Ақан серіні ардақтайтын азамат

Өткен жылы ән әлемінің жарық жұлдызы – Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 175 жыл толуын ұлттық рухани құндылықтарымызды ардақтайтын дүйім ел атап өтті.

Болат аға Көшімбаевтың қозғау салуымен Серінің туған топырағында тамаша бір шара ұйымдастырылды.

Бозала таңнан аттанған біз Солтүстік Қазақстан облы-
сының Тайынша ауданына қарасты Мәдениет ауылының жанындағы Ақан серінің бейітіне барып құран оқып, мінәжат еткенбіз. Ендігі сорап – Айыртау ауданындағы Ақан сері ауылы.

Арқаның жұмалап жауатын сылбыраған ақ жауыны төпеп тұр. Ақан сері ескерткішінің жанына жиналған жұрт қоңыр күздің еттен өтіп, сүйекке жететін ызғарын да, жетім тоқтының ұйысқан жабағы жүніндей қара бұлт қаптаған аспанын да, тынымсыз жауған жауынын да елейтін емес. Олай болатындығы, Алаштың ән өнеріне өлмес-өшпес мол рухани мұра қалдырған Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 175 жыл толуын атап өткелі жатыр. Ауыл болып, ел болып ұйысып. Ел ішіндегі бас көтерер азаматтар жиналып, өз орталарынан қаржы жинап аталарының аруағына көрсеткен қошеметі мен құрметі.

Алдымен ескерткіш көзге түскен. Алдына қылқұйрықты салмаған ерен жүйрік – Құлагер. Арқырай аспанға шапшыған ат үстінде қолындағы домбырасын бауырына қыса-қымтай ұстаған ән өнерінің мәңгі сөнбес жарық жұлдызы – Ақан сері! Құлагердің бауырында, оң жақ қапталында қасқырды қынадай қырған әйгілі қазақы төбет – Басарала. Тұғыр үстіндегі құс біткеннің қыраны, шын қыраны, Ақан серінің әйгілі «Қараторғай»  әніне арқау болған, Зілғараның Әлібегі сыйлаған қыран бүркіті – Қараторғай! Бұл жер тұтас кешен. Аумағы ат шаптырым. Ұйыса өскен аққайыңды орманның қойнауында. Бір кезде Ақан ән салған осы далада жайқалып өскен қалың орман сыбдырлай сыбырлап, ақтаңгердің әнін үздіге шырқап тұрғандай. Ескерткішке жалғас ашық аспан астындағы ауқымы әжептәуір далалық сахна. Сахнаның қарсы алдында көрермендер жайғасатын кең орын. Жел мен жаңбырдан ептеп сыры қашып, кейбір тақтайлары ескіргені болмаса, сол қалпы. Осы арада мынадай ой келген. Жадыраған жаз айларында Ақан әндерінің бері қойғанда, облыстық байқауын тамаша табиғаттың аясында өткізуге болмас па еді. Шынын айтқанда, қапылып ештеңе дайындаудың қажеті жоқ, бәрі бар, орнында. Исі қазақтың дәстүрлі әншілері жиналып, ел еңсесін бір көтеріп тастар еді. Іргедегі Құлагердің құдығынан дәм татар еді. Өз заманында жалпақ жұртқа аты шыққан, рухани байлығының нәрімен сусындатқан Ақан серінің мөп-мөлдір ғашықтық әндерін тыңдаған дала да, адам да қорғасындай балқымас па?! Көптің көкірегіне жып-жылы, мөлдір шуақ құйылмай ма? Мына дала, көгілдір кеңістік мәңгі өлмес мұра құдіретімен айшықталса, іргедегі шоқ жұлдыздай шағын ауылға да шарапаты тиер еді ғой. Ауыл жайы өз алдына, жеке бір тақырып. Ауылды өтпелі кезеңнің өкпек желі тоздырған екен. Бір кезде көрген жанның көзін сүйсіндіретін, жұмыртқадай жұтынған коттедждердің көбі қаңырап, бос тұр. Бала саны жетпегесін, зәулім мектеп үйі жабылған. Қаншама қаусап, қираудың алдында тұрған есіл ғимараттар. Осы орайда, көңілге түйгенімізді қаузай айтып кетпекпіз. Ақан серінің 150 жылдық тойы қарсаңында осы жерге жаңадан ауыл салынған. Басты себеп, ақынның кіндік қаны тамған топырақ осы жерде. Сол уақытта көз көрмек түгілі, түсіңе де енбейтін  42 коттедж салынған. Зәулім, 200 орындық мектеп, мәдениет үйі, медициналық пункт, орталық жылу жүйесі қазандығы. Толып жатыр.

– 1993 жылы жаңа ауылға асфальт жамылғымен қапталған, сапалы жол тарттық, – дейді сол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Болат Көшімбаев, – ал, мына коттедждерді қараңызшы, бір-біріне ұқсамайтын сол дәуірдегі архитектураның ең үздік үлгілері. Барлық нысан жылу орталығына қосылды. Әрбір коттеджге орталықтандырылған су жүйесі тартылды. Ақан серінің тойына табаны күректей он жыл бойы дайындалдық. Кешегі кеңес заманында қазақтың төл өнерін, сол өнерді сомдаған асыл азаматтарымызды кім керек қылды дейсіз? Алдымен, Ақан серінің жамбасы жерге тиген жерді іздеп таптық. Басына орнатқан ағаш зират жермен-жексен болған екен. Сол жерге күмбез орнаттық. Әрине, қазіргі салып жатқан күмбездердей керемет еңселі болмаса да, өз дәуіріндегі озық үлгімен салынды. Үстімнен қаншама арыз жазылды. Қудаландым. Бірақ, өкінгенім жоқ, өйткені, біз болашақ үшін жұмыс істедік. Жаңадан ауыл тұрғыздық, еңселі ескерткішін салдық.

Айтпақшы, ескерткіштің басы дауға қалып тұр екен. Оқырманға түсінікті болуы үшін таратып айта кетелік. Ақан сері ауылы Көкшетау-Қостанай бағытындағы күре жолдың қамшылар жақ қапталында, Комаровка селосынан үш шақырым жерден ірге тепкен. Үлкен жолдан бар болғаны 4-5 шақырым жерде. Енді келіп Саумалкөл селосындағы ел ағалары Ақан серінің кешенін түпорнымен қопарып, бұзып апарып Саумалкөлдің кіре- берісіне қойсақ деген ұсыныс айтады. Уәжі жол үстіндегі жұрт көрмек. Ал, Ақан ауылы жақын да болса бұрылыс.  Оған ешкім де ат ізін сала қоймайды.

– Неге салмасын?! – дейді ел ағасы Қадыржан Әубәкіров. – Үш шақырым деген соншалықты алыс жер емес қой. Ақан серінің әнін тыңдаған, таңғы шықтай мөлдіреген әуенге ғашық болған ел бар емес пе? Салса, жаңасын салмай ма?! Бүгінгі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында талай маңызды мәселелер айтылып жатыр ғой. Көнені жаңартпақпыз, уақыт табы көлеңкелеген асылдарымызды тіршіліктің тозаңынан аршып алып жатырмыз. Ал, бар нәрсені қиратуға неге әуеспіз. Біз осы ауылды, ескерткішті салғанда қаншама еңбек сіңірдік. Енді оның зая болғанын көру бізге оңай деймісіз.

Дәл қазір жиырма отбасы түтін түтетіп отырған ауылда көшіп келемін дейтін адамдар болса ешбір жөндеусіз қоныстануға болатын оннан астам коттедж саңғырап тұр екен. Өзге коттедждерді де жөндеп алуға болады. Осы арада оңтүстіктен ескен жылы леп солтүстікке жан беріп жатқандығын еске алған дұрыс. Сол көштің табан тірейтін жері осы емес пе? Табиғаты қандай тамаша, топырағы қандай құнарлы. Жайылым дейсіз бе, иен тегін. Су дейсіз бе, Қоскөлі жатыр көлкіп!..

– Мен осы Ақан сері ауылының тумасымын, – дейді ел ақсақалы Құрман Нұрсейітов, – қазақ «жақсы әке балаға қырық жыл азық» дейді емес пе, Ақан атамыз кейінгі ұрпағына 175 жыл азық болып отыр. Ауыл ортасындағы 200 оқушыға арналған екі қабатты мектеп бос тұр. Дәл іргеміздегі бір шақырым жердегі Комаровка селосының 70 оқушысы мектеп жоқ болғандықтан, қолайсыз екі бөлмелі пәтерде білім алуда. Әуел баста тұрғын үй есебінде салынғандықтан, ол жерде спортзалы да жоқ. Тығырықтан шығар төте жол, өз ауылымыздың балаларына қосып мектебі жоқ көрші ауылдың баласын бірге оқытса, білім ошағының бағы жанар еді. Ал, мектеп ауылды сақтап қалудың төте жолы. Болашақ сонда емес пе?..

Болашақ демекші, ел жастары қамсыз отырған жоқ, қолдарынан келгенінше кәсіппен айналысуда. «Оразалинов» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 30 бас сауын сиыр алып, мал басын өз төлі есебінен көбейтуде. «Шыңғыс» шаруа қожалығы мал өсірмек болып бизнес жоспарын дайындап жатыр. Алақандай ауылдың ажарын кіргізуге талпынып отырған «Нұрсан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2304 гектар жерге дәнді дақылдар егуде. Осындай тіршілік бар жерде Сері ауылының іргесі сөгіліп, сетінеп кетеді деуге себеп те жоқ.  Оңтүстіктен үдере көшкен ел бетін осы жаққа бұрса, ит тұмсығы өтпейтін қалың орманның жып-жылы қойнауындағы жайлы қонысқа күмп ете түспекші.

Алақандай ауыл азаматтары Ақан серінің туғанына 175 жыл толуын шама-шарқынша атап өтті. Салмақты пікір, сәулелі әндер айтылды. Құлагер шапқан қырда ат жарыс өткізілді.

–  Ақан серінің ескерткішін Саумалкөл селосының кіреберісіне қою туралы идея оншалықты көңілге қонбайды. Қойса, ауылдың нақ ортасына қою керек. Ал, кіреберіс оншалықты ыңғайлы емес. Ол жерге қойса ара-тұра ат ізін салатын жоғары мәртебелі меймандарды қарсы алуға шыққан аудан әкімінің көмекшісі тәрізді болып көрінбей ме?! – дейді ел ақсақалы Ермек Балбергенов. – Біз Ақан серінің ұрпағы болғандықтан, осы ауылдан табан аудармай отырмыз. Ерлері бар жерде елдің де еңсесі биіктейтініне бек сенімдіміз.

Болат ағаның ендігі  бір арманы осы ауылдың бұрынғы ажарын қайтадан қалпына келтіру. Зейнетақысын түгел беруге бар. Арнайы қор ашпақ. Ауылға баратын жолды жөндесем дейді. Ол жол өнер өлкесіне қадам бастыратын жол. Босап қалған үйлерге ел қондырсам дейді. Ғұмыр жетсе, сол шаруаның бәрі оңынан оңғарылатынына бек сенімдіміз. Тек адамнан иман кетпесін деңіз. Айтпақшы, өткен мәуліт мерекесінде Көкшетау қаласындағы
8 Март көшесіндегі екі қабатты зәулім коттеджін иман жолындағы жас балаларды оқыту үшін медресе етіп тегін берді. Өнегенің өрімі осылай сабақталса, кейінгіге көпкөрім үлгі емес пе?!

Б.БАЙӘДІЛОВ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий