Ақмолалық диқандар молшылықтан үмітті

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов пен Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин «2017 жылдың көктемгі егіс жұмыстарын ұйымшылдықпен жүргізу бойынша дайындық жұмыстары мен қойылған міндеттер туралы» облыстық агрокеңеске қатысты.
Аудан, ауыл әкімдері, ведомстволардың, ұйымдардың және агроқұрылымдардың басшылары, ғалымдар мен өнім жеткізуші фирмалардың өкілдері қатысқан кеңесті аймақ басшысы Мәлік Мырзалин ашып, жүргізіп отырды.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов ауылшаруашылығы тауар өндірушілерімен өткізген жиын барысында ауылшаруашылығы кооперативтерін дамыту мәселесін де талқылады. Бұл жұмысты белсенді жүргізу мақсатында «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы лизингке берілетін сүт қабылдау және мал бордақылау пункттерін алғашқы жарнасыз құрудың сызбасы жасалды.
Ақмола облысында осы жылы сүт пен ет өнімдерінің жүктемелігін арттыратын 32 кооператив құру жоспарланған. Қазіргі таңда 14 кооператив құрылыпты. Еліміздің әрбір фермері ауылшаруашылығы кооперациясы арқылы мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндігі бар. Ақмола облысы Астананың азық-түлік белдігіне кіретін болғандықтан, шағын және орта шаруашылықтар ауылшаруашылықтар кооперациялары арқылы Елорда тұрғындарын экологиялық таза азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін шеше алады.

«Көкшетау» мәдениет сарайының жанында ауылшаруашылығы теникасының көрмесі ұйымдастырылып, агроқұрылымдар басшыларының назарына астық жинаушы «Джондир» комбайны, роторлы шалғысы бар «Клаастар» сияқты өнімділігі жоғары соңғы үлгідегі техникалар ұсынылды. Жаңа үлгідегі бұл техника ертең-ақ егіс танаптарында жұмыс істейді. Облыс жыл басынан бері жаңа 56 трактор және 30 егіс кешенін сатып алған. Техника көрмесіне келген ауылшаруашылығы құрылымдарының басшылары іздегенін осы жерден тауып, бағамдай алды. Кеңеске қатысушылар көктемгі егістік науқанын жүргізудің бірінші кезектегі мәселелері мен ауылшаруашылығы өндірісінде ғалымдар мен тәжірибелі мамандардың ұсыныстарын талқылады. Елбасы тапсырмасына сәйкес Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы әзірленді.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Егорь Каппельдің «2017 жылдың көктемгі егіс жұмыстарын ұйымшылдықпен жүргізу бойынша дайындық жұмыстары мен қойылған міндеттер туралы» баяндамасы тыңдалды. Биыл облыс бойынша 4,7 миллион гектар жерге дән түседі деген жоспар бар. Оның ішінде 4,3 миллион гектарға дәндi дақылдар, 241,5 мың гектарға майлы дақылдар, 591,7 мың гектарға мал азықтық дақылдар, 18,4 мың гектар және 4,3 мың гектарға картоп, көкөнiс өнімдері егілмекші. Егістік аумағының басым көпшілігін майлы дақылдар құрап отыр. Жалпы, майлы дақылдарға және қоректік қорды нығайтуға артықшылық берілген. Биылғы егіс науқанына шамамен 16 мың трактор, 16,8 мың бірлік тұқым сепкіш және 1145 бірлік өнімділігі жоғары егін егу кешендері жұмылдырылатын болады. Бұлардың бәрі тыңғылықты тексерілген, жұмысқа жарамды. Тұқым жеткілікті, жанар-жағармай алынды. 522 мың тонна тұқым тексеруден өткен. 86 пайыздан аса тұқым 1-2 класты. Дән себілетін бар алқаптың 70 пайызында жоғары өнімді кешендер жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Жыл сайын шамамен 1,8 миллион тонна астықты алыс және жақын шетелдерге экспорттаса, 800 мың тоннадан астамын республикамыздың 7 облысына таратады. Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысымен таныса отырып, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов диқан қауымын көктемгі жұмыстарға белсене кірісуге шақырды. Қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін жармалық дақылдар мен картоп алаңдарын көбейту керек. Барлық аудандарда мал азығы мен біржылдық шөп егетін алқаптардың көлемін ұлғайту қолға алынуы тиіс. Бюджеттен бөлінген қаржыны толық игеру керектігін айтты. Агрокеңесті қорытындылай келе, облыс әкімі Мәлік Мырзалин айтылған ұсыныс-пікірлерден тиісті қорытынды шығарып, көктемгі дала жұмыстарының жоғары агротехникалық деңгейде өтетіндігіне уәде берді.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс