Ақпанның ақ қар ажары! Алайда…

Биылғы қыс қарлы. Болғаны жақсы. Ақ қар ақпанның ажары емес пе? Жылдың әр маусымының өз «мінезіне» сай болғанына не жетсін? Қыс айлары қарсыз болса, қара суық сүйектен өтіп, жалаңаш қалған жер жарылып, шөп тамыры үзіліп, алдағы жұттан хабар беріп, берекені алары белгілі. Сондықтан, биылғы ақпанның ала бораннан көз ашырмауы, қардың қалың түсуін тек жақсылыққа жорығанымыз жөн. Демек, көктемде ылғал көп болып, жер түлеп, егін бітік өспек.

Алайда… таң атар-атпастан балаларын балабақша мен мектепке жетелеп, жұмысқа асыққан қалалықтар үшін көп қар әкелер қиындықтар да жетерлік. Ол қиындықтар көше тазалаушы мекемелер жұмысшылары мен техникалары белсенділік танытпаған жағдайда. Олар өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқарған жағдайда қар қанша көп жауса да қалада қолайсыздық туындамайды. Міне, қыс басталғалы біз соның куәсіміз. Қыстың алғашқы айы желтоқсанның өзінде екі айдың мөлшеріндегі қар түсіпті. Солай басталған қардың әлі толас табар түрі жоқ. Осынша қарды «Көкше Жәрдем» мен «ДЭУ» мекемелері тазалап, шығарып үлгеріп жатыр. Мысалы, бір «Көкше Жәрдемнің» 55 адамнан тұратын екі бригадасы, жеті «ЗИЛ» көлігі, төрт «МТЗ» тракторы, төрт автогрейдері, он тоғыз самосвалы, барлығы қырыққа жуық қар тазалауға қатысатын көлігі бар екен. Мәлімет-дерек өз алдына қолдарынан күрек-сүймендері түспейтін сары киімді жұмысшыларды, тау-тау қып тиеген қарды тасып бара жатқан машиналар, қар күреген, тиеген тракторларды көшеде күнде көреміз. Бір тыным жоқ. Қарбалас жұмыс үстінде олар. Тынбай атқарылған іс, әрине, нәтиже береді. Қалада жаяу жүргінші жолдары да, көлік жолдары да, көше бойындағы көлік қояр орындар да таза. Аяз сынған жылымық күндері тайғанақ болса, құм шашылып, қауіпсіздік шаралары қолға алынады. Олай болмаған күнде көлік кептелісі орын алып, құлап жарақат алу көбейіп, жұрт әбігерге түсер еді. Ауаның ең таза болатын уақыты жерде қар жатып, көктен қар жауып тұрған уақыт деседі. Оған сенбеуге болмайды. Жақұттай жарқыраған қарды сықырлата басып, шыңылтыр ауаны кеуде толтыра жұтып жаяу жүрсең, жаның рахаттанады. «Жылқышы», «Ақ құрық» деген амалдарын өткізіп, ақпан да өтер, «Ақпанда қыс пен көктем белдеседі» деген бар емес пе? Осынша мол түсіп жатқан қарды уақытымен тазалап, қала тұрғындарына қолайлылық туғызып отырған мекемелерге алғыстан басқа не айтарсың? Жылу жеткілікті, жол таза. Ақ қар мен алай-дүлей боран тек қыс қызығы сияқты боп өтіп жатыр. Бұл – жоғарыда айтқанымыздай тынымсыз еңбектің жемісі. Еңбектеріңіз жансын!..

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс