Ақылбайда «ауыл» бар жан сергітер

Бурабайдың бөктеріндегі Кіші Шабақты көлінің жағасында дем алып жатқандардың саны биыл
артты. Күннің ыстығы да сеп болды ма деймін, біздің өңірдің суына шомылуға асыққандар
қарасы көп. Аптап ыстықтан қашып, көл жағалаған жандар бұрынғыдай емес Ақылбай ауылына да жиі қатынайтын болыпты.

Кіші Шабақты көлі өзге көлдердегідей терең емес, құмы мап-майда, табанға батпайды. Ортасына дейін біраз жүріп барсаң да біресе жылы, біресе салқын болып алмасып жататын су беліңнен келеді. Балалар үшін де қауіпті емес. Сол жағынан тиімді болып тұр. Күннің ыстығында көл жағалап, Кіші Шабақтының жағасында тыныстауға барған едік. Көкшеліктерді қойып, Астана қаласынан келген сансыз көлікті көзіміз шалды. Дем алып жатып, мұнартып тұрған көгілдір тауларға, айдын шалқар көлдің самалына бетімізді тосып, айналаға бажайлай қарасақ, Ақылбай ауылының маңында, төбе басында ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп тұрғанын көріп таң қалдық. Қас қарайып қалған шақ еді. Жақындап барсақ, киіз үйлермен бірге дем алушыларға арнап салынған шағын ағаш үйлер де бар екен. Әр киіз үйдің алдында дастарханын жайып, таза ауада тамақтанып отырған жандарға қызыға да, қызғана да қарадық, көңілді көтеретін әсем әуен шалқиды. Ақылбайда пайда болған жан сергітер мына ауылдың иесі кім екен деп сұрастыра келе, Қалиакбар Үсемханұлы мен Ықылас Оразбайұлы деген азаматтар екенін білдік.
Ақылбай ауылы маңында пайда болған демалыс аймағын Қалиакбар Үсемханұлы өзінің досы Ықылас Оразбайұлымен бірге ашыпты. Қытайда да екеуі мәдениет саласы бойынша, салт-дәстүр бағытында көп жұмыстар істеген екен. Арнаулы фильмдер түсіруді кәсіп еткен. Журналист болып жүріп туризм саласының қыр-сырын жақсы меңгерген, көп зерттеген, елге келгеннен кейін, осы тақырыпқа көп мақалалар жазған. Туризмнің дамымай жатқанына не себеп деген сауалға да жауап іздеген. Бастапқыда досы екеуі Ақылбайда дем алатын үй салып, көрші отырайық деп жер алған екен. Ақылдаса келе, осы жерде демалыс орнын салайық деп шешіпті. Осы жұмысты 2020 жылдың тамыз айында бастаған. Кәдімгі ағаш мәнерлейтін цех ашып, жергілікті тұрғындарды жұмысқа алып, ағаш үйге қажетті тақтайларын дайындаған. 2021 жылы мамырда демалыс орнының жұмысын бастаған. Екі жарым айда 7-8 ағаш үй тұрғызып, 7 киіз үй тіккен. Сөйтіп, кәсібін дөңгелете бастаған. Алғашқы табыстары жаман емес. Осы аз ғана уақыттың ішінде мыңнан астам адамға қызмет көрсетіп үлгерген. Келген қонақтары дән риза. Ағаш үйлердің ішіне дәретхана, душ орнатуы, жылы судың болуы, қолайлылық пен жайлылық сыйлауы да көңілден шығып жатыр екен. Бір отбасы жатып, дем алатындай кереуеттер, таза төсек те дайын тұр. Тамақ дайындап ішемін десе, отын, суы, газы, ошағы, ас сақтайтын тоңазытқышы да бар. Көптеген туристер дайын тамақ бар ма деп сұрайды екен. «Болашақта асхана ашу да жоспарымызда бар. Өйткені, алыстан келген туристер бар тамағын арқалап келе алмайды ғой. Сіз дем алуға келдіңіз бе, дем алып кетуіңіз керек. Қытайда клиент деген патша, оған жағдай жасауың керек, тазалықтан бастап, барлық қажеттісі болуы керек деп санайды. Бурабайда қазақтың киіз үйлері тігіліп тұруы керек, болашақта осы жерде халқымыздың тұрмысының иісі аңқыған этноауыл ашсақ па деген ойымыз да бар» дейді Қалиакбар. Мысалы, жылқыны алғаш қолға үйреткен қазақтың арғы ата-бабалары екені дәлелденді. Бірақ Қазақстанға келген туристердің кез келген уақытта қымызды ішіп, биені өзі сауып көріп, қымыз ашытып немесе атқа мініп кетуіне мүмкіндік жасалмаған. Алдағы уақытта осыны жүзеге асырсақ дейміз. Демалуға келген адамға қымыз былай дайындалады, бие былай сауылады, желі былай тартылады, құлын былай ноқталанады, ат былай ерттеледі, мынау ер тоқым, мынау жүген, мынау ноқта, мынау құйысқан, мынау өмілдірік, мынау ат көрпе, мынау үзеңгі деп айтып түсіндіріп тұрсақ кәне? Сонымен қатар, қазақтың ұлттық ойындарын көрсетуді де жоспарлап жүр екен. Туристер көптеп келген кезде көл жағасында қыз қуып, көкпар тартып, теңге ілдіріп, ат үстінде аударыспақ ойнатсақ дейді. Яғни, жылқы мәдениетін насихаттауға бар күшін салмақ. Кештерде алау жағып, соның жанында билеу мың жылдардан бері келе жатқан мәдениет, бүкіл адамзатқа ортақ дәстүр деуге де болады. Сондықтан кәсіп иелері мұны олқылық деп санамайды. Отты айнала жүру біздің дәстүрге жат дейтіндерге де дәлелі бар. Қазақстандық туристер көлге шомылғанды, тауға
шыққанды ұнатады. Бұл жерде көл де, тау да, табиғат та бар, сол мүмкіндікті пайдаланғымыз келеді дейді кәсіпкер азамат. Егер біз шетелдегідей туризмді дамыта алсақ, әрине, Қазақстанда дем алуға болады. Бізде бәрі бар. Талпынған адамға мүмкіндік көп, соны пайдалануымыз керек деген сөзіне иланбасқа болмас. Елге келген індет те кедергі болып жатыр. Биыл тек дайындық шаралары жасалды. Енді әрі қарай осы кәсібімізді дамыта береміз дейді. Қалиакбардың жұбайы Жанар бала тәрбиесімен қатар, туристік жұмыстарға да көмектесіп жүр екен. Дәмі тіл үйіретін тағамдар дайындаудың шебері, сәндік бағытқа да бейімі бар.
Қалиакбардан ата-бабаларыңыз Қытайға қашан, қандай жағдайда барған деп едім:
– Қытайда қазір 2 миллионға жуық қазақ бар. Сол жақта туып-өстім. Ата-бабам қуғын-сүргін жылдары Қазақстаннан қоныс аударған жоқ. Олар сол жақтың жергілікті қазағы. Мен өзім «Астана ақшамы» газетінде шолушы болып қызмет етемін, осы мәселеге орай «Қазақтың қонысы шекарамен шектелмеген» деген мақала жазып едім. Басым көпшілік шетелдегі қазақтың бәрі, Қытай, Моңғолия, Өзбекстандағы қазақтар қуғын-сүргін кезінде немесе Кеңес Одағы кезінде қызыл өкіметтің тепкісінен қашып өткен қазақтың тұқымы деп ойлайды. Олай емес. Әрине, ашаршылық жылдарында Қытай жеріне біраз қазақтың өткені рас. Бірақ ол менің мөлшерлеуімше Қытайдағы қазақтың 10-20 пайызына да жетпеуі мүмкін. Ал, ол жерде тұрып жатқан қазақтар қазақтың бұрынғы ата-қонысында тұрып жатқан қазақтар. Яғни, Іле қазақ автономиялы облысының Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтары бұрын қазақтың жері болатын. Абылай хан тұсында қазақтың жері Үліңгір көлінің жағасына дейін баратын. Ал, қазіргі шекараға келсек, бұл 1862, 1881 жылғы Шарроция мен Қытай шекара айырған кезде Жоңғар ойпатына дейін көсіліп жатқан қазақтың жерін мекендеп, көшіп-қонып жүрген қазақтар екіге бөлініп қалды. Былайша айтқанда, біз шекара бөліп тастаған қазақтармыз. Осыны анықтап жазатын кез келді. Моңғолиядағы қазақтар да өзінің ата-қонысында тұрып жатыр. Ол жерлер де қазақтың байырғы мекені. Яғни, қазақтың территория-
сы, қазақтың мекені қазіргі территориясымен өлшенбейді. Бұрын біздің ата-бабаларымыздың қоныстанған мекені әлдеқайда кең болатын деп жауап берді.
– Ата-бабаларымыздың туған жері Алтай өңірі болды, кейін Дүңген облысына қарайтын Боғда бетінде тұрдық деп әңгімесін жалғады менің бүгінгі кейіпкерім. – Ұлы ата, ұлы шешелерім Алтайдың қазақтары болған. Менің әке-шешем сол Боғда бетінде дүниеге келген. Көшпенді қазақтың бәрі мал шаруашылығымен айналысты ғой. Мен де малшының баласымын. Ол жақта біз мал өсірдік, бұғы шаруашылығымен де айналыстық. Кәдімгідей бұғыны қолға үйретіп, мүйізін қытайлар жасайтын дәріге сатып, кәсіппен айналыстық. Әкемнің аты Үсемхан. Бір отбасында төрт баламыз. Өзімнен үлкен ағам бар Қадияр, одан кейін мен, інім – Шаризада, қарындасым – Бизиға. Отбасында таза қазақи тәрбие алдық. 14-15 жасқа келгенше тек қазақ тілінде сөйледік. Өсе келе ұйғыр, қытай тілін үйрендік. Ағылшын тілін өзіме қажетті деңгейде қолдана аламын. Орыс тілін мүлдем білмеймін. Әке-шешеміз 2005-ші жылы Қазақстанға қоныс аударды. Қазір Шортанды ауданы, Жолымбет ауылында тұрады. Бауырларым да сол жерге қоныстанған. Қазір де әке-шешем мал ұстайды. Ауқаттары жақсы. Қазақ еліне табан тірегендеріне разы. Біздің шетелде де тұрмысымыз жақсы болды. Бірақ мың жерден тұрмысың жақсы болсын, мың жерден езуіңнен май ағып отырса да, «Кісі елінде ұлтан болғанша, өз еліңде сұлтан бол» дейді ғой қазақ, өз еліңе жетпейді. Тәуелсіз ел болғанына шүкіршілік етем. Көше сыпырып жүрсең де өз еліңде бақытты сезімге кенелесің.
Өзім 2018 жылы сәуір айында Қазақстанға көшіп келдім. Шыңжаң университетін әлеуметтану мамандығы бойынша бітірдім. 2004 жылдан 2018 жылға дейін Қытай қазақтары баспасөзінің қара шаңырағы болған, 1934-ші жылдан бастап шығатын «Шыңжаң» газетінде жұмыс істедім. Жазушы Қабдеш Жұмаділов Қазақстанға қоныс аударудан бұрын сонда қызмет істеген. Ол басылым қытай, ұйғыр, қазақ, моңғол тілдерінде жарық көреді. Қазақ тіліндегі таралымының өзі 16 мыңнан асады.
Қалиакбар 2019 жылдан бері «Астана ақшамы» газетіне шолушы болып орналасып, бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп жатыр. Қалиакбар «Қазақстанға біреуге салмақ салайық, масыл болайық деп келген жоқпыз» дейді. «Біреу болса да қазақтың санын көбейтейік, жаңадан шаңырақ көтерген елімізге уық болып шаншылайық, өз үлесімізді қосайық деп келдік. Бірауыз сөзбен айтқанда, Қазақстанға қазақ болып туғаннан кейін қазақ болып өлу үшін келдік» деген сөздері кім-кімге де ой салғандай. Шетелде тұратын қазақтардың болашағы күңгірт. Себебі, олар жыл жылжыған сайын ана тілінен алыстай бастайды. Мысалы, Қытайдағы қазақтардың жағдайы 2015 жылға дейін жақсы болды. Өз тілінде 18 сағат бойы үзіліссіз хабар тарататын, 2 радиосы бар еді. Өлкелік 2 теле арнамыз, 10 шақты газетіміз, 40-қа тарта журналымыз, қазақ тілінде ақпарат тарататын біраз сайтымыз болды. Алайда, 2015 жылдан кейін саясат өзгерді. Жағдай қиындады. Қазақ мектептері жабылды. Қазақ балалары негізінен қытай тілінде оқиды. Демек, қытайландыру саясаты қатты жүріп жатыр. Біз қанша жерден қазақи тәрбие береміз десек те, кейін ұрпағымыздың тілін қазақша шығара алмайтын деңгейге кетіп бара жатқандықтан, көштің басын елге бұрдық.
Қалиакбар әріптесіміздің «Қазақ болып қалу үшін Қазақстанға келдік» деген сөздері адамға рух береді, жігерлендіреді. Алғаш рет келгенде қазақтың қазақпен орысша сөйлесіп тұрғанын көргенде таңғалыпты. Себебі, Қытайда қазақ пен қазақ қытайша ешқашан сөйлескен емес, егер қателесіп сөйлеп кетсе, бірден «мен қазақпын!» деп бетін қайтарып тастайтын. Сол кезде байқамай қалғанын айтып, кешірім сұрайтын болған. Ол жақта қазақтың қазақпен қытайша сөйлесуі намысты оятса, бұл жақта қазақтың қазақпен орысша сөйлесуі мәдениет саналатыны да шымбайға батады дейді. Бұл – Қазақстанды жамандау, қазақтарды жазғыру емес. Бұл жақта қазақтар Кеңес Одағының тепкісін жетпіс жыл көрсе, біз де жетпіс жыл Қытайдың қол астында болдық. Бірақ ана тілімізді жоғалтқан жоқпыз. Әрине, Қазақстан қазақтарының көрген тауқыметі оңай болған жоқ. Оны мен түсінемін. Бірақ біз егеменді ел болғалы 30 жыл болды. 30 жылда туған бала қазақша сарнап шығатын дәрежеге келді. Әлі күнге дейін тілдің тағдырын шеше алмай келеміз. Бірақ түбінде қазақ тілінің салтанат құратынына сенемін. Мен орысша сөйлеген адамға қазақша жауап беремін, кейде ана тілін білмегенін бетіне айтып саламын. Шетелден келген қазақтардың басты байлығы – қазақ тілі деп түсінемін деген сөздері қатты ой салды. Қалиакбар Үсемханұлына табыс тілеп, біз де жолға шықтық.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий