыс-жақын ағайындар, іргетасын қаласып, көтерісуге  көмек қолын созған азаматтар, демеушілердің бәріне алғыс білдірілді. Шапан жабылып, ат мінгізілді. Осы шараға ат терлетіп жеткен Мәжіліс депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл да толғана сөйлеп, жиналғандарды рухты өлеңімен бір серпілтті. Қимадағы Шұңғырша әулетінің бес ауылы атынан да өкілдер сөз алды.

20170729_113046
Одан ары қарай дүбірлі той ақ шаңқан киіз үйлер маңында жалғасын тапты. Әр киіз үйдің төбесіне ұрпағы өз атасының есімін жазып қойыпты. Мәлік Ғабдуллин музейінің жетекшісі, осы елдің тумасы, айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек өзінің қызметкерлерімен бірлесіп «Алаштың алтын шаңырағы» этно-мәдени фестивалін бастап та кетті. Алдымен ақындар айтысқа шықты. Айнала отырған жұртшылық та арқаланып, өлеңнен өрнек түзгендерге қолдау білдірісіп, отырды. Айтыстан қостанайлық жас ақын Тоба Өтепбаев бас жүлдені қанжығасына байлады. Өзге ақындарға Мәмбетәлі Сердалин, Көкен Шәкеев, Шәймерден Қосшығұлов, Еркін Әуелбеков атындағы жүлделер мен осы ауыл азаматтары тіккен сыйлықтар берілді.
Боз кілемде белдескен балуандар күресі де қызықтырды. Көпшіліктің қолдау-қолпаштауына әсіресе, Ақан ауылының білектілері ие болды. Дегенмен талай додаларда топ жарған Аккөлдік Леонид Станеевке тең келетін балуан болған жоқ. Бас жүлдені осы жігіт қанжығасына байлады.
Ең қызықты, әрі делебені қоздырғаны – асау үйрету еді. Аттың жалына жармасып өскен жүректілер ортаға шықты. Қоршаудың сыртында тұрған көпшілік 5 асауға құрық салып, жуасыта білген жігіттердің батылдығына риза болысты. «Қолына найзасын беріп, жорыққа аттандыратындай нағыз  батырлардың ұрпағы екен»,– десті тамсанып. Солардың арасынан Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Қарабұлақ ауылынан келген Ерасыл Диқанбай: «Қабанбай батырдың атының тұяғы тиген қасиетті Алакөл өлкесінен келген едім. Өткен жылғы «Астана жұлдызы» республикалық турнирінің күміс жүлдегерімін. Бала жасымнан асау үйретіп келемін»,–дейді тақымы мықты бозбала.

20170729_153922

 

Көкпарда бәйгені қолдан бермеген жігіттер, ат жарыста да жүйріктерін жолға салды. Тай жарыс пен ауылдағы мініс аттар жарысы, аламан бәйгеге ұласты. Төрт айналымды оңай еңсерген тұлпарлар желмен жарысып, дуылдасқан жұрттың дауысы жер  жаңғырып, аспанның шаңы аспанға шыға, суырылып алға шыққандары бәйгені қолдан бермеді. Бас жүлдеге – ат, екінші орынға – қара мал, үшінші орынға – қой тігілді. Елтайлық азамат Нұрсұлтан Жүсіпалин нағыз шабандоз екенін танытты.
Дүбірлі тойдың қызығы күн батқанша тарқамады.
Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс