Ақжарма тілек ақтарылды

Қоғамдық келісім үйінде өткен Алғыс айту күніне арналған салтанатты жиында Ұлы Дала еліндегі бірлікті нығайту, бейбітшілік пен келісім, өзара түсіністік пен сенім басты тақырып арқауына айналды. Шараға алғыс айту философиясының мәнін ашу мақсатында этномәдени бірлестіктерінің, дін өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, өнегелі отбасылар және ел ағалары шақырылды.

Алғыс айту күніне арналған мерекелік шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов жиналғандарды өңір басшысы Сергей Кулагиннің атынан құттықтап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық қатынасқа селкеу түспеуін ұдайы назарда ұстап, айрықша маңыз беретініне тоқталды. Соның айқын көрінісі өзге мемлекеттерде жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы болса, ал Елбасы Жарлығымен бекітілген 1 наурыз – Алғыс айту күні осы игілікті істің жүйелі жалғасы екенін атап өтті. Ол қазақ халқының қандай қиын жағдайда да тағдырдың жазуымен елге келген ұлттар мен ұлыстарға достық құшағын айқара ашып, бауырына тартқанын, барымен бөлісіп, жүрек жылуын бергенін тілге тиек ете келіп, осы ыстық ықыласқа бөленген өзге ұлт өкілдерінің оны ешқашан ұмытпайтынын жадыда жаңғыртты. Осындай ізгіліктен тамыр тартқан еліміздегі татулық пен тұрақтылық, береке-бірлік ең басты құндылығымыз екенін жеткізді. Біздегі Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс тәжірибесін өзге елдердің өнеге тұтып жатқанын да атап өтті. Өңірді мекендейтін түрлі ұлт өкілдерінің татулығы мен бірлігі нығая беретініне сенім білдірді. «Бұл мереке алғаш рет елімізде аталып өтіп жатыр. Алғыс айту күні барлығымызға құтты болсын! 1 нау-рыз күні Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен баршаңызды құттықтай отыра, зор денсаулық, бірлік пен береке тілеймін!» – деді облыс әкімінің орынбасары.
Қандай заман, қандай қоғам болса да алғыс айту алға бастайды. Елдің алғысына бөленуден артық бақыт жоқ. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген бұл шуақты мереке күні науқас балаларына қайырымдылық көмек көрсетілген аналар атынан Айнаш Сағандықова ақжарма алғысын жеткізді. Шарада сөз алған «Видергебурд» неміс этномәдени бірлестігінің мүшесі Людмила Хаврушина қазақ халқына деген ризашылығы мен алғысын білдірді: «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында бір жарым миллион адамға пана болды. Бүгінде қазақ жерінде жүзден астам ұлт өкілі тұрып жатыр. Олардың барлығы туған жерінен қазақ еліне депортацияланған халықтар. Қазақ халқының қонақжайлығының арқасында бүгінде біз өз Отанымызда өмір сүріп, білім алып, еңбек етіп келеміз». Шарада сөз алған «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық зерттеу орталығының директоры Берік Рақышев жастарды бірін бірі сыйлауға, кешірімді болуға шақырды. Бұл мерекенің тәлімі өте зор. Әсіресе, жастар үшін берер ғибраты мол екендігін атап өтті.
«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастырған тұтастық туын дәріптеген жиын жиналғандарға ерекше әсер сыйлады. Салтанатты шара барысында «Менің отбасым – елімнің бір бөлшегі» альманахының тұсаукесері өтті. Альманахта Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы журналистер клубының мүшелері жазған 25 үлгілі отбасы туралы мақалалары жарық көрді. Бұл күні Қазақстан халқының бейбітшілігі мен келісімін нығайтуға үлес қосқан бір топ азаматтар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хатымен және Қазақстан халқы Ассамблеясы «Бірлік» қоғамдық медалімен марапатталды. Игілікті шара барысында аға ұрпақ өкілдеріне зор құрмет көрсетіліп, үлкенге құрметтің, кішіге ізеттің инабат иірімдері самал желдей есіп тұрды. «Менің отбасым – елімнің бір бөлшегі» жобасының барлық қатысушыларына Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс