Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин: Ең шынайы мәліметті жергілікті баспасөз жазады

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин өңір ақпарат құралдары және байланыс саласы өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, бірқатар қызметкерлерге Алғыс хаттар, жарияланған байқау қорытындысы бойынша дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.
«Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, ерінбеген ізденістеріңіз арқылы біз толыққанды хабарлармен құлақтанып, мәлімет-деректерге қанығамыз. Ұзақ жылдарғы еңбек жолымда мен баспасөз ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс жасай келіп, мынадай қорытындыға келдім: ең шынайы мәліметті осы жергілікті баспасөз жазады. Өйткені, олар оқиғаның басы-қасында, адамдардың арасында. Біздің атқарған істерімізді жария қылып көрсететін де, сынға алатын да сіздер. Алайда, шынайы болған соң, сындарыңыз да әділ. Біз өз жұмысымызда журналистердің мақалаларына сенім артамыз, тиісті шешімдер шығарамыз. Алға қарай да еліміздің өркендеуі, Елбасы алға қойған мақсаттарды орындау жолында тізе қоса еңбек ете береміз. Баршаңызға мықты денсаулық, шығармашылық табыстар тілеймін!», – деп жиынды бастаған өңір басшысы, баяндама үшін сөз кезегін облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркеновке берді. Ол бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам дамуында алар орны, облыс қаламгерлерінің атқарып отырған ұлан-ғайыр істері, алдағы міндеттер туралы баяндай келіп, барлық қаламгерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Одан кейін марапаттау рәсімі басталды. Әкім жергілікті қаламгер, еңбек ардагері А.Әбутәліповке, журналистика ардагері В.Холинге, облыстық «Арқа ажары» газетінің жауапты хатшысы А.Айжарықоваға, осы газеттің бөлім меңгерушісі В.Талғатқызына, «Қазақстан-Көкшетау» облыстық филиалының шеф-редакторы Е.Елбергеновке, облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз орталығының жетекшісі Ш.Өтебаеваға, тағы басқаларға марапаттар табыс етті. Біздің әріптестеріміз «Степной маяк» газеті бас редакторының орынбасары Е.Кимов пен «Көкшетау» газетінің тілшісі Г.Бәйішева да «Алтын қалам» байқауының жүлдегерлері атанды. Жылы жүздесу соңынан облыс әкімі баспасөз ақпарат құралдары өкілдерімен ескерткіш суретке түсті. Қала әкімі Ермек Маржықпаев сала басшыларымен күнделікті жұмыс барысын талқылаған кезекті жиналыстан кейін «Көкше-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жалғасбек Сүлейменовке Алғыс хат, «Степной маяк» газетінің бас редакторы Қарлыға Мұқатаева мен «Көкшетау» газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиевке Ақмола облыстық мәслихатының Құрмет грамоталарын, сондай-ақ, «Любимый город» газетінің бас редакторы Любовь Пистовниковаға Алғыс хат табыс-тап, кәсіби мерекелерімен құттықтап, қала тұрғындарының тұрмысы, тыныс-тіршілігі, жетістігі, облыс орталығының дамуы мен өркендеуі жөнінде тыңғылықты қалам тарта беріңіздер, деген тілегін жеткізді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс