«Ақмола жұлдыздары» шығармашылық байқауы: Көкшетаулықтар жоғары деңгейден көрінді

«Достар» мәдениет сарайына лық толған халық көкшетаулық өнерпаздардың ең үздік деген нөмірлерін көруге асықты. «Ақмола жұлдыздары» халық шығармашылығы байқауы биыл 17-ші рет ұйымдастырылып отыр екен. Оған 92 мекемеден барлығы 15500 адам қатысты. Осы кезге дейін қаладағы барлық оқу орындарында, ұйымдарда өтіп, одан іріктелген үздіктердің үздігі соңғы қорытынды концертте өнер көрсетті. Байқаудың бір ерекшелігі, бірнеше ұжымның өнерпаздары бірігіп, бір шығарманы бірге орындайды. Бұл жолы да солай болды. «Қуатты Қазақстан – баянды болашақ» тақырыбымен өткен концерттік бағдарлама «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздеріне 25 жыл толуына арналды. Бір деммен, асқан ұйымшылдықпен, орындаушылық шеберлік, өзгеше хореография, режиссураның мықтылығымен қалалық байқау жоғары деңгейде өтті. Нәтижесінде бір би ұжымы мен бір вокалдық нөмір жоғары балл жинап, облыстық байқауға жолдама алды. Сахнаның безендірілуі, костюмдардың ерекшелігі, жарықтың берілуі, режиссерлік шешім, үш тілдің қолданылуы, бұқаралығы бойынша ұйымдастырушылардың еңбегі жоғары бағаланды.

DSC_3785

«Ақмола жұлдыздары» байқауының іріктеу кезеңі 2 айға жалғасты. Оның барысында Көкшетау қаласындағы колледждер, университеттер, мектептер, мемлекеттік қызметкерлер, түрлі сала өкілдері өз қабырғасында өнер көрсетіп, қазылар алқасының бағасын алған еді. Өткен жылы халық шығармашылық байқауына 89 мекеме қатысқан болса, биыл оның саны 92-ге артты. Сәйкесінше, жаңа өнерпаздар жарыққа шығып, жаңа нөмірлермен әрленді. «Достар» мәдениет сарайына келген көпшілікті түрлі ұлттың киіміне жасанған қыздар қарсы алса, фойеде оқу орындарының қолөнер шеберлерінің туындыларының көрмесі күтіп тұрды. Мұнда түрлі материалдан жасалған картиналар мен заттардың саны 400-ге жуық. Концерттік бағдарлама «ЭКСПО-2017 көрмесі – елдіктің ерен жеңісі» деп аталатын патриоттық прологымен басталды. Оған Көкшетау қаласындағы колледждер, мектептер және халық би ансамбльдері қатысты.
Жастықтың аты – жастық. Кез келген нөмірді олар жандандыра алады. Болашақтың энергиясы, халықаралық көрменің маңызы, еліміздің бедел-абыройы, бәрі-бәрі осы прологта көрініс тапты. «Қазақстан жастары тәуелсіздік толқынында» атты жас ақындардың әдеби композициясы бұл тақырыпты толықтырса, Біржан сал атындағы ұлт-аспаптар оркестрі, Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің оркестрі және «Жігер» би ансамблі қазақ халқының өнерін паш етті. Ал, домбыра үйірмелерінің оқушылары бірігіп орындаған Құрманғазының «Адай» күйі бір серпілтті. Көкшетау техникалық институты курсанттары мен 5510 әскери бөлім сарбаздарының орындауындағы патриоттық ән рухтандырды. «Мерей», «Самоцветы», «Сымбат», «Арай» би топтарының орындауындағы «Қазақстан –достық мекені» композициясы көрерменнің ыстық ықыласын тудырды. Көпшіліктің көңілін толқытып, көзіне жас үйірткен «Қазақ саңыраулар қоғамының» өкілдері мен №1 құрылыс-техникалық колледжінің инклюзивті тобы орындаған «Жить» әні болды. Концерт барысында бірін-бірі қайталамайтын классикалық, спорттық-би, эстрадалық нөмірлер орындалды. Айта кету керек, байқаудың жүгін жастар көтерді. Қандай нөмірге қатысса да, шырайын кіргізді, жандырды. Қорытынды сөз алған қазылар алқасының төрайымы, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева ұйымдастырушылардың бәріне алғысын білдірді. Көкшетаулық өнерпаздарға қолдау білдірген қалалық әкімдікке разылығын жеткізіп, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмысын жоғары бағалады. Нәтижесінде «Нұр шашу» және «Нәзік сезім» композициясымен «Арай» халық би ансамблі және «Самға» әнін орындаған қазақ-түрік лицейінің оқушысы Асхат Байтілеуов 10 балл алып, облыстық байқауға жолдама алды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс