Ақмоланың экспорттық әлеуетін арттыруға күш салынады

Ақмола облысы активінің кеңейтілген жиналысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті Жолдауы талқыланып, стратегиялық маңызды құжаттан туындайтын нақтылы міндеттер сараланды. Индустрияландыру бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Ақмола облысы индустриалды-аграрлы аймаққа айналып отырғандығын атап өтті облыс басшысы.

«Бүгінгі күні аймақта өнеркәсіп өнімдері 25%, ауыл шаруашылығы өнімдері 15% артып отыр. Облыста Индустриаландыру картасы бойынша 81 жобаның 26-сы экспортқа негізделген. Бұлардың барлығы өңдеуші сектор саласына тиесілі. «Капитал Прожект», «ҮшБұлақ», «ҚазГерқұс», «Астана Агропродукт», «Көкшетау минералды сулары», «Көкше Цемент» және басқа да ірі кәсіпорындарды атап өтуге болады», – деді Мәлік Мырзалин. Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңдеуші кәсіпорындарды қолдау мақсатында алдағы үш жылда қосымша 500 млрд теңге бағытталмақшы. Өңір басшысы облыстағы бірқатар сала басшыларына тапсырма жүктеді. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы басқармалары мен қала, аудан әкімдері инвестиция тарту, бәсекеге қабілетті өнім өндіру бағытындағы жұмыстарды күшейтуі тиіс екендігін жеткізді.

Облыста «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 16,5 млрд теңге бөлінген. 600-ге жуық жоба субсидияланған. Инфрақұрылым тартуға 12 млрд теңге бағытталып, 15 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Осы уақыт ішінде өзінің тиімділігін дәлелдеген аталған бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылға дейін ұзартылды. Оны жүзеге асыру үшін жыл сайын 30 млрд теңге қаражат бөлінетін болады. «Облыста кәсіпкерлердің сот, прокуратура, әкімдік, мемлекеттік кіріс департаменті, басқа да өкілетті органдардың іс-әрекетіне қатысты арыз-шағымдары көбейіп кеткенін атап өткім келеді. Осы орайда Президенттің берген тапсырмасын тағы да естеріңізге саламын», – деді облыс әкімі. Әкім бизнесті дамыту үшін барынша жағдай жасау қажеттілігін атап өтті: – Облыс бойынша бос жер телімдерінің картасын жасап, интернетке салдық. Көкшетау қаласы бойынша портал жұмысын жақын арада аяқтаймыз. Өз кезегінде бизнес те заң аясында жұмыс жүргізуі тиіс. Көлеңкелі экономикамен күрес мақсатында аудан, қала әкімдері мемлекеттік кіріс департаментімен бірлесіп салық және жалақы төлемін қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастыруы тиіс.

Ел Президентінің кезекті Жолдауы елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге басымдық берілгенімен ерекшеленді. Тұрғындардың әл-ауқаты өмір сапасына байланысты. Президент  тапсырмасымен 2019 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақы бір жарым есеге артады. Өңірде өткен жылдан бастап орташа жалақы мөлшерін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Облыстың бюджеттік ұйымдарында 58 мың адам еңбек етуде. «Орташа еңбекақы көрсеткішін жақсартып, 12 орыннан көріндік. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер бар. Облыс аудандарына жасалған сапарларда бірқатар кәсіпорындарда жұмысшыларға төленетін еңбекақының ең төменгі мөлшерден де аз екендігі анықталды. Өкілетті органдар осындай заң бұзушылықтарға назар аударуы тиіс», – деді облыс әкімі.

Актив жиналысында «Ақмола-«Тіршілік» ЖШС директоры, белгілі жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Ақмола филиалының директоры Виталий Чеусов, Көкшетау қаласындағы №3 дарынды балаларға арналған арнайы мамандандырылған мектеп директоры Дана Ысқақова, Зеренді ауданының әкімі Мереке Мұстафин және «Нұр Отан» партиясы Көкшетау қалалық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Аян Хафиз сөз сөйледі. Актив жиналысында облыс әкімі денсаулық сақтау, білім, тұрғын үй құрылысы, жалақы мөлшерін көбейту  бойынша тапсырмалар жүктеді.

Әсем Ұланқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий