«Ақсай нан Көкшетау» 15 жылдығын атап өтті

Нан зауыты еліміздің нан өндіру саласында 2004 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда кәсіпорын 130-ға жуық нан-тоқаш өнімдерін шығарады.
Зауыт қызметкерлерін мерейтойларымен құттықтаған Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов озық еңбеккерлерге Алғыс хаттарды табыс етіп, шағын және орта бизнес қанатын жайған са-йын елдің еңсесі көтерілетінін, кәсіпорынның алда да бәсекелестерді тек сапамен ғана ығыстырып, өндірісті одан әрі өркендете береріне сенім білдірді.
Цехта бедерлі батондар, пірәндік пен печенье, ойық тоқаштар, басытқы қытырлақтарға қоса, диеталық және емдік-профилактикалық сипаттағы өнімдер шығарылады. Күнделікті халыққа 130-ға жуық алуан түрлі жаңа піскен нан өнімдерін ыстықтай ұсынатын кәсіпорын іргесінде фирмалық арнайы дүкені де ашылған. Кәсіпорын өндірісте осы заманғы технологияны қолдана отырып, елеулі жетістіктерге қол жеткізіп келеді. «Нан зауыты тұтынушыларын сапалы әрі дәмді нан өнімдерімен қамтамасыз етуде. Маман-дардың жоғары біліктілігі, сапалы шикізатты қолдану, қазіргі заманғы қондырғыны, классикалық және жаңа технологияны пайдалану кәсіпорынға тұрақты сұранысқа ие сапалы өнім шығаруға мүмкіндік беруде. Осының арқасында ауызбірлігі жарасқан ұжым жоғары нәтижеге қол жеткізіп келеді. Халықаралық, республикалық және облыстық конкурстарда бірнеше мәрте жүлделі орыннан көрініп, медальдармен және дипломдармен марапатталдық. Өнімге сұраныс көбейіп, сату көлемі өсті. Кәсіпорынның беделі артып, жаңа жоспарлар жүзеге асуда», – дейді кәсіпорын директоры Сәуле Қуантайқызы.
Бұл күні нан зауытының еңбек ардагерлері, озық қызметкерлер Құрмет грамоталар, медальдармен марапатталды. Ұзақ жылдар бойы кәсіпорында еңбек етіп келе жатқан озық қызметкер, еңбек ардагері Жаңыл Садырбайқызы «Еңбек үздігі» құрметті атағына ие болды. Мереке күні шаттыққа бөленген ол ішкі тебіренісін былайша жеткізді: «Түрлі марапаттар наубайханашылардың еңбегіне берілген жоғары баға, әрі үлкен жауапкершілік. Нан зауытына қызметке тұрған сәттен басшымыз Сәуле Қуантайқызының тарапынан көп қолдау көрдік. Мұнда қарапайым еңбек адамдары үшін барынша жағдай жасалған. Қандай жұмыста да оңай олжа жоқ, майлы шелпек еңбексіз бұйырмайды. Дегенмен, наубайханадан тапқан нәпақа – адал еңбекпен ғана ауызға түсетін жеміс. Енді немерелерім адал еңбекпен піскен нанның дәмі қандай болатынын ұғып өссе екен деймін», – дейді Жаңыл Садырбайқызы.
Кәсіпорында наубайшылар-дың еңбек етуі үшін демалыс бөлмесі, медициналық пункт, асхана мен дүкен тәрізді өзге де қажетті жағдай жасалған. Ұжымның кәсіподақ комитеті еңбек ардагерлеріне, кәсіпорын еңбеккерлеріне, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылары мен мектеп оқушыларына материалдық көмек көрсетеді.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий