Ақмолалық имамдар да сынақ тапсырды

Қазір түрлі ағымдарға мүше болып сергелдеңге түскен «адасқандарды» қоғамға қайтару мақсатында әр өңірде белсенді жұмыс жүргізілуде. Бүгінде дін қызметкерлеріне қойылып отырған талап та жоғары. Олар жастармен тығыз байланыс орнатып, тура жолды көрсете алатындай  білімді болуы тиіс. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өңірлердегі мешіт имамдарын сынақтан өткізіп, діни сауаттарын тексеруде. Өз кезегінде ақмолалық имамдар да емтихан тапсырды. Бүгінгі күні елімізде екі жарым мыңнан астам мешіт бар. Оларда үш мыңға тарта дін қызметкері еңбек етуде. Имамдардың басым бөлігінен сынақ алынған. Ақмолалықтардан кейін Солтүстік Қазақстан облысы және Астана қаласының дін мамандары емтихан тапсырады.

Қазіргі күні еліміздің дін қызметкерлері уағыз-насихат айту, жат ағымдармен жұмыс істеу, қайырымдылық және сауат ашу сияқты негізгі төрт бағыт бойынша жұмыс істей алулары тиіс. Бұдан бөлек, діни қызметтеріне қатысты арнайы құжаттарды білулері қажет. Олардың қатарында 2015 жылы қабылданған Қазақстан мұсылмандарының тұжырымдамасы, дін қызметкерлерінің этикасы, ел аумағындағы діни қызметті 2020-шы жылға дейін дамыту стратегиясы және «Дін мен дәстүр» кітаптары бар. Сынақ барысында имамдарға қойылған сұрақтар да дәл осы бағыттар мен құжаттар бойынша әзірленген. Бүгінгі күні Ақмола өңіріндегі діни ахуал тұрақты. Облыс бойынша 107 мешіт болса, оларда 140-қа жуық имам жұмыс істеуде. Діни уағыздарға қызығушылық танытатын өңір тұрғындарының қатары да күн санап арта түсуде. Ал, бұл жағдайда дін қызметкерлері оларға дұрыс бағыт көрсете білулері тиіс. Сондықтан, ақмолалық имамдар белсенділік танытып, өздерінің білімдерін сынауға түгелдей дерлік атсалысты. «Дін мамандарына талап өте күшейіп жатыр. Өткен жылы да сараптама жүргізілген болатын. Онда біраз имамдардың сауаттылығын байқадық. Тек діни жағынан ғана емес, мамандардың қоғамдағы түрлі мәселелер, заң, іс басқару жағын қаншалықты білетіндігі де тексеріліп жатыр», – дейді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысы бо-йынша өкіл имамы Қанат Қыдырмин.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс