Ақан серінің мүсіні ашылды

Алаштың асып туған ақтаңгері Ақан серінің мүсіні Сарыарқаны әдемі әнімен тербеген ақын-сазгердің есімімен аталатын Көкшетаудағы колледждің алдына орнатылды. Мүсіннің авторы «Шабыт» фестивалінің лауреаты, көкшетаулық қолөнер шебері Ринат Әбенов. Салтанатты ашылу рәсімінде колледж студенттері Ақан серінің шығармашылық жолы туралы театрландырылған көрініс ұсынды. Шашу шашылды. Қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова құттықтау сөзін арнады. Жазушы Төлеген Қажыбай Ақан бабаға жасалған үлкен құрмет осы деді. Әнші Қажыбай Жахин «Маңмаңгерді» әуелетті.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы көптеген игі шаралар-дың басталуына негіз болып келе жатыр. Мәдени мұралар тарих қойнауынан аршылып алынып, есімі ескерілмей келген ардақтыларымыз халқымен қауышып, мұрағаттардың беттері парақталуда. Дәл осындай игілікті іс Көкшетаудағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде жүзеге асты. Облыстық білім басқармасының қолдауымен және аталған оқу орны басшылығының қолға алуымен Алаштың асып туған ақтаңгеріне  арналған бюст тұғырына қонды. Енді білім ордасының оқытушылары мен студенттерін күн сайын Ақан бабаның тас мүсіні қарсы алып тұратын болады. Қолөнер шебері Ринат Әбенов мүсінді келісті етіп құйған екен. Ақан серінің бет-бейнесін суреттерден көріп жүргендей айнытпай салыпты. Мүсіннің жазуы латын тілінде терілген. Бұл да жаңа графикаға көшуге бет бұрған бастамамызды қолдаудың дәлелі. Ашылу салтанатына көкшетаулық зиялы қауым өкілдері де келіп, өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп жатты. Гүл шоқтары қойылып, бабаның әуезді әндері шырқалды. Ақын, әнші, композитор Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы 1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы, Үлкен Қоскөлдің маңында дүниеге келген.  Жас кезінен өнерімен көзге түсіп, кейін ақындық, әншілік өнері кемелденген соң алты алашқа аты мәлім сері атанған.  Ақан сері – өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған заманының асқақ ақыны ғана емес, мұңшыл да сыршыл, лирикалық тебіреністі сазымен, әншілік-орындаушылық өнерімен танылған өзгеше дарын иесі. Ол қазақтың ұлттық өнерін кәсіби биікке көтеріп, дәстүрлі өнердің классикалық үлгісін жасады. Сан қырлы дарындылық, поэзия мен музыканың тел қозыдай табысуы, өзіне ғана тән нақыш, жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлік – Ақан сері шығармашылығына тән басты-басты қасиеттер. Қазақ мәдениетінің алтын қорына Ақан серінің елуге жуық музыкалық-поэтикалық мұрасы енген.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий