Ақмола – әлеуеті зор аймақ

Көкшетауға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір активімен Ақмола облысын дамыту жөнінде кеңес өткізіп, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, облыс орталығындағы бірнеше өндіріс нысандарының тыныс-тіршілігімен танысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте бірқатар мәселелерді көтерді. «Арқаның айрықша сұлу аймағы – бүкіл еліміздің мерейі әрі мақтанышы. Бұл – тарихы терең, табиғаты ғажайып киелі өлке. Тұғыры биік тұлғалар шыққан қастерлі өңір. Елорданы айнала қоршап жатқан Ақмоланың стратегиялық маңызы жоғары. Осы жердің тұрғындары ел экономикасын өркендетуге елеулі үлес қосып келеді», – деп атап өтті жиында Мемлекет басшысы. Президент облыстың бүгінгі тыныс-тіршілігімен қатар, даму келешегі – еліміз үшін өте маңызды міндеттер қатарында екенін тілге тиек етті. «Экономикалық өсімді және тың өзгерістерді еліміздің әрбір тұрғыны сезінуі қажет. Біз халықтың әл-ауқатын арттыруды әрдайым басты назарда ұстауымыз керек. Бұл ең алдымен, жергілікті халық тұрғын-үй, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым сияқты игіліктерді көруі тиіс деген сөз. Сол себепті барлық деңгейдегі әкімдер жұмысты жаңа талапқа сай, тиімді ұйымдастыруы қажет», – деді.
Бұдан әрі облыс әкімі Ермек Маржықпаев аймақтың 2019 жылдың он айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы есеп берді. Облыс орталығын абаттандыру, жолдардың жайын жақсарту, тұрғын үй құрылысын жеделдетуге жете мән беріліп отыр. «Облыс экономикасының көрсеткіші 103,2 пайыз болды. Өнеркәсіп саласында 103 пайыз, ауыл шаруашылығы саласында 100 пайыздан астам, құрылыс саласында 125 пайыз өсімге қол жеткізілді», – деді облыс әкімі. Аймақ басшысы келтірген мәліметтерге қарағанда, облыста негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де өсіп отыр. Жыл басынан бері облыс экономикасына 267 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға жоғары. Оның ішінде жеке инвес-тиция үлесі 80 пайызға дейін артып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелері мен облыс активінің алдында сөйлеген сөзінде жаңа Мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарламаны сапалы жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударып, алдыңғы бағдарламаларда кеткен кемшіліктерді ескеру керектігін тапсырды. Президент Ақмола облысының дамуы туралы айта келіп, өңірдің ауыл шаруашылығы, индустриялық-инновациялық саясат, машина жасау, түрлі-түсті металлургия, құрылыс және құс шаруашылығы салаларында оң өзгерістер бар екеніне тоқталып, еңбек өнімділігін арттыру, оның ішінде ауыл шаруашылығы – өңір экономикасын өркендетудің басты факторы екенін жеткізді: – Соңғы үш жылда Ақмола облысында суармалы жерлердің көлемі 7,5 есеге артып, 24 мың гектардан асты. Бұл – өнімділікті арттыруға тікелей әсер ететін жақсы көрсеткіш. Осындай жұмысты жалғастыра беру қажет. Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне аграрлық өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін ұлғайту үшін жетекші отандық әзірлемелер енгізе отырып, нақты шаралар қабылдауды тапсырды: «Ауыл шаруашылығы жаңа технологияларды қолдану, автоматтандыру және цифрландыру арқылы дамуда тың серпін алуы тиіс. Егіс алқаптарын ұлғайту үшін ылғал және ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу жөніндегі жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажет». Мемлекет басшысы егістік алқаптарын игерумен айналыспайтын латифундистерден жерді қайтарып алу жөніндегі тапсырмасына тоқталды. «Менің тапсырмам өте баяу орындалып жатыр. Бұдан тапсырманың орындалуын әдейі созып отыр деген ой туады. Мұндай жағдайда қолданатын шаралар симметриялы болады. Ықылассыз орындаушыларға оңай тимейді», – деп ескертті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өңірдің табиғи демалыс орындары мен мәдени мұра нысандары жайында айтқан Президент туристік әлеуеттің әлі де толық пайдаланылмай жатқанына тоқталып, туризм саласы аймақтың жалпы өнімінің 0,5 пайызын ғана құрап отырғанын баса айтып, туризмді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша 2025 жылы елімізде аталған көрсеткішті 8 пайызға жеткізу тапсырылғанын атап өтті. «Үкіметке облыс әкімдігімен бірлесіп, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарының үшінші кезеңі шеңберінде қолға алынған инфрақұрылымдық жобаларды аяқтауды тапсырамын. Қазақстанның Туризм картасында Зеренді демалыс аймағы да бар. Аталған аймақты экологиялық және балалар туризм саласына бейімдеуге болады», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы жол бойы сервисінің сапасы мен қызмет көрсету деңгейінің төмендігін сынға алып, оны тиімді дамытудың жолдарын қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, Абылайдың ордасы болған киелі мекенге әйгілі ханның монументін салу жөніндегі бастамаға қолдау білдірді. – Жақында маған Абылай ханға арналған монумент құрылысының жоспары таныстырылды. Жоба халықтың қаражатымен салынады. Монумент ішінде музей, дәмхана, көру алаңы және жеделсаты жұмыс істейді. Жоба қолдауға тұрарлық. Аймақтың туристік әлеуеті зор. Бірақ мұндағы демалыс орындарынан жыл он екі ай адам аяғы арылмайды деу қиын. Басты мәселе – қарапайым сервис талапқа сай емес. Бұл Ақмола ғана емес, өзге де өңірлерге тән құбылыс», – деді Мемлекет басшысы.
Президент бағаның көтерілуіне жол бермеуді, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарларды қымбаттатпауды ескертті. «Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы қымбаттап, инфляцияның алдына түсіп кетті. Кей жағдайларда екі есеге дейін жеткен. Инфляцияның жалпы деңгейі 5,3 пайыз, ал баға 9 пайыздан асып кетті», – деді. Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың соңғы екі жылдағы тұрғын үй құрылысының қарқынына оң баға беріп, жергілікті жолдар мен көше-жол жүйесінің 880 шақырымы жақсарғанын айтты. Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту жөніндегі міндеттерге тоқталып, Үкіметке халықаралық қаржы институттарынан несие тарта отырып, Көкшетауда жылу электр орталығының құрылысына жедел кірісуді тапсырды: – Бұл шамамен 200 миллион долларды құрайды. Көп қаржы емес. Қарастырып, ұсыныс беріңіздер. Біз Көкшетау қаласында міндетті түрде ЖЭО салуымыз керек.
Сондай-ақ, аймақты дамытуда кешенді басқару тәсіліне көшу қажеттігін атап өтіп, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыру басты мақсат екенін жеткізді. «Ол үшін Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысы әкімдіктерінің арасындағы жұмыстардың өзара үйлесімділігін жандандыру керек», – деді Мемлекет басшысы. Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне 2020 жылы Көкшетау қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық Форумын өткізуге толық дайын болу үшін бірқатар тапсырма берді.
Сапар барысында Мемлекет басшысы Ақмола облысындағы «Бижан» ет өңдеу зауытының өндіріс ғимаратын аралап көрді. Зауытта шұжықтың 15 түрі, ет консервілері мен жартылай фабрикаттар және тағы да басқа өнім түрлері өндіріледі. Кәсіпорын 115-тен астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Президент полипропилен бұйымдарын өндіретін «Новопэк» ЖШС-нің технологиялық процесімен танысты. Өндірілетін өнім әлемдік стандарттарға сай келеді және Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан елдеріне экспортталады. Зауытта 940-тан астам адам жұмыс істейді. Компанияның бас директоры Рүстем Османов Президентке кәсіпорын қызметкерлеріне арналған 600 орындық жатақхананың құрылысы және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынатын балабақша жайында баяндады. Мемлекет басшысы Көкшетаудағы әйелдер кәсіпкерлігімен де танысты. Былтыр ғана ашылған «Ақай» сән үйіне барып, электронды тігін машинасын сыйға тартты.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий