Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин: Қала келбеті жаңғыра түсуі керек

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің қатысуымен 28 тамызда Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты актив жиналысы болды. Оның жұмысына облыстық және қалалық деңгейдегі ведомстволар мен басқармалардың жетекшілері, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер шақырылды. Аталған жиынды басынан аяғына дейін өңір басшысының өзі жүргізіп отырды. Алғашқы болып күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев баяндама жасады. Бұдан кейін Ақмола облысының бас сәулетшісі Владимир Фелбелт, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіров сөз сөйледі. Талқыланған мәселелер бойынша актив жиналысын қорытындылай келе, облыс әкімі Мәлік Мырзалин қала активінің алдында тұрған міндеттерді айқындап берді.

Көкшетау – астаналық облыстың, Ақмола облысының орталығы. Демек, облысымыздың айнасы, беткеұстар қаласы. Өзіндік тарихи даңқы бар қала. Сондықтан да, оған қойылар талап деңгейі де жоғары. Қаламыздың бүгінгі тазалығы, көрінісі, даму үстіндегі қарбаласы көңіл тоғайтады. Жаңа үйлер, ғимараттар салынып жатыр, жаңа аллеялар ашылып, көшелер жөнделуде, ағаштар егілуде. Алға басу бар. Алайда, біз қол жеткен табыстармен шектеліп қалуға тиіс емеспіз. Бүгінгі ғылым мен технологияның қарыштап дамыған заманында кешеуілдеуге, кейін қалуға болмайды. Осы кезеңде атқарылып жатқан істерде кемшілік жіберуге болмайды. Бәрі де есептеліп, зерттеліп, зерделеніп жасалуы қажет. Қай үй, қай ғимаратты қай жерге, қандай кейіпте саламыз? Оның айналасымен үйлесімі, жарасымы қандай болмақ? Қайткенде тұрғындар үшін қолайлы, ыңғайлы болады? Соның бәрі ескеріліп, әбден салмақталуы керек. Мәселен, қаламызда әлі күн ескі, тұрғындар қозғалысына қолайсыз автобустар жүр. Жүргіншілердің көбейетін кезінде қиындықтар аңғарылады. Демек, автобус парктері көліктерін жаңғыртатын уақыт жетті. Тұрғындардың дем алып, сейілдейтін қала бағын жаңғыртып, жетілдірудің жолдары қарастырылуы қажет. Ол да бүгінгі күн талабына орайластырылып, қолайландырылуы тиіс. Тіпті, интернет желісі қосылып тұратын, ұялы телефондарын қуаттандырып алатын жағдай жасалуы керек. Сонда, тұрғындар демалыс бағына көбірек келетін болады. Шағын, таза қаламыздың архитектуралық бет-бейнесін ажарландыру бағытында ізденіспен жұмыс атқарамыз. Көпқабатты үйлерді орталықтан газдендіру де кезек күттірмейтін мәселе. Қысқасы, Көкшетау алдағы уақытта жаңаша дамудың жолына түсуі керек. Ақмола облысының бас сәулетшісі Владимир Фелбелт қаланың бас жоспарының бұзылмауы тиіс екендігін, оны қатаң сақтаудың түбінде келісімді жарасымдылыққа алып келерін айтты. Қала іргесіндегі Қопа көлінің көрінісін пайдалануды, қырқалардың етегінен үй салуға орын бермеуді, табиғаттың тазалығын, көркемдігін барынша қатаң сақтау қажеттігін тілге тиек етті. Одан да жақын тұрған тауларда шаңғы жолдарын ашып, қыс қызығын қыздырудың пайдалылығын атады. Ал, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіров үйлерді салу барысында оның жоспарынан қате жіберілетінін, құрылыс технологияларынан кемшіліктер кететінін тілге тиек етті.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс