Ақмола облысы: өрелі істер көкжиегі

«Көкшетау» мәдениет сарайында облыс әкімі Сергей Кулагин «Ақмола облысының 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2017 жылдың негізгі міндеттері туралы» есеп берді. Облыс әкімінің есеп беру кездесуіне Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Бәйімбетов, барлық деңгейдегі әкімдер, облыстық мәслихаттың депутаттары, аудандық және қалалық мәслихаттардың хатшылары, облыстық атқарушы органдардың басшылары, өнеркәсіп орындарының, әлеуметтік сала және ауылшаруашылығы өндірісі ұйымдарының, оқу орындарының жетекшілері, қоғамдық жұртшылық, діни конфессиялардың, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, ұлттық мәдени орталықтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Есепті  баяндамасында облыс әкімі Сергей Кулагин өткен жылы атқарылған жұмыстарға және Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға байланысты алда тұрған келелі міндеттерге тоқталды.

Қабылданған жан-жақты шаралардың арқасында 2016 жылы өнеркәсіп өндірісіндегі өңдеу секторының өсімі қамтамасыз етілді. Бұған негізінен ет, майлы дақылдар, алтын өндірісінің артуы сеп болды. Осы салаға 59 миллиард теңге қаражат бөлінді. Өндірістік және әлеуметтік салада 135 нысан пайдалануға берілді. 12500 жаңа жұмыс орындары ашылды. Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы аясында 14,6 миллиард теңгенің 18 жобасы енгізілді. Түсті металлургия, құрылыс индустриясы, химия өнеркәсібінде өндіріс қарқынының артуы өнеркәсіптің жалпы көрінісінде көрінді. Өткен жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 421 миллиард теңгені құрады. Осылайша Ақмола облысы өнеркәсіп өнімі бойынша рес-публикада төртінші орынға шықты. Өңірде тұрғын үй құрылысы жоғары қарқынмен жүргізілді. Салаға бөлінген инвестициялар көлемі 29 миллиард теңгені құрады. Былтыр облыста 365 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 3 мың отбасы баспаналы болды. Өңір басшысы бұл көрсеткіштердің әлі де жақсаратынын, аймақты дамыту жолында әлі де көп жұмыс атқарылатындығын айтып өтті.
2016 жылы алтын өндіру көлемі 26,2 тоннаны құрап, 26,1 пайызға өсті. Уран қосындысының өсімі 20,7 па-
йыз. Ұн мен ет өндіру 22 пайызға артса, өсімдік майы екі есе өсті. Подшипниктердің жаңа түрін шығару үшін өндірісті қазіргі заманғы қайта бағдарлаудың арқасында «ЕПК-Степногорск» акционерлік қоғамы жылды 16,7 пайыз өсім көрсеткішімен аяқтады. «СП «СКЗ «Казатомпром» серіктестігі 136,7 мың тонна күкірт қышқылын өндірді. Бұл бұрынғы көрсеткіштен 3,4 есе артық. Облыста кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға айрықша көңіл бөлініп жатыр. Нәтижесінде кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 180,6 миллиард теңгенің 78 жобасы жүзеге асырылды, 7,1 мың жұмыс орны ашылды. Олардың 36-сы жоғары қосымша құн өнімі өндірісіне бағытталған. Тамақ өнеркәсібі және құрылыс материалдары өндірісі бойынша 912 тұрақты жұмыс орны ашылды. Тамақ өнеркәсібі саласында жаңа жобалар жүзеге асырылды. Мәселен, Шортанды ауданының «Белая Лилия» серіктестігі қуаты 60 тонна өнім өндіретін қаз фермасын, Сандықтау ауданында «WorldBerries» серіктестігі қуаты 6 тонна жеміс-жидек өндірісін, Көкшетау қаласында қуаты 14,4 мың тоннаға жететін «Нәтиже» сүт фабрикасы» серіктестігінің сүт өнімін өндіретін зауытын, Ақкөл ауданында «ТП-1» серіктестігі қуаты 210 тонна шұжық өнімі өндірісін іске қосты. Облыс табысының басым бөлігін аграрлық сала құрайды. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары аясында 2022 бас ірі қара, 1221 бас жылқы, 1843 қой сатып алынды. «Ырыс» бағдарламасы және «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының несиелік қаржысы бойынша 2066 бас сауын сиыры бар 14 тауарлы-сүт фермасы құрылды.
Өңірде күн тәртібінде тұрған түйткілді мәселе де көп. Әкім өз сөзінде халықтың әлеуметтік жағдайын барынша жақсартуға күш салып жатқанын айтып өтті. Елді мекендерде 119 шақырым су құбыры өткізіліп, 8 мыңнан астам адам сапалы сумен қамтамасыз етілді. Өңірді көркейтудің тағы бір жолы – туризмді дамыту. Осы орайда, өткен жылы 14 жаңа туристік инфрақұрылым нысаны құрылып, 111 жаңа жұмыс орны ашылды. Абаттандыру жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп, газ тарату қондырғылары мен лифтілерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасатын болады. Өткен жылы атқарылған ауқымды істерге жан-жақты тоқталған өңір басшысы алда тұрған міндеттерді саралады. Мемлекеттің пәрменді қолдауы арқасында ауылшаруашылығын әртараптандыру, тұрғын үй құрылысын дамыту, индустриялық-инновациялық жобаларды жоспарлы түрде іске қосу жүзеге асырылуда. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары бойынша алда атқарылатын жұмыс қомақты. Экономиканы әртараптандыру мақсатында жаңа жұмыс орындарын көбейту, өңдеуші салада ет, сүт, ұн өндірісін арттыру көзделіп отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мектепке дейінгі білім беру мекемелерін көбейтуге жете көңіл бөлінуде. Сонымен бірге шағын және орта бизнесті дамыту да негізгі басымдықтардың біріне кіреді. Өңірге инвестиция тарту, аймақтық инфрақұрылымды жетілдіру жоспардан тыс қалмақ емес. Есепті кездесуінің соңында облыс әкімі С.Кулагин аудан және қала тұрғындарын толғандырған сауалдарына жауап берді. Онда негізінен мемлекеттік тіл мәселесі, елді мекендерді дамыту, ауыз сумен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, жер мәселесі, инвесторлар тарту, жол жөндеу, тұрғын үй, мүгедек балаларды оқыту мәселелеріне қатысты сұрақтар түсті. Өмірлік маңызы бар мәселелерді тез әрі жылдам шешуге әрекет жасап, мемлекеттік және облыстық бағдарламаларды дер кезінде іске асырғаны үшін көпшілік облыс әкіміне жылы лебіздері мен ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. Өңір басшысы түскен сұрақтардың мазмұнына орай сала басшыларына тапсырма бере отырып, барлығына жан-жақты, әрі түсінікті жауап беруге тырысты.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс